Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов Жаңаталап шағын ауданында қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, қала дамуының жоспарымен танысты, ел-жұрттың мұң-мұқтажын тыңдады.
Әркен Хамитұлының айтуынша, биыл қала бюджеті 4,4 млрд теңгені құрап, оның басым бөлігі инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсартуға жұмсалмақ. Шаһар дамуының негізгі драйвері инвестиция тарту болып табылмақ. Былтыр негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46 млрд теңгені құраған. Бүгінде ірі жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндірістер мен логистикалық орталық салынуда. Биылдың өзінде 10 ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталмақ. Өткен жылы 463 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмыссыздарды қолдау мақсатында кәсіби оқыту, әлеуметтік жұмыс орындары мен мемлекеттік гранттар бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, 100-ден аса отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Денсаулық сақтау және білім саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Мысалы, «Еңбек» және «Жаңаарна» шағын аудандарында фельдшерлік акушерлік пункттердің құрылысы жүргізілуде. Биыл Жетіген, Қоянқұс және Жаңадәуір ауылдарында жаңа емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орынды жаңа мектеп ашылып, тағы бір 900 орынды мектептің құрылысы жалғасуда. Қаланы абаттандыру, ауызсумен және газбен қамту жұмысы жүргізілуде. Спорт кешендері мен Мәдениет үйлерінің құрылысы жоспарланған. Бір сөзбен айтсақ, Алатау қаласын жан-жақты дамыту қарастырылған. Қолға алынған жұмыстар инфрақұрылымды жаңғырту мен тұрғындар үшін жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Қала тұрғындарының айтар уәжі көп. «Жаңаталап, Жаңадәуір, Еңбек, Құйған ауылдарындағы ауызсу мен жол мәселесі шешілсе» дейді. Алатау қаласы мен халық көп шоғырланған Жаңаталап пен Еңбек ықшам аудандарын жалғайтын қоғамдық көліктің жоғы көпшілікті қынжылтады. Оның үстіне ит аулау қызметінің жоқтығы мен жабайы иттердің көптігі қала халқының бас ауруына айналған. Осы орайда Алатау қаласының әкімі бұл олқылықтардың орнын толтыруда жұмыстар жүргізіліп, жоспар бекітілгенін алға тартты.
Есепті кездесуден соң облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Жаңаталап» ықшамауданындағы №25 және «Ынтымақ» шағынауданындағы №30 орта мектептердің жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аталмыш білім ошақтарында күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанына 8 айдан астам уақыт өткен. Бірақ құрылыс мерзімінен кешіктіріліп, әрі сапасыз жүргізілуде. Осыған орай мердігер компания «Бауыр Құрылыс Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Эльмира Сатыбалдиеваға бірқатар сын айтылды. Құрылыс жүргізу барысында жіберген қателіктерін дер кезінде бақыламағаны үшін жауапты мамандарға ауызша ескертпе жасалды.
Марат Елеусізұлы «Алматы желдекіш зауытына» да барды. Кәсіпкер Марат Баққұлов басқарып отырған зауыттың аяқ алысы жақсы. Компания дәнекерлеуші жұмысын роботтандырып, заманауи техникаларды барынша қолданып отырған жайы бар. «Алматы желдеткіш зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстандағы желдету жабдықтары мен климаттық техника өндіретін жетекші әрі жалғыз кәсіпорын. Зауыт 2008 жылы құрылған. Компанияның негізгі бағыты – климаттық техника мен желдету жабдықтарын әзірлеу, дайындау және іске асыру. Өнім ассортименті өндірістік желдетудің барлық спектрін қамтиды.
«Алматы желдеткіш зауытының» негізгі басымдықтары – қауіпсіздік техникасы талаптарын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдеудің үздік әлемдік технологияларын қолдану. Өндіріс орны Ресей, Германия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның бірқатар компанияларымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Зауыт шағын машина жасау саласында «Импортты алмастыру» бағдарламасы шеңберінде шығарылатын өнім түрін айтарлықтай кеңейтті. 2012 жылдың қаңтарынан бастап зауыт Қазақстан Республикасының Индустрияландыру картасына енгізілген. Өндіріс ошағы желдеткіштің 16 түрін шығарады. Олар көлемі және атқаратын функциясы жағынан алуан түрлі. Желдеткіштер алдын-ала берілген тапсырыс бойынша жасалады. Желдеткіштерді жасау үшін ең алдымен, алюминий панельдер қоймадан шығарылып, Германия мен Қытайдан әкелінген жону және лазерлі кесу аппараттарына жөнелтіледі. Немістің «Trumatic 500» құрылғысы панельді тегістеп, оған орнықты болуы үшін кішкентай кертіктер салады. Ал «TruLaser 1030» құрылғысы алюминий панельдерді қажетті формаға сай кеседі. Ең басты артықшылығы – кесілген орындардың тегіс шығуы. Қос аппарат та компьютер арқылы, арнайы бағдарламалар көмегімен жұмыс жасайды. Құрылғылар жанында операторлар қадағалап тұрады. Мамандар Ұлыбританияда арнайы оқытылып, шеберліктерін шыңдап келген. Тағы айта кетерлігі, корейлік «Hiair Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Алматы желдеткіш зауытының» бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның мақсаты – зауыттың технологиялық базасында Орталық Азия елдерінің мұнай-газ саласына арналған өнімдерді оқшаулау және өндіру үшін технологиялар мен конструкторлық құжаттамаларды беру. Қазіргі уақытта Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) мамандарды оқыту жүргізілуде. Халықаралық мұнай-газ компаниясымен (NCOC) өртке қарсы клапандарды жеткізуге шарт жасалды, енді бізден шыққан желдеткіш өнімдері халықаралық компанияларда қолданылатын болады.
Облыс әкімі сапарының соңында Қоянқұс ауылындағы су резервіне барып, ондағы жұмыс барысын бағамдады.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы