2 ақпан – Ұлттық басылым күні! Үкімет қаулысымен мерекелер тізіміне қосылған осынау айтулы күнді биыл үшінші рет ресми түрде атап өткелі отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады», – деп алғаш рет Ұлттық басылым күнімен құттықтағаны журналистерді сүйіндірді.
Иә, осыдан 112 жыл бұрын «Қазақ» газетін шығару ісінің басында Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды елім деп еміренген, жерім деп тебіренген Алаш қайраткерлері тұрды. Ұлт зиялылары «Қазақ» газеті арқылы болашақ қазақ мемлекетінің негізін қалауға қалың жұртты жұмылдыруға кірісті. Газет ұлтты жаңғыртудың жаңа бағыттарын түсіндіруге күш салды. Соның қайнар көзіне айналды. Бүгін өткен тарихты қайта бір шолып, архивтегі сарғайған «Қазақ» газетінің беттерін парақтағанда, есіл ерлердің асқақ армандарына куә боласыз. Оның әр жолы ақиқатқа толы. Сондағы мақалаларды жанарыңыз жасаураған күйде оқитыныңыз кәміл. Оның әсері қазір де мәнді және қуатты.
«Әуелі газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады», – деген екен «Қазақ» газетінің алғашқы редакторы Ахмет Байтұрсынұлы. Басылымның атқаруға тиісті негізгі міндеттерін осылайша саралаған.
Алаш қайраткерлері ұлы мақсаттар үшін бастарын бәйгеге тікті. Нық сенімдермен алға ұмтылды. Ел болудың жауапкершілігін қорықпай арқалады. Бірақ олардың ізгілікті ісі орта жолда үзілді. Кеңес өкіметі ұлт сөзін асқақтатқан басылымға қырғидай тиіп, тынысын тарылтты. Ақыры біржолата жауып тынды. Небәрі бес-ақ жыл өмір сүрсе де, «Қазақ» газеті артына өшпес өнеге қалдырды. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болып» елдің көзін ашты. Ұлттық сананы оятты. Басылым негізін қалаған зиялылардың төгілген тері мен қаны текке кеткен жоқ.
Қырып-жойғыш Қызыл империя мынаны ескермеді: қазақтың бойында жеңілмейтін күш бар екен. Ол – ұлттық рух. Қылыштарын қанша жалаңдатса да оны түп-тамырымен құрта алмады. Ұлттық рухты ұрпақтарының санасына сіңіріп кеткен Алаш арыстарының асыл арманы араға жылдар салып қайта тірілді. Көктеп-көгеріп, өсіп-өнді. Азаттықтың ақ таңы болып арайланды. Еліміз аңсаған қасиетті Тәуелсіздік Көк байрағын желбіретті. Әлихандар жолы жалғасын тапты. Ұлттық басылымдар егемендіктің ең пәрменді насихатшысына айналды.
Міне, содан бері 30 жылдан астам уақыт зулап өте шықты. Қазір Қазақстан әлем елдерімен иық тірестірген іргелі мемлекет. Қоғам өркениетті бетке алды. Сонымен қатар біз ақпарат ағыны тасқындаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Техника мен технология күн сайын жаңалықтарын жариялап, қарыштап дамып барады. Ғаламтор байланысы бәрін алақанға салғандай алдыңызға әкеледі. Жылдам хабар алғызатын интернет басылымдары көбейді. Алайда өркениет көшіне ілескеннің жөні осы екен деп, ұлттық басылымдарды ұмытпау қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
«Оңай жазылған дүниенің оңғаны жоқ». Кейде мәселенің байыбына бармай, әйтеуір оқырманға тез жетсе дейтін жалаң мақсатпен жазылатын «жаңалықтар» жұртты жалықтыра бастағаны жасырын емес. Есесіне, әр сөзін салмақтап айтатын, сараптап түсіндіретін дәстүрлі басылымдар өзінің о бастағы ұстанымына беріктігін дәлелдеп келеді. Елді өркендетудегі, ұлттық идеологияны санаға сіңірудегі қызметін жандандыра түсті. Сондықтан ұлттық басылымдарды қолдауды патриоттық әрекетке баласақ, қателеспейміз. Алғашқы көшін Ахаңдар бастаған, кешегі Шерағаңдар қостаған сабақтастық арқауын үзіп алмаса дейміз. Ұлттық басылымдар қасиетті жолды жас ұрпаққа өнегелеп – ана тілін ардақтауға, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін, әдебиетін, өнерін құрметтеуге, елін, жерін сүюге үндеуден жалыққан емес. Ұлт деген – мемлекет деген сөз! Дәстүрлі басылымдарға деген жанашырлықтың биік деңгейге көтерілгені қажет. Қазақ газеттері әр шаңырақтың төрінен табылса қандай ғанибет?! Өзін-өзі жаттай сыйлайтын өнегені қайта қалыптастырсақ, ұлттық басылымдар да ұлы күшке айналады деп сенеміз.
Болат МӘЖИТ