Біз оқыған мектеп-интернат Алматыдағы бұрынғы С.Киров пен «8 март» көшелерінің қиылысында орналасқан еді. Бұл интернат кезінде Алматы облысы малшыларының балаларына арнайы салынған. Талай қара домалаққа баспана болған ыстық ұя, өз асханасы, моншасы, жатақханасы бар. Оқудан тыс уақытта түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына оқушылар белсене қатысатын. Сынып оқушылары ұйымдасқан түрде музей, театрларға жиі шығып тұратынбыз және бәріне тегін кіруші едік. Ол кезде қала бойынша бірнеше қазақ мектеп-интернаты болды. №2 интернатта қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетіп оқытылатын. Ал біздің оқу орнымыз – №4 интернат, М.Горький атындағы орталық демалыс саябағына тиіп тұр. Саябақ аумағында «Спартак» стадионы орналасқан. Интернат оқушылары түгел дерлік ауылдан келген, бойына ауыл тәрбиесін, ана сүтімен – ана тілін сіңіріп өскен балалар. Сонымен қатар, қала мектебінің білімін алып, қала өмірінің қалтарыстарынан жол таба білетін, қалалық құрбы-құрдастарымен қоян-қолтық араласа жүріп барынша ысылған, өнер-білімнен де шет қалмаған, көкіректері ояу, көздері ашық жастар деп айтар едім.
Ауылдан келген өңкей қара домалақ болғанымызбен, қала өміріне етене араласып кеткенбіз. Еті тірі ауыл баласының кез-келген ортаға тез үйренісіп кететіні белгілі. Оқитын орнымыз қаладағы санаулы қазақ мектебінің бірі, жатын орнымыз – интернат. 86-ның желтоқсан айы, 10-сыныпта оқитын өзімізше әжептеуір жігітпіз.
Ауылдың тәрбиесін көріп, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен талай марқасқалардың ат жалын тартып мінген азамат болған, қызметі өсіп, атақ пен даңққа ие болып, оң-солын танығанда өз баласымен өзге тілде түсінісетін жағдайға келген кез еді ол заман. Қоғамды дендеген мұндай дерттің жайылуы тек Алматы сияқты алып шаһарда ғана емес, жер-жерде жаппай белең ала бастаған.
Мұндай келеңсіздіктің салдары ауыр болды. Кезінде «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп ойланған ауыл қазағы қаланың ешкім болжай алмаған «тілдік» тұзағына түскендей еді. Ендігі кезекте, қалада тұрақтап қалған қағаз кемірген зиялылардың арасынан «Баламды «Интернатқа» біл деп бердім» деп ұрпағының орыстанып кетуінен сақтанған саналы азаматтар да бой көрсеткен. Себеп – өзге тілде тіл сындырған бүлдіршіннің есейе келе өз тіліне шорқақтық танытып, өгейленуі десек болар. Осындай себеппен біздің интернатқа №12 қалалық қазақ мектебінен Ернұр деген бала мен оның бір жас үлкен әпкесі Гәкку есімді бойшаң, аққұбаша келген өте әдемі бойжеткен ауысып келген. Балаларының ана тілін меңгеруіне көңілі толмаған әке «Орыстанып барасың» деп балаларын біздің мектепке ауыстырудан артық жол таппаса керек.
Сол кездегі тілдік ахуалдың ауыр болғаны соншалық – қала балалары оқитын, сабақ қазақша өтетін қаладағы санаулы мектептің оқушыларының өзі қоңырауға шыға сала орысша сайрайтын, қалыптасқан орта сондай еді. Жергілікті қазақ жасөспірімдері өздері көбіне орысша шүлдірлесе де, айналасына өз көзқарастарымен қарап, өзгелерден өзгешелеу, өз «түсініктерімен» өмір сүретіні байқалушы еді. Мектебімізге ақын-жазушылар жиі келіп тұратын, түрлі мерекелік шаралар, жиындар олардың қатысуынсыз өтпейтін. Сөйтсек, сол кезде қазақ тілінде білім беретін қаладағы санаулы мектептің тілі шұбарланып тұрған соң, ауыл иісі кете қоймаған интернат оқушыларының ортасына келгенде, ауылға барғандай сезінеді екен ғой өздерін ол кісілер де. Әсіресе, ұзын бойлы, аққұба өңді, тік сөйлеп, тіп-тік жүретін жазушы ағайдың бейнесі әлі күнге көз алдымда. «Интернатқа келсем, өзімді нағыз қазақы ортаға келгендей сезініп, бір демалып кайтамын», – дейтіні есімде.
