«Қазақстан әйелдері» энциклопедиясына есімі енген, 40 жыл шәкірттерге тағылымды тәлім-тәрбие, сапалы білім берген ұлағатты ұстаз, «Алтын алқа» иегері, Батыр ана Жұмақыз Біләлқызының: «Әуелі Құдайдың құдіретімен кіндік қанымыз тамған туған жерімізде ұлтымыздың үні, елдігіміздің нышаны, ата-бабаларымыздың асқаралы жолымен ғасырлар бойы қалыптасқан ана тілімізді, қастерлі ділімізді, асыл дінімізді, рухани тәлім-тәрбиенің негізгі діңі, бастау көзі саналатын ұлттық құндылықтарымызды үнемі ұрпақтарымызға дәріптеп, оларды құрметтеу – Тәуелсіз елімізді, біртұтас қасиетті Отанымызды шынайы сүюдің әдепті үлгісі болмақ», – деген аналық тілегінің мән-маңызы айрықша.
Ұлттың біртұтас болуындағы аласармас биігі, оның жарқын, көркем көріністерінің бірі де бірегейі – тағылымы мол рухани құндылықтары және отбасылық тәлім-тәрбиесі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Жас ұрпақ санасына әсер етіп, рухани қазынасын арттыру жолында оқу, тәлім-тәрбие беру ісіне септігі тиіп, ықпал еткен айтулы тұлғалар шежірелі тарихымызда аз болмаған. Сайып келгенде, өз елінің ұлттық құндылығының құлдырамауына, салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, білім-ғылымның тамырының тарылмауына көкірегі ояу, көзі ашық әрбіріміздің саналы түрде қызмет еткеніміз жөн деп ойлаймыз.
Биылғы жылдың басында халқымыздың данышпаны, хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын кең көлемде, халықаралық дәрежеде насихатталуына айрықша пейіл танытқан, ұлт құндылығын басты назарда ұстайтын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты ой-пікірі ұлттық құндылықтың өзегі тәлім-тәрбиеде екенін айтып, ел ықыласын ерекше аудартты. Ауыз әдебиетіміздің, жазба әдебиетіміздің білгірі Абай Құнанбайұлы: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға», – дейді. Шындығында, солай ғой. Келелі істердің көшін бастау үшін, жас ұрпақтың рухани жан дүниесі, ақыл-ой, парасаты кемелденген, адамгершілік жағынан кіршіксіз таза, жан-жақты дамыған шәкірттерді білімді де мәдениетті етіп тәрбиелеу – тұтас заманның кезек күттірмес күрделі әрі маңызды мәселесі.
2025 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты 35 жылдық тарихы бар ұлт газеті «Ана тіліне» берген тағылымды, халықшыл сұқбатында биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Жеңістің 80 жылдығының ерекше орын алатындығын, сондай-ақ біз, отаншылдығын нақты ісімен көрсететін, әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндетті екенімізді айрықшалап айтқан болатын. Бүгінгі қоғам үшін әрбір отбасында өсіп-өніп, өркендеп келе жатқан өрімдей ұл-қыздарымыздың дені сау, рухани сауатты, еңбекке, білімге бейімді болып өсуіне туған жерін, кіндік қаны тамған Отанын қадір тұтып, қастерлеуге ықпалы бар өнеге ошағы да ұлттық құндылықтарымызда жатқаны рас. Сан алуан мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан ұлттық құндылық ғасырлар бойы аңыз да абыз бабаларымыздың, әзиз әжелеріміздің, ұлықты аналарымыздың қалыптастырған, ұрпағына аманат еткен бай мұрасынан, Құдайға шүкір, қол үзбеген дарынды, бауырмашыл біртұтас халықпыз. Ұлт руханиятының өзегін өлтірмейтін де өзіміз. Ұлт құндылығын күн тәртібінен түсірмей өрістетіп, өркендету – біздің басты азаматтық борышымыз болуға тиіс. Үнді елінің көрнекті жазушысы, ақын Рабиндранат Тагор: «Балалардан үйреніңдер, олар, әсте, болашақтан күмәнданбайды», – дегені бар.
