Толассыз ақпарат тасқынын ұсынған әлеуметтік желінің әлеуетіне табындырған цифрлық революцияның дәуірінде мерзімді баспасөз өнімі арқылы ұлттық мүддені қорғап, жаңалық жеткізудің тиімді құралы болу – бүгінгі медиа нарықтың басты талабы болса керек. Дегенмен, өңірлік мерзімді баспасөз қоғамдық-саяси, әлеуметтік маңызды тақырыптардың алаңы екені айдан анық. Сол себепті қоғамдағы қоламталы мәселерді қозғайтын, әр саладағы сан алуан өзгерісті сараптайтын «Ашық алаң» айдарын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Өңірімізде қысқы туризм әлеуетті де зор. Егер аймақ аясында қысқы туризмнің тамырына қан жүгіретін болса, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тіптен жақсара түсетіні айдан анық. Біз газетіміздің «Ашық алаң» атты жаңа айдарында осы мәселені сараладық. Бұл орайда Қазақ спорт және туризм академиясы туризм және сервис кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Нұркелді Еспенбетов пен облыстық туризм басқармасының талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Әсел Жұмаханова және «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты ақпараттық орталығынын жетекшісі Темірлан Жүсіп өз ойын ортаға салды.
«Алатау арайы»: Еліміз қысқы туризмді дамытуда қандай мүмкіндіктерге ие?
Нұркелді Еспенбетов:
– Туризм, саяхат немесе демалыс десе, Туркия, Мысыр, Тайланд немесе Бірікке Араб Әмірліктері ойымызға оралады. Aл қысқы туризм десе, әрине Альпі тауындағы шаңғы туризмі, Лапландиядағы Санта Клаус үйі немесе Нью-Йорк қаласындағы Рождество мерекесі көз алдымызға келеді. Енді өзімізге оралсақ, «Біздің елде қысқы туризмді дамыту мүмкіншілігі қандай?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік
Қазақстанның туризмді дамытудағы мүмкіндігі өте жоғары. Оған себеп еліміздің территориясының үлкендігі, сонымен қатар географиялық орны тұрғысынан қоңыржай белдеуде орналасқандығы. Ол еліміздің аумағында жылдың барлық мезгілінің болатынын көрсетеді. Ел аумағындағы жер бедерінің әр түрлілігі де туризмнің дамуына игі әсер етеді. Ел аумағының 10 пайызы таулы аумақты құрайды.
Қазақстанда онға жуық тау-шаңғы курорты бар. Оның бесеуі – халықаралық деңгейдегі демалыс аймағы. Оларға Шымбұлақ, Ойқарағай, Табаған, Ақбұлақ және Альпілі Алтай жатады. Осы аталғандардың қай-қайсысы болмасын табиғаты, көрсетілетін қызметі жағынан шет елдік демалыс аймақтарынан кем түспейді. Оған 3000 адамға лайықталған Шымбұлақ базасының бүгінгі күні тәулігіне 15000 демалушыға дейін қабылдап жатқаны дәлел. Тау шаңғысынан басқа елімізде Бурабай, Шарын немесе Көлсай көлдері сияқты мемлекеттік ұлттық саябақтарда экологиялық туризм мен этнотуризм қатар дамып жатқанын айтсақ болады.
Бізге қыс түспейтін Үндістан, Араб елдерінен туристер көптеп келеді. Мәселен, Қазақстан өткен жылы 11 млн-нан аса туристі қабылдаған. Азияда, универсиядада қысқы ойындарын өткізуіміз еліміздегі қысқы туризмді дамытуға өз септігін тигізді. Дегенмен, отандық туризмнің шет елдің осы саласымен бәсекелестікке түсу қабілеті әлі де төмен сияқты. Өйткені қысқы туризмнің дамуын тежеп отырған факторлар да жоқ емес.