Білімді және оған қоса өте қарапайым, керемет мұғалімдер мен тәрбиешілер көп еді мектебімізде. Өз істеріне адал, ауылдан келген талай қаракөз қазақ баласының анасының орнына ана, әкесінің орнына әке бола білген ұстаздарымды осы күні де сағына еске аламын. Әттең, қарбалас тірліктің мойын бұруға мұрсат бере бермейтіні бар емес пе? Әйтпесе, ол кісілердің де алды келместің кемесіне мініп, сол кезде қылшылдап тұрған жастары мосқал тартар уақыт өтті. Несін айтасың, осындай кісілерді жерге қаратып, кейбірінің жұмыстан қуылуына себеп бола жаздағанымыз бар еді бір топ оқушының. Мектеп директорын орнынан алу мәселесі қаралып, біздерді мектептен қуа жаздап, талай жиналыстарға түсіп жүріп, әупіріммен әрең қалғанбыз құт мекенімізде.
Бәрі де сол 86-ның желтоқсанында басталған еді. 16 желтоқсан күні кешкі ас ішіп болып, ұйықтауға дайындалып жатқанбыз. Бұл күнге дейін жатақханаға бір мұғалім түнгі кезекшілікке түсетін. Қарасақ, тағы да екі мұғалім келіп, бәрін бөлмелеріне кіргізіп, ертерек жатқызуға кірісті. Біз 10-сынып болғандықтан, мұғалімдерге жәрдемдесіп жүріп мән-жайды суыртпақтап біліп алдық. Жастар орталық алаңға шығып, тарамай жатыр екен деді. Бәрін ұйқыға жатқызып болған соң бөлмелерімізге кіріп, жастыққа бас қойғанымызбен, көпке дейін ұйықтай қоймадық. Үлкен сынып балалары бір-бірінің бөлмелеріне кіріп жүріп естіген-білгендерін бөлісіп, болжаумен болдық. Түннің бір уақытында алаң жақтан ысқырған, улап-шулаған дауыстар араласып, қатты айқайлаған дыбыстар шығып жатты. Интернатымыз алаңнан бес кварталдай ғана төмен орналасқандықтан күңгірлей жаңғырыққан дауыстарды анық ажырата алмасақ та, бір келеңсіздіктің болғанын аңғарғандай болдық.
Ертесі, 17 желтоқсан күні таңғы ас ішіп, сабақ басталар алдында «линейкаға» тұрдық. Мектеп директоры қысқа ғана қайырып, қаладағы болып жатқан жағдайды түсіндіргендей болды. Сөзінің соңында мектеп ауласынан ешкімнің шықпауы қажеттігін қатаң ескертті. Сабақ басталғанымен, оқуға ешкімнің зауқы болмай, далаға алаңдаумен, тықыршып әрең отырдық. Бірінші сабақтан соң соғылған қоңыраудан кейінгі үзіліске шыға салып, мектеп бұрышына жиыла қалдық. Бар естіген-білгендерімізбен бөлісіп жатып, параллель сыныпта оқитын Ернұрдың әңгімесіне бәріміз құлақ түрдік. Онсыз да өрекпіп тұрған, қалада не болып жатқанын білуге асыққан оқушылар көздері бақырайып, естігендерін өз көздерімен көргенше асыққандай тіптен тықыршып кетті. Әсіресе, аққұба өңі күреңіте қалып, бір-ақ күнде есейіп кеткендей көрінген досымыздың көңілсіз түрде: «Түнде әкемді КГБ үйден алып кетті, ал біз болсақ, мұнда қол қусырып қарап отырмыз», – дегені бәрімізге қатты әсер етті. Ол кездің түсінігінде бұл үш әріп қызметкерлері шетелдің шпиондарымен күресіп немесе капиталистік елдерге арнайы тапсырмаларды орындауға барады деп ойлайтын біз үшін бұл жаңалық айрықша әсер еткені анық.
Осыларды естіп, бір жағынан, қобалжып, бір жағынан, ашу-ызаға булығып, не болса да түскі ас алдында қашып шығуды ұйғардық. Амалын тауып арамыздан бір бала жатақханаға кіріп, сырт киімдерімізді терезеден алып берді. Көзге түсіп қалмау шараларын барынша сақтай отырып апыл-ғұпыл киіне сала бетон қоршаудан қарғып өттік. Осылайша, мектептегі сабақты жайына қалдырып, тоғыз оқушыдан құралған топ алаңға қарай тартып кеттік.
Орталық алаң жақтың көшелерінде қарақұрым халық. Күндегідей емес – миллион халқы бар қаланың бар қаракөзі осында дерлік, дені – жастар. Сол күн ерекше суық болған еді. Жерді жапқан қар сондайлық қалың болмағандықтан ба, әйтеуір сүйектен өтерлік қара суық болғаны анық есімде. Сыныптасымыздың асығыс алып шыққан киімдерін мектеп формасының сыртынан кигенімізбен, мұндай суық ауа райына жұқалық еткені анық еді. Алайда, алда күткен аласапыран күндердің жүректі қарыр ызғарын белгісіз бір ішкі түйсігімізбен сезінгендей табиғаттың суығын елең қылмай, алаңға қарай жүгіре басып жақындай бердік. Күреңіткен күннің өзі күңірене қайғырып, бетімізді аяз шымшып, қарып тұрғандай еді.
Мектебімізден бір квартал алыстағанымызда алдымызды жасы 45-50 шамасындағы әйел адам бөгеді. Жүрегі қан жылап тұрған ана өрімдей балаларды жаңсақ қадамнан қайтарғысы келгендей, бізге жүгіріп келіп: «Балалар, қайда барасыңдар? Алаңға барушы болмаңдар! Қазір ғана партжиналыстан шықтым, бүгін алаңнан қайтпаған жастарға қару қолданады екен. Бармаңдар!» – деп, жылап жіберді. Кейін білгеніміздей, партия мүшелерін жастарды тоқтату үшін үгіт-насихат жүргізу мақсатында жинап, көше-көшелерге тізімдеп таратқан көрінеді. Шын жаны ашып, отқа ұмтылған көзсіз көбелектей алаңға жүгірген жасөспірімдерді аяған да шығар, кім білсін? Үлкен кісінің көше ортасында жылағанына таңырқай қарап, одан сайын барғымыз келгені, білгіміз келгені рас. Бөгелместен, алдымызды кесе-көлденеңдегеніне бой берместен, алған бағытымызды бетке алып жүгіре жөнелдік. Ол кісі соңымыздан айғайлап, ере бергенде тайып жығылып, артта қала берді. Қайырылып қол ұшын берер мұрша жоқ. Алаңға қарай тобымызды бұзбастан жүгіре бердік.
Тағы бір квартал өткен кезде көше бойлай қарсы келе жатқан, тушь, акварель бояулармен жазылған қолдан жасалған транспаранттар ұстаған 40-50 адам қарасы бар шерушілер тобын алыстан байқадық. Жақындап келгенде абдырап, аузымыз ашылып тұрып қалдық. Өйткені, мамыр мен қараша айларында көріп жүрген көзге үйреншікті мерекелік бейбіт шеру емес екені бірден байқалып, көзге ұрып тұрды. Әдеттегідей емес, қуаныш пен шаттық лебі есіп тұратын жарқын дауыстардың орнына – ашу мен ыза кернеген ызғарлы айбар естіліп, топқа бажайлай көз салғанымызда, тас-түйіндей бекінген, есейіп кеткен жастарды көрдік.
