Намыстың найзағайы, қазақтың алдаспаны іспетті Бауыржан Момышұлы өмірден озғанда жаназа үстіндегі митингіде Шерхан Мұртаза: «Көке, кешір мені… Мен сенен де ірі тұлғамен алысамын деп жүріп, өзің туралы жаза алмадым. Өзің туралы жазу менің жолым еді. Бұл маған әлде де болса аманат», – деп сөз сөйлеген екен жылап тұрып. Сол Шерағаңның өзі де өмірден өтіп кеткелі бірнеше жылдың жүзі болды… Мен батыр атамыз Бауыржан Момышұлы туып-өскен Жуалы ауданымен жапсарлас жатқан Түлкібас ауданынанмын. Кезінде бір аудан болған бұл аймақтың әрбір тасы мен төл тарихы мен үшін ерекше киелі. Бірақ мен ешқашан Бауыржан Момышұлы туралы жазамын, зерттеймін деп ойлаған емес едім. Қырықтың бел ортасынан асқан жасымызда бұл өмірде ешбір нәрсенің кездейсоқ болмайтынын ұғына бастадық. Алла Тағаланың шеберлігіне ылғи тәнті боламын. Аузымнан шыққан әрбір сөз арқама ауыр жүк болып таңыларын да ұғындым. Тұрар Рысқұлов, Сейітқали Меңдешев, Мұстафа Шоқай, Қабылбек Сарымолдаев, Әшір Бүркітбаев, Ыдырыс Көшкінов, Нұрбапа Өмірзақов, Ақай Нүсіпбеков, Асанбай Асқаров, Дінмұхамед Қонаев сынды тұлғаларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Мынадай ірі тұлғаларды зерттеген сайын, алдыма қойған мұрат та зорайып, тарихи тақырыптар аясы да кеңіп кетіп барады. Тақырыптардың шексіздігін, тарихтың тереңдігін көрген сайын, өзіңнің бейшара ғұмыр иесі екеніңді сезінесің. Келелі тақырыптарды зерттеуде, ақиқатты іздеуде Алладан басқа сүйенерің жоқ екенін ұғасың. Бауыржан Момышұлының інісі болып жанында тұрған, хатын хаттап, сөзін жаттап, мұрасын архивтеген Мекемтас Мырзахметов ағамыздың шығарған 30 томдығына көңіліміз толмай, «Баукең туралы дені дұрыс зерттеу кітап қашан шығады екен?!», – деп асылық сөйлеп қойған едік бір кезде. Алла Тағаламыз шебер ғой, қолыңнан келсе жаз енді деп, Бауыржан атамыздың ізіне әкеліп салып қойған сыңайлы… Барлығы да өткен жылдың қарашасында Подольскіде басталды. «Архив-2025» кешенді бағдарламасы аясында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мемлекеттік архивіне барған кезімізде Ержан Бақытжанұлы ағамыз берген сенімхаттың негізінде Б. Момышұлының формулярлары мен жеке ісін алып, танысудың сәті түсті. Батырдың жеке ісін 2 күн қарап, Баукеңнің басынан кешкендерін жүрегіммен сезініп, өз басымнан өткізгендей күй кештім. Жаным жараланып, Б. Момышұлы кешкен қорлық сезімді сезініп, тұла бойым ауырып, жер бауырлап жатып қалдым. Ауырып жатып, Бауыржан атамыз туралы монография жазылу қажеттігін, оны мен жазбасам, басқа ешкім де жазбайтынын жан-тәніммен ұғындым. Шерағамның аманатын біреу орындауы қажеттігін түсіндім. Міне, содан бері Б.Момышұлына қатысты архив деректерін там-тұмдап жинай бастадым. Бүгінгі мақаламызда Б. Момышұлының 1932-1936 жылдардағы өмірі мен қызметін жаңа табылған тың архив деректері негізінде қалпына келтіріп, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Бүгінгі таңда Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты том-том кітап жазылғанымен, оның ақиқаты қайсы, аңызы қайсы екенін ажырату қиын болып қалды. Себебі, әр автор әртүрлі жазады. Батырдың өмірбаянына қатысты күндерек те ала-құла. «Волоколамск тасжолы», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Ақиқат пен аңыз» сынды кітаптар Бауыржан атамыздың өмірі мен қызметін, тұлғалық қасиеттерін белгілі бір дәрежеде ашқан