«Білім қайда болса – биіктік сонда, парасат қайда болса – ұлылық сонда» дейді дана халқымыз. Ғасырлар мен дәуірлер өтсе де, ұлттық құндылықтардың көнермейтіндігінің негізгі тетіктерінің бірі – халықтық педагогикамызда жатқандығы әмбеге аян. Өз еңбегін сүйетін, шәкірттерін жақсы көретін, өз ұжымының абыройлы болуы үшін заманауи жаңа технологиямен қатар еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосу жолында күресе білетін әрбір ұлағатты ұстаздың сый-құрметке лайықты болуға ұмтылуы, азаматтық парызы кім-кімге болса да әсер етпей қоймайды. Ұлттық бай мұрасы, өзіне тән ерекшелігі бар өнерлі халқымыздың прогресшіл болмауы мүмкін емес. Көшелі жұмыстар әсте-әсте орындала береді. Кемшіліксіз артықшылықтың болмайтыны да бар. Ұлт құндылығының артуына, тағылымды тәлім-тәрбиеміздің кең өрістеуіне өшпейтін өсиеті мен өнегесі, ерен еңбегі, ғаламат ғылыми еңбектерін еліне жазып қалдырған халық қаһармандарының бүгінгі, кейінгі өскелең ұрпаққа үлгілі істерін насихаттап, дәріптеуді ешқашан үзбегеніміз дұрыс. Жарқын болашағымыздың жетістікке қол жеткізуіне үнемі тынбай еңбек етуіміз керек. Ақ адал еңбек адамды да, мемлекетті де әрдайым берекелі етеді.
Қазақтың көрнекті ақыны, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» дегенінде көп мағына бар. Ұстаздарға құрметпен қарауды ата-анамыздың тәлім-тәрбиесі арқылы бала күнімізден санамызға сіңіріп өскенбіз. Себебі ұстаздан дәріс алмай тұрып, ұлт құндылығын түсіну мүмкін емес. Өмір өткелдерінен қиындықтарға мойымай, биік белестерге емін-еркін шығуға тәлім-тәрбие мен ұлт құндылығын ұштастырғанда ғана жететінімізді атап айтуымыз керек. Елімізде ағартушы әйгілі ұстаздар жоқ емес. Солардың қатарында халық ұстазы атанған ардақты азамат, абыройлы әке болған Құмаш Нұрғалиев атамыз көзі тірі болғанда биыл 100 жасқа толатын еді. Ұлағатты ұстаздың өз заманында көптеген шәкірттердің көкірек көзін ашуға, қыр-сыры көп өмірге қанаттануына білім нәрін беріп, тәрбиелеудегі еңбегі ерен. Халық даналығында «Жұмақтың кілті ана табанында, ұлықты ұстаз қаламында» дейді. Дәуірлер алмасады, ғасырлар жылжып өте береді. Ал ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы әрқашан жалғасын табады.
«Қыран бүркіт асырар ердің даңқын, қыран жігіт асырар елдің даңқын» демекші, ұлт құндылығының тамыр жаюына, отбасылық тәлім-тәрбиенің тереңдеуіне, ана тіліміздің таза да тұнық ғылымның тілі болуына бар саналы ғұмырын арнаған ойшылдар, ғұлама ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам және саяси қайраткерлердің еңбектері аз емес. Олардың аяулы есімдерін, жасаған ауқымды жұмыстары мен тарихтағы ізгілікті іздерін, ашық аспан астында өмір сүріп жатқан халқымыздың ертеңі үшін дәстүрлі түрде атап жүруге тиістіміз. Мұндай тұғырлы, ерен тұлғаларды еске алғанда, әуелі Әбу-Насыр әл-Фарабиден бастап, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхамеджан Сералин, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Төлеген Тәжібаев, Бейсенбай Кенжебаев, Рахманқұл Бердібай, Мекемтас Мырзахметұлы, Мұхтар Мағауин, Қанипа Бітібаева, Күләш Құнантаева сынды өмірі үлгі, ғұмыры ғибратты ғалымдар, айшықты ұстаздар ұлттық өнердің, мәдениеттің, әдебиеттің білім және ғылымның қарқынды дамуына ықпал жасаған игі жақсыларымыз болатын. Осындай ұрпақтар сабақтастығы тектілік арналарының тоғысып, үндесуінің жалғасы ретінде кейінгі, бүгінгі толқын жан-жақты жұмыстар жасауы қажет. Ғасырлардан бері қаймағы бұзылмаған, құндылығы