«Колбин кетсін!», «Қонаевтан тарт қолыңды!», «Әр ұлт өз көсемін таңдауға құқылы!» деген сияқты түрлі транспаранттар ұстап, қолтықтасқан жастар «Қазақстан! Қазақстан!» деп күркірей айқайлап, жанымыздан өтіп бара жатты. Топ арасынан біреу: «Жігіттер, қайда оқисыңдар? Келіңдер, қосылыңдар!» – деді бізге қарата. Бізге «жігіттер» дегеніне төбеміз көкке жеткендей боп «4-мектеп-интернаттанбыз», – деп шу ете қалғанымыз сол еді, шерушілер кідірістеп, ысқыра шулап қоя берді. «Нағыз жігіттер, міне!», «Өз ұлтының патриоттары!» деген мадақтаулар естіген біз көпшілікпен қуана араласып, лықси жылжыған шерушілер қатарын толықтырдық.
Шерушілер қатарында тек қазақ жастары болды-ау, көшедегі жүргіншілер арасынан да өзге ұлт өкілдерін көре алмадым. Көше бойында көз сала қарап тұрғандар да тек қазақтар болды. Кейбіреулері шерушілер қатарын толтырып, толқи көшкен тасқындай сәт сайын ұлғайып келе жатқан топқа қосылып жатты. «Қойыңдар! Тараңдар, қайтыңдар үйлеріңе!» – деп, көпшілікті өзіне қаратып, райынан қайтаруға тырысып жатқандар да табылды. Көп қабатты үйлердің терезелерінен басын қылтитып, балконға шығып қызықтай көз сала қарап тұрғандар да аз емес еді. Ленин мен Абай көшесінің қиылысына жеткенде милицияның «УАЗ» автокөлігі тоқтай қалып, машинадан түскен үш милиционер көлденеңдей қарсы жүріп, қолдарын сермеп шеруді тоқтатуға тырысып еді, лықсып келіп қалған суға жұтылғандай топ ішінен мүлдем көрінбей қалды. Айғайлай бір-біріне дем берген топ тау қопаруға да әзір секілді әсер қалдыратын. Ленин көшесін бойлай төмен түсіп келе жатқан №29 бағыт автобусын тоқтатып алып, онда отырған бес-алты жолаушыны түсіріп тастағаннан кейін автобусты ырғап-ырғап жол шетіне шығарып тастады топтың бір қанаты. Бұл кезде Абай көшесін төменнен жағалай жеткен шерушілер қатарымызды ұлғайтып, тобымыз тіптен молая түскен еді.
Улап-шулап жылжыған екі топ қосылып, тоспаны бұзып-жара аққан топан су секілді Абай көшесін жағалай төмен лықсып барып, Фурманов көшесімен өрлей, Орталық алаңға көтеріле бастады. Шетелдік екені пошымынан аңғарылып тұрған қара нәсілді үш жігіт фотоаппараттарын бағыттап, асығыс жанталаса шерушілерді түсіре бастағанда «Қойындар!» деп айғайлағандарға құлақ аспап еді, жандарына үймелей қалған қазақ жігіттері фотоаппараттарын алып, пленкасын кассетасынан шығарып, тарқатып тастады. Тістері алабөтен аппақ болып көзге ұрып тұрған соң ба, ауылдағы ең қап-қара деген баланың өзі бұлардың жанында аппақ екен ау деп ойлап та үлгердім. Шынында, түрі өзгешелеу «тірі» шетелдікті алғаш рет көруім еді. Шамасы, қаламыздағы бір жоғары оқу орнының студенттері болса керек.
Бас-аяғы бір-бір жарым сағат ішінде үйреншікті, қалыптасқан тыныш мамыражай өміріміз күл-талқан болғандай, осының бәрі өз қаламызда болып жатыр деуге өз көзімізге өзіміз сене алмай, сақырлаған аязда түсініксіз жағдайға тап болғандай едік.