шығармалар. Әсіресе, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы» батырдың өмірі мен қызметі туралы барынша молырақ мәлімет берген шығарма болды. Сондықтан да біз аталмыш шығармадағы мәліметтерді архив деректерімен салыстыра отырып толықтырып, ақиқатын айтамыз. Біздің мұндағы мақсатымыз – басқа да бауыржантанушылардың немесе Әзілхан Нұршайықовтай атамыздың шығармасын сынап-мінеу емес, бауыржантануды архив деректері негізінде бүгінгі күн биігінен толықтыру. «Ақиқат пен аңыз»: Бауыржан. «…Жетіжылдықты біз 1928 жылы бітіріп шықтық… Сөйтіп, екі жыл бастауыш мектепке мұғалім болдым… Сонымен мені, ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты секретары етіп тағайындап кеп жіберді… Сөйтіп, мен алты ай милиция бастығы болдым…» С.Ш. Әрине, бұл мәліметтерді Б.Момышұлы айтты деп Ә. Нұршайықов жазып отыр. Бастауыш мектепке мұғалім болдым дейтін бұл екі жыл – 1928-1929 жылдарға сәйкес келетінін ескерсек, мұны нақтылау қажеттігі туындайды. Б. Момышұлының 1931 жылы 3 наурызда өз қолымен толтырған «Толтыру кәртішкесінде» тегін «Момышев» деп көрсете отырып, 1929 жылдың 27 наурызынан бастап 1931 жылдың 3 наурызына дейін Жуалы аудандық атқару комитеті Президиумының мүшесі болып отырғанын көрсетеді. Атап айтқанда, Б. Момышұлы 1929 жылдың 23 наурызынан 1 тамызына дейін Түрксібтің Жуалы ауданы Бурное станциясында Жуалы аудандық мемлекеттік сақтандыру агентінің көмекшісі, 1929 жылдың 1 тамызынан 1931 жылдың 3 наурызына дейін алғашында Түлкібас станциясында, 1930 жылдың соңынан Ванновкада (қазіргі Т. Рысқұлов ауылы) Жуалы аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, 1930 жылдың 1 қаңтарынан 1931 жылдың 15 қаңтарына дейін БЛКЖО Жуалы аудандық комитеті бюросының мүшесі, 1930 жылдың 20 маусымынан 1931 жылдың 3 наурызына дейін БЛКЖО Жуалы аудандық комитеті жанындағы Бақылау комиссиясының төрағасы қоғамдық қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, дәл осы кәртішкесінде 1924-1925 жылдары 1-ші басқышты Аса мектебін, 1925-1928 жылдары Шымкент қаласындағы жетіжылдық мектепті бітірдім деп жазады. Бірақ Б.Момышұлының кейінгі жылдары толтырған «жеке парақтарында» бұл мәліметтер әр жылы әртүрлі көрсетілген. Ендігі уақытта Б. Момышұлының қай мектептерде қай жылдары оқығанын, 1928-1932 жылдардың аралығында қайда және қандай лауазымдарда қызмет атқарғанын нақты архив құжаттарымен анықтау қажеттілігі туындап отыр. Одан ары «Ақиқат пен аңызда» Б. Момышұлының милиция бастығынан босап қалғаннан кейін мединститутқа барып оқуға түскені, алғашқы сабақтарда-ақ мәйіттерді көріп қашып кеткені, одан кейін Қазақ ауылшаруашылық институтының рабфагіне кешкі оқуға қабылданып, О. Жандосовтың көмекшісі болып 3-4 ай істегені, бір күні кешкі оқу меңгерушісі ұрысқаннан соң, оқуды да, жұмысты да тастап кеткені, содан не істерін білмей келе жатып бұрын қызметтес болған Дубовик деген кісіні кездестіргені, ол өзінің Шымкент өнеркәсіп банкінің басқарушысы екенін айтып, жұмысқа алғаны туралы баяндалады. «Ақиқат пен аңыз»: Бауыржан. «…Жалт қарасам бұрын Жуалы аудандық атқару комитетінде өзіммен бірге қызмет істеген Тимофей Терентьевич Дубовик деген кісі келе жатыр екен… Бұл өзі 1931 жылдың бас кезі болатын…» С.Ш. Шын мәнінде, КСРО Өнеркәсіп банкінің Шымкент бөлімі КСРО Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің 1932 жылғы 5 мамырдағы қаулысына сәйкес қабылданған Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің 7 шілдедегі қаулысына сәйкес құрылды. Ал Б.