Темірлан Жүсіп:
– Шымбұлақ – еліміздегі ең басты тау курорты. Ол былтыр «Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» деп танылды. Әлемдік рекорд орнату үшін курорт халықаралық стандартқа сай жұмыс істеуге тиіс. Оған қоса шаңғы тебетін жол Халықаралық шаңғы федерациясының талабына сәйкес келуі шарт. Тау шаңғы курорты сол сұраныстың бәріне жауап бере алады. 2022 – 2023 жылғы маусымда курортқа 1 млн-нан аса адам келсе, биыл 1,5 млн турист қабылдаймыз деп отырмыз. Қыста демалғанды ұнататындарға мейрамхана мен дәмханадан басқа альпинистік эмоцияларды танытуға мүмкіндік беретін құрылымдар қызмет етеді. Балалар мен шаңғы тебуді енді бастап жүргендерге тұрақты қар жабыны болу үшін «Ақ аю» трассасында қолдан қар жаудыру жүйесі ұйымдастырылған. Сонымен қатар, бірқатар трассаларда жарықтандыру жақсарып, адамдардың түнде шаңғы тебуіне мүкіндік ашылды. Бұл ішкі туризм және сыртқы туризмді дамыту мақсатындағы жасап жатқан қадамдардың бірі. Елімізде өзге де тау курорттары бар. Бір ғана Шымбұлақтың өзі еліміздегі қысқы туризмінің зор әлеуетін көрсетеді.
Әсел Жұмаханова:
– Әрине, Қазақстан – қысқы туризмді өркендетуде зор әлеуетке ие ел. Оның ішінде Алматы облысы туризмді дамытуда ең перспективалы өңірлердің бірі. Аймақта туризмнің бірнеше бағыты қамтылады. Оның ішінде, әрине, қысқы туризм де бар. Облыстың таулы аймақтары Алматы қаласының таулы курорттарымен ұштаса отырып, бірыңғай халықаралық тау шаңғысы бағытының жоғары әлеуетіне ие. Себебі, Алматы тау кластері – тау шаңғысы туризмі мен экотуризм орталығы және туристік ағындардың өсуінің негізгі драйвері саналады. Статистикалық көрсеткіштер бойынша облыстағы орналастыру орындарының 50 пайызы Алматы тау кластері аймақтарында орын тепкен және 267 215 адамға қызмет көрсетілген. Бұл таулы аймақта демалушылардың және кәсіпкерлердің жоғары сұранысын білдіреді. Сондықтан да біз қысқы туризмді дамытудың мүмкіндігі зор деп санаймыз. Десе де, аймақ аумағында бірегей қысқы туризм кешенін қалыптастыру үшін ауқымды жобалар жүзеге асуы керек.
«Алатау арайы»: Қазақстанда қысқы туризмнің дамуына кедергі болатын қандай факторлар бар?
Нұркелді Еспенбетов:
– Ең негізгі фактор – көлік және инфрақұрылым жайы. Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда бұл мәселе шешімін тапқанымен, басқа аймақтарда өзекті болып тұр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы Алтай аймағына қысқы туризм бойынша қатынау өте қиын.
Келесі кезекте ұлттық құндылықтарымызды тек жаз мезгілінде ғана емес, қысқы уақыттарда да ұйымдастыруға мемлекет және кәсіпкерлер тарапынан көңіл бөлінуі керек. Мәселен, өткізіліп жатқан көкпар сияқты ойынымызға театрландырылған қойылымдар қоссақ болады. Мұндай шараларды МҰТП аумақтарында және этноауылдарда ұйымдастырған дұрыс. Мәселен, Қытайдағы мұзды мүсіндер фестивалі туралы айтар болсақ, онда қонақтар үшін мұз қалашығы ашылды. Екі мыңдай мұздан жасалған мүсін күн сәулесімен жарқырап, кешке жарықтандыру шамдары арқылы ертегі әлеміне айналады. Бүгінде көрші мемлекет кейінгі жылдары қысқы туризмді дамытуға кәдімгідей ден қойған. Жыл сайын Швейцариядағы Альпі тауларын тамашалау үшін сол елге мыңдаған турист ағылады. Өйткені онда барушылар 3 мың метр биіктіктіктен көздің жауын алатын Альпі тауларын қызықтап отырып, тәтті тағамнан дәм тата алады. Сондықтан бізге де ұлттық құндылықтарды өзек еткен, қысқы туризмді өркендетуге бағытталған ауқымды бағдарламалар қажет. Мұндай жоба жүзеге асса, еліміздің баға жетпес рухани байлығын насихаттау мүмкіндігіне ие болар едік. Әрі «ел құлағы – елу» демекші, қазақ топырағында өтіп жатқан тағылымды, өнегелі шаралар туралы төрткүл дүние тегіс демесек те, қыруар жұрт құлақтанар еді.
Негізгі мәселердің бірі – қысқы туризм бойынша мамандардың аздығы. Біздегі туризм көп жағдайда жаз мезгіліне бағытталған. Оны мамандарды даярлау арқылы ғана шеше аламыз. Бізге құндылықтармызды терең түсініп, тарихымды зерделей алатын, шет тілдерін жетік білетін кәсіби мамандар аса қажет.