Алаңның С.Сейфуллин көшесі жағы ашық екен. Алаңға барып құйылып, қалың нөпірдің арасына ене бергенде улап-шулап, ысқырып, «Аттан!», «Алға, қазақ!» деп ұрандатқан қарақұрым халық біздің топты ерекше ыкыласпен карсы алып жатты. Алаңда адам өте көп еді, интернаттан бірге шыққан балалар бір-бірімізден адасып қалмас үшін топтасқан жұбымызды бұзбастан, бірге жүруге тырыстық. Фурманов көшесіне қарай алаң шетіне жақындағанда екі қатар боп тізілген әскери жасақты көрдік. Әскери оқу орнының курсанттары екен, бастарында каска, сол жақтарында салақтаған противогаз дорбасы, белдерінде сапер күрегі көрінеді. Ұзақ уақыттан бері тұрғаннан ба, тоңып, аяқтан аяққа ауысып дегбірсізденгендей еді. Оң жақ тұстағы Телеорталық маңында екі қатар боп тізіліп милиционерлер тұрды. Олардың да бастарында каска, қолдарында – пластмасса, алюминийден жасалғаны аралас қалқан, қару түрінен – резіңке сойыл, противогаз дорбасы да бар екені байқалып тұрды. Квас бөшкесімен ыстық шай жеткізіліп, ақ халат киген орыс әйел кружкаға құйып беріп жатты.
Қатарласа сапта тұрған курсанттар аязды күнде буы бұрқыраған шайды бір-біріне тізбек бойынша жалғай жылынудың қамын жасағаны байқалды. Алаңға жиналғандар топтасып, өз ойларын ашық айтып, түрлі дыбыстар мен ызы-қиқудан, сампылдай сөйлеген дауыстардан құлақ тұнатындай еді айнала. «Менің елім, менің жерім!» деп әуелете шырқап әндеткендер де болды. Жан-жақтан жастар, көбінесе, жігіттер ағылып келіп жатты. Арасында, басы мен аяқ-қолдары дәкемен таңылғандар да жүр еді. Кеше түнде қала сыртына апарып тастаған бізді, содан қайта келдік алаңға деп айтып жатқандарын анық естідік.
Бастарына әппақ бинт таңылған, жараланған тұсы қызыл-қошқылданып көзге ұрып тұрса да жатпай, алаңға қайта шыққан жігіттерді қоршай мән-жайды сұрап, түнде не болғанын білгенде қалың көпшілік арасынан ашу мен ызаны білдіретін ащы дауыстар қатты-қатты шығып жатты.
Түс ауғанда күн қатты суыды. Осынша уақыт суықта жүру де оңай ма? Өңменіңнен өтер суыққа шыдамағандар болар, әлдебіреулер алаң шетіндегі шырша бұтақтары мен түрлі ағаш қалдықтарын жағып, жылынғандай болып әрекет етіп жатқаны әлі де көз алдымда.
Алаңда тұрғандардың арасын қақ жара ары-бері жаймен жүріп жылжыған бронетранспортердің үстіндегі автомат асынған екі әскери күзеткен төрт фотограф пен бір бейнеоператор барлығын тоқтаусыз суретке түсіріп, таспаға басып жатты. Болат құрсаулы көлік жақындағанда қолын көлегейлей бүркене қымтанып, теріс қарағандар да болды, алайда алаңда тұрғандардың басым көпшілігі қаймықпастан тура қарап, тұра берді. Кейінірек осы таспалар мен суреттер айғақ болған талай студент оқудан қуылып, талай боздақ темір торға қамалды.
