«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, балаларды ұлтжандылыққа, патриотизмге тәрбиелеу – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі жастардың елім, жерім дейтін жалынды рухынан менмендігі, қара басын ойлайтын қамсыздығы басым болып бара жатқаны жасырын емес. Бұл – бүгінгі күннің ащы шындығы. Осы тұста ер-азаматтарға парыз болып саналатын әскерге бару тақырыбын саралап көрсек дейміз. Соңғы уақытта әскерге бару, бармау қоғамда үлкен дау тудырып, адамдардың пікірін екі арнаға тоғыстырғаны анық. Бірі «Барсын, ер-азамат өз борышын өтеуі керек» десе, екіншісі «Әскерге барған сау балалар ауру болып қайтып, тіпті қайтыс болып жатыр» деген қорқынышты алға тартады. Осыған орай кейбір ата-ана пара берсе де медициналық орталықтан денсаулығының жарамсыздығы туралы анықтама қағаз алып, баласын әскерге жібермеудің амалын іздейді. Оған әскердегі әлімжеттік себеп.
Басты себеп – әлімжеттік
Әскери әлімжеттік қайдан бастау алды дегенге тоқталар болсақ, ол Кеңес одағы тұсында пайда болған. Әскерге барып келген ағаларымыздың айтуына қарағанда, әскердегі әлімжеттік өткен ғасырдың екінші жартысында қатты өршіген. Ұлы Отан соғысынан оралған майдангерлердің біразы әскер құрамында қалып, Жеңістен кейін шақырылған жас буынды ұрыс жүргізу тәсілдеріне баулыған. Оларды өздерінше тәрбиелеп, темірдей тәртіп орнатқан. Артынша, соғыс көрмегендері де бұл дәстүрді қабылдап, өз білгенінше бұрмалап, жаңа шақырылғандарға әмір етудің бейресми қағидасына, жазылмаған заңдылығына айналдырып жіберген. Себебі, ол кезде азаматтар 2-3 жыл бойы әскери қызметтен өткен. Осы тұста түрлі амалдар тауып, алты ай бұрын келген жауынгерлер жас сарбаздарға үстемдік ететен болған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әскердегі әлімжеттікпен күресу мақсатында Қарулы Күштеріндегі жауынгерлоік борышты өтеу мерзімін бір жылға қысқартты. Демек, бұрын әскерде екі жыл болса, қазір сарбаздар бір жыл ғана қызмет етеді. Сонда да болса, «Жаман әдет жұқпалы» дегендей, кеңес әскері кезінде қлыптасқан әлімжеттілік түрленеп қолданыла бастаған. Қазіргі таңда да жауынгерлердің өз-өзіне жиі қол салуы Қарулы Күштерде әлімжеттік тамырына балта шабылмағанын көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда 200-ден аса әскери өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл – жыл сайын 20-дан аса отбасы Отан алдындағы борышын орындауға кеткен оғландарынан айырылып, қайғыдан қан жұтады деген сөз.
Сау барып, сал болып келген
Даңқты бабамыз Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп жастарды елін, жерін қорғауға шақырғаны белгілі. Ал бүгінгі жағдайда ел аман, жұрт тынышта әскери борышын өтеуге барып, шыбын жаны күйіп кеткен сарбаздар қаншама? Мәселен, 2021 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Ренат Жеткергеновтің әскерге сау барып, сал болып келгені жұрттың әлі есінде. Оның Отан алдындағы борышын аяқтауға 8 күн қалғанда бөлімше әскерилері үйіне ауру қалпында әкеліп тастаған. 2022 жылы орын алған Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығындағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың қазасы да қалың жұрттың қабырғасын қайыстырды. Тізімді тізбектесек, жағамызды ұстаймыз. Сондықтан да қазір «Әскерге шақыру науқаны басталды» дегенді естіген ата-аналардың түн ұйқысы төрт бөлінетін болған. Балаларының бас амандығын ойлаған олардың да жайын түсінуге болады.
Әскерге міндетті борышкерлердің статистикасын сараптасақ, 70 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 40 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 20 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Біз Іле ауданы бойынша әскерге барған және барғалы жүрген жастардың да пікіріне құлақ түрген едік.
Ақиық Бағдатұлы: Менің әскерге баруды бала кезден армандадым. Оған іштей де, физикалық тұрғыда да дайындалып жүрмін. Оған әлі бір жыл уақыт бар. Егер шақырту қағазы келсе, қуана-қуана әскерге барамын.
Асқар Мәуленұлы: Менің әскерге барғым келмейді. Бұл бір жылымды бекер кетіру деп білемін. Одан да уақытты пайдалы іске жұмсаған дұрыс. Үлкен табыс тауып, кәсіпкер атансам деймін. Елді қорғау үшін міндетті түрде сарбаз болып, сапта жүрудің қажеті жоқ.
Сырым Талапжан: Бір жыл Батыс Қазақстанда әскери борышымды өтеп келдім. Қиын түгі де жоқ. Темірдей тәртіпке үйрендім. Адам әскерде көп нәрсені көкірегіне түйеді. Уақыттың, елдің, ата-ананың қадірін білетін болады.
Міне, бүгінгі жастардың әскер туралы пайымы осындай. Қалай десек те, елді қорғау – ер азаматтың борышы. Мәселе – тек балаларымыздың әскерге аман барып, сау келуінде. Осы орайда әскердегі әлімжеттілікті жою бүгінгі уақыт ағымындағы өзекті мәселе болып қала бермек.
Бағдат ШОЙБАС,
Іле ауданы