күн өткен сайын артқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ән-күй, би, жырымызды ұйыстырған ұлттық мерекеміз – жыл басы әз-Наурызды қастерлеп келеміз. Отбасылық тәрбие арқылы қалыптасатын ұлттық құндылық негізі тәрбиеде екенін, ал тәрбиенің күретамыры ұлт құндылығында жатқанын жадымыздан шығармауымыз керек. Өз туған еліңе, жеріңе, кіндік қаның тамған қастерлі Отаныңа үздіксіз жасаған қызметіңіз, сіңірген ақ адал еңбегіңіз ескерілгені, әрине, жақсы. Адам еңбегін, маңдай терін елеген ел тіптен керемет. Руханияттың бастау көзі һәм бұлағы саналатын ұлттық құндылықты алдыңғы орынға қоятын, тәлім-тәрбиесін берік ұстанатын, тәуелсіз елде туып- өскен әрбір болмысы бөлек зерек жан, осы дүниедегі ең бақытты, бай-қуатты болатынын сезінген әрбір адам әлемнің қай түкпірінде жүрсе де еш ұмытпайды. Жадында мәңгі сақталады. Өйткені елдің құндылығы – әрбір адамның өз байлығы.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда саналы адам өзінің терең ақыл-ойы және ерлікке толы ерен еңбегімен құнарлы құндылық түзе алады. Өмірлік серігіне айналған толағай интеллектуалды ізденіс адамды мұратына жеткізбей қоймайды. Үнемі талаптанған таланттар ұлт құндылығының құнарлануына мейлінше үлес қосады. Ол – заңдылық. Заманауи ұлттық идеямызды балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап, мектептегі оқушыларға, студенттерге, жігерлі, жалынды жастарға жеткізу, отансүйгіштікке баулуға бар күш-жігерімізді салсақ та артық етпес. Шәкірттердің санасына өмір салтына сіңген құндылық пен сенім адамдағы құлық-сананы орнатудың нағыз қозғаушы күші болары күмәнсіз. Ұлт құндылығы мен тәрбиенің өзегі саналатын тіл – тарихтың тірі тұғыры болғандықтан, оны күнделікті жетілдіру – біздің негізгі міндетіміз. Кезінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болған, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, рухы биік тұлға Өмірзақ Айтбайұлы: «Жаратылыстану ғылымдарының бәрін ағылшынша оқытамыз деген сөз – абсурд. Математика, физика, химия пәндерін мектепте қазақша оқып өстік қой, олардың бәрінде қазақша қалыптасқан терминдер бар. Академик Қаныш Сәтбаевтан бастап небір мықты ғалымдардың бәрі жаратылыстану пәндерін қазақша оқыған, солар кімнен кем болды? Қазақ мектебінде балаға көптеген пәндерді ағылшынша оқыту –қазақ тілін құртумен бірдей. Егер балаға қазақ тілінде білім берілмесе, оның кімге қажеті бар?» – деп, өміршең ойын осылайша түйіндегені әрқашан ел есінде болса игі еді.
Менталитетімізге жат құндылықтарды, жат тәрбиелерді бойы түгілі, ойына да дарытпайтын ұлттық дәрежедегі қайратты жас қауымның қалыптасып, жетіліп жатқаны еліміздің негізгі қуаныштарының біріне айналғанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Құндылықтарымыздың аясын кеңейту – интеллектуалды кемелдікті талап ететін іс. Мақсатымызға жетудің шарттары, тетіктері, әрине, жоқ емес. Заманында ұлттық құндылықтарынан, басты ұстанымдарынан айырылып қалған, айырыла жаздаған халықтар аз болмаған. Оған – шежірелі тарихымыз дәлел. Өз құндылықтарына бейжай қарамаған елдің озық ұлтқа айналатынын өмір заңдылықтары үйретіп келеді. Бабадан өсиет, атадан қасиет іздеген ел болғандықтан, ұлт құндылығының анық белгісі – ана тіліміздің тамырының суалмауына дәстүрлі қызмет жасау біздің міндетіміз болғаны дұрыс. Мыңжылдықтарға ұласқан, айтылмаған, хатталмаған, сыры мен шындығы қатпар-қатпар тарихымызды аршып, тың ғылыми зерттеу жүргізудегі үдерістерді үзбеуіміз керек.