Алаңда жүргенде дауылды теңізде буырқанған толқындай лықсыған көптің арасынан Бейбіт Асқаров ағамды көріп, жақындайын дегеніммен, жанымдағы достарыма қарайлап алаңдай бердім. Алыстан қол көтеріп, иек қағысқаннан кейін оның да курстас жолдастарымен бірге жүргенін аңғардым. Біздің интернатты «Алтын медальмен» аяқтаған ағам ол кезде Ауылшаруашылық институтының соңғы курсында оқитын. Қара тартып, әсіресе, интернатқа жаңадан келген алғашқы кезде жатақханаларына барып тұратынмын демалыс күндері. Көп ұзамай аумағы ат шаптырым алаңға халық тола бастады. Осы кезде алаңды жан-жағынан тоқтаусыз тоғытылып жатқан түрлі әскер түрлерінен құралған бөлімдер қоршай бастады. Ымырт түскенше алаң толықтай қоршауға алынды, келушілер толастағандай болды. Жастар бірнеше жерден қоршауды бұзып өтуге тырысып еді, әскерилер тарапынан тас-қамал қарсылыққа тап болды. Қараңғылық орнай прожекторлар қосылып, жүк машиналарының жақтаулары ашылған қорабын мінбер ретінде пайдаланған партия-комсомол басшылары шығып, дауыс күшейткішпен қолдарын сілтей сөйлеп жатты. Сонда «Шешім өзгеріссіз қалды», «Партия таңдауы дұрыс, қайтыңдар, тарқаңдар!» деп жатты негізінен. Қалың халық тарқай қоймаған соң зиялы қауым өкілдерін тарта бастады, жастар алдында сөз сөйлеп, райынан қайтаруға күш салғандар кездесті. Жасы біразға келген бір әнші апамыз жылап тұрып: «Балаларым, қайтыңдар! Ленин аталарыңның әруағын сыйлаңдар!» дегені – өзі де ызадан жарылайын деп тұрған жастар үшін отқа май құйғандай болды. Айнала «гу» ете қалып, машинаны шайқай бастағанда үстінде тұрғандар жерге түсуге асықты.
Бұл кезде мектепте біздің жоғымыз анықталып, ұстаздар абыр-сабыр болып жатқан екен. Біздің жоқ екеніміз қалалық білім басқармасы, ішкі істер басқармасы секілді құзыретті органдарға жетіпті. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Құрман ағай мен дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жеңіс ағай біздің тізіміміз жазылып, мектеп мөрі басылған қағазды алып, алаңға іздеп келіпті. Бұл шақта тоғызымыз бір-бірімізден адасып, үш топқа бөлініп қалғанбыз. Қалың нөпірдің арасынан қалай тапқаны белгісіз, екі ағайымыз әйтеуір осы топтың бірін тауып алыпты. Бір-бірімізді іздеп жүрген өзгелеріміз қайтадан бас қосып, тоғызымыз түгелдендік. Суықтан қалжыраған түрімізге қарамай көптің ішінде әлі де жүре түскіміз бар. Ағайларымыз ұрсып, алдаусырата жалынғандай болып жүр.Қайтуға бет алдық. Қайдан? Тас қамал әскер қоршауынан шыға алмай қалдық. Ағайлар сұрай жүріп, алматылық жергілікті милиция жасағын тауып алып мән-жайды түсіндіріп, тізімді көрсетті. Қара торы, кең иықты, қалың қара мұртты қазақ майор көп ойланбастан рациямен хабарласып, рұқсат алды. «Мында мектеп оқушылары адасып жүр екен» деп дәлелдей сөйлеп жатқанын жанында тұрып естіп қалдық. Әскерилердің арасынан саңылау ашылып, бізді өткізіп жібергеннен кейін әскерилер құраған қақпан құрсауы қайта жабыла қалды. Кеткісі келгендерді не үшін қойдай қамап, қыспаққа алғандарын түсінбестен біздер алаң маңынан алыстай бердік.
