Талғар ауданының әкімдігі және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесіндегі әкелер орны» атты тақырыпта әкелер форумы өтті. Шараның мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және әкелер институтын қалыптастыру.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен ауқымды шара хордың орындауындағы «Әкеге арнау» әнімен басталды. Жиында алғаш сөз алған аудан әкімі Таңат Айдарбеков форумның басты қатысушылары – ауданның түкпір-түкпірінен келген әкелерді, балалар мен қонақтарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгінгі шара жақсы бастаманың басы деп білем. Шынында біз, әкелер, балаларымызға қандай тәрбие беріп жатырмыз, бұл – ойландыратын мәселе. Қай ата-ана да балам жақсы болсын дейді. Ал бала әкеге қарап өседі, бізден үлгі алады. Мен өзім де міне 25 жылдай мемлекеттік қызметте жүрмін, таңда кетіп, түнде келеміз, сонда да демалыс күндері ретін тауып балаларға көңіл бөлгенді, олармен бірге болғанды ұнатамын. Бала тәрбиесі дегеніміз бірінші кезекте өзіміздің үлгі-өнегеміз, қалай сөйлеп, қалай жүріп тұрғанымыз. Кез келген бала әкемдей болып өссем екен деп армандайды, бізге қарап бой түзейді. Бүгінгі шара жақсы, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылудың нышаны деп түсініп отырмын. Сондықтан осы ой бөлісуді ұйымдастырған білім бөліміне алғыс айтқым келеді, – деді аудан басшысы.
Одан соң аудан прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтан «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық» тақырыбында баяндама жасап, көңілге қаяу түсіретін біраз мәлімет келтірді. Оның айтуынша, ауданда 61 мың жасөспірім тұрады, олардың 52 мыңы мектеп оқушылары. Өткен жылы кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған құқықбұзушылықтар саны 7-ден 15-ке, ал қылмыс 51-ге дейін өскен. 6 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, ата-аналардың құқықбұзушылығы және балалардың құқын қорғау бойынша 57 материал тексеруге жіберілген. Құқықбұзушылықтар бойынша 24 кәмелетке толмаған бала полицияда тіркеуге қойылып, 2786 әкімшілік хаттама толтырылған. Жалпы 10 мың тұрғынға шаққандағы құқықбұзушылық деңгейі 70 жағдайды құраған, бұл облыс бойынша 3-ші көрсеткіш екен.
Әрине, прокурор тек ұнамсыз деректерді келтіріп қана қоймай, сонымен бірге аудан әкімдігімен бірге «Алдын алу 365: құқықбұзушылыққа жаппай қарсы тұру» шарасын, қиын балалармен кездесіп, әртүрлі тәрбиелік әңгімелер, басқа да шаралар өткізіліп жатқандығын, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі жайлы ойларын да ортаға салды.
Ал бала тәрбиесіндегі әкенің орны мен рөлі жайлы Алматы облысының бас биі, Талғар ауданының құрметті азаматы Кәмнұр Тәлімұлы сөз қозғады. Ақын, ұлағатты ұстаз, білім беру ісінің үздік қызметкері жиынға 6 жасар немересін де ерте келіпті.
Бұл шараның басты мақсаты – әкелердің беделін биіктетіп, отбасындағы орны мен қоғамдағы рөлін айқындауда ашық әңгіме өрбітіп, ұлттық құндылықтарымыз бен ұрпақ тәрбиесі туралы ойларымызды ортаға салу екенін атап айтқан ол: Әке деген сөз – батырлық пен батылдықтың, елі менен жеріне жақындықтың, отбасы мен Отанын қорғай алатын ерен еңбек пен ерліктің, бостандық пен теңдіктің символына айналған теңдесі жоқ тегеурінді тұлға, – деген түйінді ойын жеткізді.
– Сондықтан да ежелден ел ұғымында қалыптасқан «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген қанатты сөзімізді қанша рет қайталасақ та құнары қашып, құны кемімейді. Жаңашалап, жаңғыртып ақын тілімен айтар болсақ:
Әке деген үш әріптен тұрады,
Ашылмаған құпия сөз бұл әлі.
Әке – асқар тау болғанда, ана – бауырында,
Сарқылмайтын мөлдір кәусәр бұлағы.
Ал, баласы – сол бұлақтың жайқалып,
Жағасында желкілдеген құрағы.
Ата-анасы риза болған ұл-қыздың,
Жәннәт болар мәңгі бақи тұрағы – деп,
айшықты өлеңмен өрнектеді.
Әрі қарай: «Шіркін әкенің ақылына, бабаның нақылына жететін өнеге бар ма өмірде?! Ат құнына бергісіз ақыл болады. Нар құнына бергісіз нақыл болады. Әкенің ақыл-өсиетін, көңілге түйіп жүрген мақұл болады. Ата-баба рухын ұлықтаған әкеге қасиет қонады. Қасиет қонған әкеде ғана ұрпағына айтар өсиет болады. Қасиет – даладан. Өсиет – данадан. Өнеге – ағадан. Иба, әдеп – анадан. Сыйластық – санадан. Бар бақыт – баладан. Осыны түсінген – ол нағыз нар адам. Ақ тілеу – атадан. Өседі ел – батадан. Атадан бата алған, Қалмайды еш қатардан!» – деп, әке мен ананың, дала мен дананың, ата мен бабаның ұрпақ тәрбиесі, сол арқылы ұлттық дамудағы орны мен рөлін, мәні мен маңызын барынша айқындап берді. Байыппен түсіне білсек, қазақ халқы үшін, Қазақстан мемлекеті үшін ұлттық идеология саналатын бағыттың адастырмас темірқазығы жатқан жоқ па бұл тұжырымдарда!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