Тілімізді, дінімізді, ділімізді адамгершілік пен туралық жолынан таймай, әдетке айналдыру арқылы құндылықтарымызды, ғасырлық тәлім-тәрбиемізді өзімізден басқа ешкім келіп өркендетпейтіндігін білетіндіктен, жан-жақты дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсағанымызды салауатты ұрпақпен бірге жалғастырып үйреткеніміз жөн. Жер бетіндегі мұралары өте бай халықтардың қатарында болғандықтан, әдет-ғұрыптарға, салт-дәстүрлерімізге, ырым-тыйымдарға, наным-сенімдерге, әдептілік ошағы саналатын барлық игілікті сақтау және ұмытпайтындығымыз қанымызда бар қасиет екендігін бәріміз білеміз. Әрі соған сай ауқымды тірліктерді атқаратындығымыз баршамызға пайдалы. Құндылықтың бір тармағы халық мирасында екенін, оның қамтитын өрісіне, абыз бабалардан қалған халқымыздың төл өнері – ақындар айтысын тыңдағанда, тұлабойыңды тітіркендіріп, ішкі жан дүниеңе серпіліс жасайтын сөздің төресі – термеміз де бабалардан жеткен асыл мирас. Арайлап атар әр таңды таңға жалғаған жыршылық дәстүрімізді, даналар мен ойшылдар жазған жасампаз дастандарды үнемі оқып, тыңдап жүру бойымызға қуат, ойымызға шуақ береді. Әз халқымыздың жаны мен қанындай әсем ән мен күмбірлеген тәтті күйді, ұлт құндылығын, руханиятын отбасылық тәлім-тәрбие арқылы ұрпақ санасына сіңіруге, дұрыс өсуіне, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы болуына көп көңіл бөлген халықпыз.
Біз бабаларымыздың арман- мұратына, асыл аманатына қашанда адал болған қайырымы мол, танымы кең білікті ұрпақпыз. Қастерлі Отанымызға, баянды тәуелсіздігімізге, ұлт үні – ана тіліміздің тигізер әсері, келтірер пайдасы аз емес. Адамның басты қасиеті – адамгершілігімізден айырылмауға арқау болатын, құндылықтарымыздың құлдырамауына риясыз қызмет қылуды ұмытпайтын ұтымды ұлт болайық. Ғылым жаңалық аша алғанда, ақиқатты айта алғанда ғана – ғылым. Сол секілді ұлттық құндылықтарымыздың да әлі ашылмаған тұсы, шертілмеген сыры көп. Тұнып тұрған ғылым деп айтсақ, керағар пікір болмас. Мемлекеттің, қоғамның, адамдардың ілгерілеуіне, жетілуіне, ізгіленуіне септігі тиген тарихи тұлғаларымыздың бәрі де ұлт құндылығының арналы дариясына аянбай қызмет еткен, сол дариядан су ішіп, мейірі қанған қайраткерлер еді. Қазақтың шежірелік төл дәстүріндегі абыздардың қариялық, даналық сөздері адамгершілікке үндейтін фольклорымыз, қазақтың ауызша тарихы, бәрі-бәрі сайып келгенде, ұлт құндылығына, тәлім-тәрбиенің тереңдеуіне үздіксіз қызмет ететін рухани азық дүниелер. Өркениеттің көшін бастауға, әлемдік жаһандануға жұтылмауға, өміршең құндылықтарымыз бен жасампаз тәлім-тәрбиеміз арқылы өзгелерден еңсеміздің биік, мысымыздың жоғары тұратынын басқалар еріксіз мойындау үшін нәтижелі еңбегіміздің біртұтастықта ғұмыр кешетін ел болғанда ғана іс жүзіне асады деп ойлаймыз.
Абдрахман Тәуекелұлы,
Берік Баилов,
Ғани Смаханұлы