Екі ағайымыз алдарына салып қуалағандай етіп, мектепке қарай зыта жөнелдік. Әлі де болса, не болып жатқанын көзімізбен көргенімізбен, көңілімізбен қабылдай алмай тұрғанымыз айқын еді. Отанымыздың қорғаны, аталарымыздың ерлік жолын жалғастырушы айбынды әскер мен бейбіт елдің ішкі тыныштығын күзеткен милиция жасағының халықты қойша қамап, қыспаққа алғанын да түсінбегеніміз рас. Бүгінгі көргенімізді ой елегінен өткізіп жатар мұрша жоқ, дірдектеп, тоңып қалған аяқ-қолымыз да жып-жылы интернат ғимаратына ертерек жеткізгісі келіп, ширақ қимылдағандай еді. Қатты жүрістен алқынып, буымыз бұрқырай жарты жолға жетіп қалғанымызда алаңнан ащы дауыстар естіле бастады. Сол кезде алаңдағы жастарды күшпен таратуға бұйрық берілген екен. Қанды қасап деп айтуға келетін осындай шараның қайнаған қазанының қақ ортасында қалудан бізді бар болғаны 5-10 минут уақыт алдында сытылып шыққанымыз сақтап қалған екен.
Мектепке жеткенімізде бізді бірден «Ленин бөлмесі» аталатын кабинетке кіргізіп, директордың өзі бастаған мұғалімдер жан-жақтан таласа ұрысып, жеп қоя жаздады. Директор апайдың шашы дода-дода, көзін бояған тущь бетін айғыздап жылап жүр. Шапалақпен тартып-тартып жіберуге шақ қалып, жұлқылап, арасында біздің аман-сау екенімізге сенбегендей – денемізді, үсті-басымызды ұстап көріп, әрең дегенде өз-өзіне келгендей болды. Жоғары жақтан жеткен пәрмен бойынша – директор апайымыз, сынып жетекшіміз, сол күні кезекшілікте болған тәрбиеші жұмыстан шығарылатын болыпты. Біз – интернат ауласынан рұқсатсыз шығып, алаңға барған тоғызымыз мектептен қуылатын болдық. Әрқайсымыз «Мектептен шығарылсақ әрі қарай қайда оқимыз?» деген сұрақпен әуре болып кеттік. Әбден тәртібімізді талқылап, кінәмізді мойындатып, бәрімізге түсініктеме жаздырып алғаннан кейін апайларымыз да сабасына түскендей болды. Киімімізді ауыстырып, тамақтанғаннан кейін бәріміз бір бөлмеде екі мұғалімнің қадағалауымен түнеп шықтық. Ертесі, бүкіл мектептің алдында басымыз салбырап, тағы да кінәлі кейіпте тұрдық. Ата-аналарымыз шақырылып, мектептен қуылатын болғанымыз шындыққа айнала бастағандай болды. Ендігі жерде – үйреніскен достарымызбен қош айтысуға дайындалып жүрдік. Әбүйір болғанда, әупірімдеп жүріп қауіп бұлты сейілген еді. Аяулы ұстаздарымыз да аса қатты жазаға іліне қойған жоқ. Ескерту, қызметтік сөгіс алса, алған болар, жұмыстан қуылмады.
Көп ұзамай Жаңа жыл мерекесі келіп, оқушылар ауыл-ауылдарына тарқасты. Қайта жиналғанымызда, мектептің 10-сынып оқитын оқушылары мемлекеттік емтиханға даярлық, мамандық таңдау, жоғары оқу орнына түсуге дайындық жасау секілді қат-қабат тірлікпен әуре болып кеттік. Осылайша, маусым айында алтын ұя мектебімізбен, ондағы білім берген алтыннан кем емес ұстаздарымызбен қимай-қимай қош айтысып, өмірдің әркім өзі таңдаған соқпағына түсіп, жан-жаққа тарадық.
Қаһарлы әскерден қаймықпастан қалың нөпір болып, желтоқсанның ызғарында жүректерін алау етіп алаңға шыққан сондағы қазақтың жастары қайда жүр екен бұл күнде?!
Ермек ШЫҢҒЫСОВ,
«Басқа мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер мен мүгедектер»
қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы бойынша төрағасы