Момышұлы 1932 жылдың 29 наурызында Қазақ АКСР ХКК жанындағы Мемлекеттік Жоспарлау Комиссиясы Халық шаруашылығын есепке алу басқармасының (УНХУ) кеңсе бастығы қызметіне екі апталық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданды. Бұл кезде басқарма бастығы әйгілі Мұхтар Саматов болатын. М. Саматовтың 1932 жылғы 26 сәуірдегі № 20 бұйрығына сәйкес УНХУ-дың жаңа құрылымы бекітіліп, Б. Момышұлы М.Саматовтың өзі тікелей басқаратын Әкімшілік-қаржы секторына қарасты 16 штаттан тұратын Істерді басқару бөлімінің бастығы қызметіне бекітілді. Ал М. Саматовтың 27 сәуірдегі бұйрығы бойынша барлық сектор меңгерушілеріне шаруашылық және кадр мәселесі жөніндегі сұрақтар бойынша Б.Момышұлына өтініш айту бұйырылды. Осы бұйрықтан және осы күннен бастап шығып отырған барлық бұйрықтардан Б. Момышұлының М.Саматовтың сенімді өкілі әрі көмекшісі екенін анық байқауға болады. Б. Момышұлы осы қызметті 1932 жылдың 9 шілдесіне дейін атқарып, отбасыма барып келемін деп авансқа қаржы алып, содан кейін жұмысқа қайта оралмағанын М.Саматовтың 16 тамызда шыққан бұйрығынан білеміз.
Бір қызығы, жоғарыда айтылған Дубовиктің Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде сақталған жеке ісінде оның 1931-1932 жылдары Жуалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып Ванновкада жұмыс істегені анық көрсетілген. Расында да осы Т. Дубовик Б. Момышұлын жұмысқа алса керек. Бірақ Б. Момышұлының 1932 жылдың 9 шілдесінен бастап, әскерге шақырылған 7 қарашаға дейінгі аралықта қайда жұмыс істегенін архив құжаттары негізінде анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі, КСРО Өнеркәсіп банкі Шымкент бөлімінің құжаттары сақталған Түркістан облыстық мемлекеттік архивінде аталған банк бөлімінің құжаттары тек қана 1933 жылдың 18 маусымындағы Т.Т.Дубовиктің № 23-ші бұйрығынан ғана басталады екен. Яғни, Б. Момышұлына қатысы болуы мүмкін № 1-22-ші бұйрықтар табылмай отыр. «Ақиқат пен аңызда» Б. Момышұлының осы банктен әскерге аттанып, кейін осында қайта жұмысқа келгені баяндалады. Б. Момышұлы 1932 жылдың 7 қарашасында Шымкент әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, Орта Азия әскери округіне қарасты 14-ші таулы аймақтардағы атқыштар полкінде 1933 жылдың 1 қыркүйегіне дейін курсант, артынша взвод командирі болып борышын өтейді. 1934 жылдың 13 қаңтарында запастағы взвод командирі болып, ұзақ мерзімді демалысқа босап шығады. Мұның барлығы да нақты архив деректерімен дәйектеліп отыр. Одан ары, «Ақиқат пен аңызға» сенсек, 1933 жылдың аяғында Термездегі әскери қызметтен босаған Б. Момышұлы ауылына келіп, әкесін көріп, одан кейін Шымкенттегі бұрынғы жұмысына қайта оралады. «Ақиқат пен аңыз»: Бауыржан. «…Алдымен өзімнің ескі ұям – өнеркәсіп банкысына бардым. Барсам Дубовик әлі сонда екен… Бұрынғы Корнеев ақсақал кетіп қалған екен де, оның орнына аға экономист болып Догалин деген кісі келіпті. Бас бухгалтер болып сақал-шашы әппақ қудай Бурмистров деген шал отырыпты… Келсем, бұрынғы өз орным бос тұр екен. Экономист-консультант болып қайтадан қызметке кірістім…» С.