Темірлан Жүсіп:
– Бұл мәселені шешу үшін біріншіден, жасөспірімдер мен балалар арасында «Тау шаңғы курортында қауіпсіз сырғанау» тақырыбында жоба жүргізу керек. Өйткені қысқы туризмді қысқы спорт түрлерінен бөліп қарауға болмайды. Сондықтын қысқы спорт түрлерін, туризммен қатар дамыту шарт деп ойлаймын. Ол үшін арнайы мектеп бағдарламасын жасаса да болады.
Екіншіден, тау шаңғы курорты саласында қызмет көрсету сапасын жоғарылату қажет. Қазір елімізде жарты миллионға жуық адам туризм саласында қызмет етеді. Бұл ресми дерек. Алайда сарапшылардың айтуынша, туризмді тұралатып тұрған сапа мен бағаның сай еместігі. Бұл – өте өзекті мәселе. Сонымен қоса, туризм мәдениетін қалыптастыру шарт. Курортқа көптеген шетелдік келеді. Олардан қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениетін, позитивтілікті, мұқияттылықты үйренуге болады. Шетелдік туристермен жұмыс істеу дағдысын да қалыптастыруымыз керек. Бұл ретте сата білу, аңыз құрастыру, туристік өнім туралы ақпаратты дұрыс ұсына алуымыз қажет.
Әсел Жұмаханова:
– Алматы тау кластерін дамыту жобасын іске асыру ұзақ мерзімді қомақты көлемдегі инвестицияларды талап етеді. Сондықтан, бұл ретте инвесторларды табу жағынан қиындықтар бар. Сонымен қатар, тау кластерін дамыту – инженерлік, геологиялық, экологиялық зерттеулерді талап ететін маңызды мәселенің бірі. Одан бөлек, тау кластері экотуризм орталығы екенін айту қажет. Ал жүргізілетін жұмыстардың арқасында туристер ағынын бірнеше есеге көбейту жоспарланып отыр. Бұл ретте туристер санының артуы қоршаған ортаға зиянын тигізбейтіндей шараларды да ескеру қажет.
Жоба жергілікті билік органдарымен, тұрғындармен және туризм және экология саласындағы сарапшылармен тығыз қарым-қатынасты талап етеді. Дұрыс іске асырылған кластердің өңірді дамытуда маңызды нысанға және тау туризмі мультипликативтік әсерді қамтамасыз ететін салалардың біріне айналу мүмкіндігі бар. Бұл мәселерді шешу үшін облысымызда кешенді бағдарлама әзірленді. Қазіргі таңда уәкілетті органдармен бірлесе Алматы тау кластерін Түргеннен Қаскелеңге дейін дамытудың мастер-жоспары әзірленді. Таулы туристік кластерді дамыту үшін мастер-жоспарды әзірлеу және іске асыру – бұл туристер, инвесторлар және жергілікті тұрғындар үшін өңірдің тартымдылығын едәуір арттыра алатын күрделі, бірақ перспективалы жоба болып саналады. Жоспарға сәйкес тау кластерін дамыту тау курорттарын бірнеше аспалы жолдардың есебінен біріктіру арқылы жүзеге аспақ. Таулы аймақ олардың барлығын аспалы жол жүйесі арқылы байланыстыруға мүмкіндік береді. Аспалы жолдарды қыста шаңғышылардың, жазда жаяу туристердің пайдалануы жоспарланып отыр. Себебі, қолданыстағы курорттарда халықаралық туристердің сұранысын қанағаттандыратын тау шаңғы жолдары жоқ. Ал талдау нәтижелері бойынша жыл сайын өсіп жатқан туристердің сұранысын қолданыстағы курорттардың инфрақұрылымы толық қамтамасыз ете алмайды. Яғни, жоба бойынша таулы аймақтағы демалыс орындарының жүктемесін теңестіру де көзделген.
Түйін сөз
2023 жылы Қазақстан туризм саласы бойынша әлемдік рейтингте 117 елдің ішінде 66 орынға жайғасты. Салыстырмалы түрде 2019 жылы еліміз дәл осы тізімде небәрі 80-орында болған. Бұл дегеніміз, адымды қарыштап баспасақ та, аталған салада алға ілгерілеу бар екенін білдіреді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Еліміздің туризм саласы тұрақты түрде дамып келеді. Өткен жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты. Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.
Ерзат АСЫЛ