Ш. Шындығында, КСРО Өнеркәсіп банкінің Шымкент бөліміне басқарушы болып тағайындалған Георгий Федорович Марченко 1933 жылдың 8 қыркүйегінде өз қызметіне кірісіп, бұрынғы басқарушы Т. Дубовик БКП(б) Оңтүстік Қазақстан обкомының 1933 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына сәйкес, банк бөлімінің 19 қыркүйектегі № 31 бұйрығымен 1933 жылдың 17 қыркүйегінен бастап жұмысынан босатылып, обком қарауына жіберілген болатын. Ал Обком оны облыстық ет даярлау басқармасының басқарушысы етіп тағайындаған еді. Яғни, бұл кезде Дубовиктің банкте жүруі мүмкін емес. Ал Петр Яковлевич Догадин (Догалин емес) Өлкелік банк конторасынан 1934 жылдың 1 маусымында ғана жұмысқа келіп қызметке кіріскен болса, КСРО Өнеркәсіп банкінің Қазақ өлкелік конторасының бас бухгалтері Ефим Иванович Бурмистров 1935 жылы 9 наурызда конторадағы қызметінен босатылып, 23 наурызда банктің Шымкент бөліміне бас бухгалтер болып жұмысқа кіріскен. Яғни, бұл Дубовиктен өзге екі кісі Б.Момышұлы әскерден келіп, жұмыс істеп жүрген кезде ғана жұмысқа кіріскен…
Сонымен, әскерден ауылына келіп, әкесін көріп, көңілі жайланған Б.Момышұлы Шымкентке келіп, 1934 жылдың 1 ақпанындағы Г. Марченконың № 6 бұйрығы бойынша 400 рубль жалақымен инспектор қызметіне жұмысқа қабылданып, біраз уақыттан кейін экономист-инспектор қызметіне ауыстырылады. Б. Момышұлы бұл қызметте де абыройлы болып, Г. Марченко сырқаттанып қалған немесе іссапарға кеткен кездері банк бөлімі басқарушысының міндетін атқарып жүргенін архив құжаттары айғақтап отыр. Мысалы, 1934 жылдың 2 наурызы мен 9 наурызы аралығында сырқаттанып қалған Г. Марченконың қызметін уақытша атқарса, 1934 жылдың 16-31 наурызы аралығында Түркістан қаласында қызметтік іссапарда болады. Ал 1934 жылдың 23 сәуірінен 3 мамырына дейін іссапарға кеткен Г. Марченконың орнына тағы да басқарушының міндетін атқарып, тиісті бұйрықтарды шығарған. Б. Момышұлы 1934 жылдың 13 мамырынан бастап 21 мамырына дейін облыстық әскери комиссариаттың шақыруы бойынша семинарда болады. Семинардан келген бойда № 2-ші каучук өндірісі шаруашылығына іссапарға жіберіліп, ол жақтан 27 мамырда қызметіне оралады. Б. Момышұлы осы жылдың 31 мамырында банк бөлімі басқарушысының №27 бұйрығы бойынша тағы да облыстық әскомның шақыруымен ЖШҚА (Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясы) жиынына 1-5 маусым аралығына жіберілді. Бірақ, ол бұл жиыннан тек қана 27 шілдеде оралып, өз қызметіне кіріседі. Ал 1934 жылы 1 тамыздағы Г. Марченконың бұйрығы бойынша Б. Момышұлының жалақысына осы жылдың желтоқсанына дейін жақсы тамақтануы үшін үстемақы қосылады (өкінішке орай, су тиіп, сиясы өшкен құжаттан соманы анықтау мүмкін болмады). Ал 27 тамыздан 27 қыркүйекке дейін Б. Момышұлы кезекті еңбек демалысына жіберіліп, тұрмысын жөндеу үшін оған қосымша 200 рубль бөлінді. 1934 жылы 14-23 қазан аралығында инспектор-экономист Б. Момышұлы өзі туып-өскен Жуалы ауданына № 2 каучук өндірісі шаруашылығының күрделі құрылысын, Шақпақ кендерін және мембанктің Жуалы бөлімін тексеру үшін іссапарға жіберілді. «Ақиқат пен аңызда» Б. Момышұлының Г. Марченконың принципсіздігіне ренжіп, жұмыстан шығып кеткені, содан біраз уақыт өткенде оны КСРО Өнеркәсіп банкінің Қазақ өлкелік конторасының басқарушысы Борис Михайлович Барханның (Дұрысы: Баркан – С.Ш.) жұмысқа шақырып, өлкелік банк конторасының аға кеңесшісі қызметіне алғаны, бір күні оны Барканның шақырып, Ленинградқа Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсқа оқуға жібергені туралы жазылған. «Ақиқат пен аңыз»: Бауыржан. «… Бір жыл оқып қайтқан бар өнерімді салып, жаңа жігермен жұмыс істеп жатқанымда, 1935 жылдың күзінде мені бір айға әскерге шақырды…» С.Ш. Жоғарыда айтылған Жуалы іссапарынан оралған Б. Момышұлы 1934 жылы 26 қазанда Б. Барканның емес, Г. Марченконың бұйрығымен Ленинград қаласына Өнеркәсіп банкі жүйесінің инспектор-экономистерін қайта даярлау жөніндегі 4 айлық курсқа оқу үшін іссапарға жіберілді. Б. Момышұлы бұл курсты 1935 жылдың 19 наурызында бітіріп, 27 наурызда Шымкент қаласына келіп жұмысына қайта кірісті. Жолға кеткен уақытымен қоса есептегенде, Б. Момышұлы бір жыл емес, 5 ай 1 күн жұмыс орнында болмаған екен. 1935 жылдың 7 сәуірінде Б.Момышұлы сырқаттанып қалуына байланысты жұмыс орнында болмайды. Ол 1935 жылдың 16 мамыры мен 1 маусымы аралығында Арал қаласындағы клиенттерді тексеру үшін іссапарға жіберіледі. Б. Момышұлы 1935 жылы 27 маусымдағы өзінің өтініші бойынша 1 шілдеден бастап КСРО Өнеркәсіп банкі Шымкент бөлімінің иснпектор-экономисі қызметінен босатылып, Ленинградта оқыған кездегі шығындарын қайтаруды міндеттенген қолхат жазып береді. Б. Момышұлы 1935 жылдың 21 шілдесіндегі Б. Барканның № 324-бұйрығы бойынша КСРО Өнеркәсіп банкі Қазақ өлкелік конторасының байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметіне 1 шілдеден бастап 400 рубль жалақымен жұмысқа қабылданды. 1935 жылы 15 тамызда Б.Момышұлы Б. Барканның № 331 бұйрығы бойынша КСРО Өнеркәсіп банкінің басқарушысы Николай Тумановтың бұйрығын орындау мақсатымен Шымкент-Ленгір құрылысын тексеру үшін Шымкент қаласына іссапарға жіберілді. Б. Момышұлы 1935 жылы 1 қазанда КСРО Өнеркәсіп банкі Қазақ өлкелік конторасының аға кеңесшісі қызметіне 500 рубль жалақы тағайындалып ауыстырылды. Б. Момышұлы 1935 жылдың 1 желтоқсанында КСРО Өнеркәсіп банкі Қазақ өлкелік конторасының басқарушысы Танабаевтың бұйрығы бойынша 1935 жылдың 1 қарашасынан 1936 жылдың 1 қаңтарына дейін қайта әскери даярлықтан өту үшін жұмыстан босатылды. Ол қайта өтетін әскери даярлықтан 1935 жылы 25 желтоқсанда оралып, өзінің қызметтік міндеттеріне кіріседі. 1936 жылы 2 қаңтардағы Танабаевтың бұйрығы бойынша 1935 жыл үшін Б. Момышұлына тиесілі еңбек демалысы 1936 жылға ауыстырылды. 1936 жылы 16-21 ақпан аралығында Б. Момышұлы сырқаттанып қалуына байланысты демалыста болды деп есептелді. 1936 жылы 25 наурыздағы КСРО Өнеркәсіп банкі Қазақ өлкелік конторасының № 31 бұйрығы бойынша ЖШҚА маманы қатарына шақырылған Б. Момышұлы атқарып отырған қызметінен босатылды. Сонымен қатар, 1936 жылы 29 сәуірдегі № 45 бұйрық бойынша контораның үздігі Б. Момышұлына 300 рубль ақшалай сыйақы берілді. Яғни, мұны әскерге кетіп бара жатқан оның қолына осы сыйақы ұстатылып, кейіннен бұйрықпен рәсімделген деп түсінген дұрыс сияқты. «Ақиқат пен аңызда» Б. Момышұлы «маған екі айлық демалыс қаражаты, оған қоса екі жүз елу сом сыйлық» берілді деп атап көрсетеді. Осылайша, 1936 жылы 26 наурызда Б. Момышұлының әскери қызметі қайта басталып, 59-баптың «б» тармағы бойынша әскери киім кию құқығымен Кеңес Армиясының кадрлары қатарынан запасқа шығарылған 1955 жылдың 21 желтоқсанына дейін үздіксіз жалғасты. Алла жар болса, қаһармандығымен күллі әлемге танылса да батыр атағы, академия бітірсе де генерал атағы берілмеген, полковник шенінде жүріп, генерал-лейтенанттарға дейін сабақ берген Б.Момышұлының бұл кезеңі алдағы күннің әңгімесіне арқау болмақ.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты