Қаңғыбас иттер – жұртшылықты алаңдатып отырған мәселелердің бірі. Бұл Қарасай ауданы тұрғындары үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінде кезбе иттерді аулау мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр? Бұл туралы бізге аудандық ветеринария бөлімінің дәрігері, ит аулау қызметінің басшысы Әли Исқар айтып берген еді.
Біз маманмен бірге бірнеше елдімекенді аралап, иесіз иттерді аулау қалай жүргізілетінін, сондай-ақ ұсталған иттер сақталатын уақытша изоляторда қандай күтім жасалатынын көзімізбен көріп қайттық. Алдымен Қаскелең қаласындағы жағдаймен танысып, содан кейін Жібек жолы ауылдық округіне атбасын тіреген едік. Бұл жерде арнайы бригада көшелерде жүрген иттерді аулап жатқанын көрдік. Олардың арасында қаңғыбас иттер ғана емес, сонымен қатар иелерінің бақылауынан тыс қалған үй иттері де болды.
Бригада құрамында тек үш адам – жүргізуші және екі ит аулаушы маман бар екен. Бригада ауданның барлық 11 ауылдық округінде қаңғыбас иттерді аулаумен айналысады. Олардың жұмысы ауыр әрі өте күрделі, тіпті қауіпті екенін осы жолы сезінген едік. Себебі ауланатын иттердің арасында үйретілмеген, қабағандары да жиі кездесіп жатты.
Жұмыс басталысымен Жібек жолы ауылының Ж.Дүйсеков көшесінен үш қаңғыбас ит ұсталды. Ауланған иттер қорабына ұзын темір жәшік орнатылған «Газель» жүк көлігімен тасымалдайды. Әдетте оған 30 итке дейін сыяды екен. Бұл жәшік толған сайын ұсталған иттер Береке ауылында орналасқан уақытша изоляторға жөнелтіледі.
Осыдан кейін Көлащы ауылындағы
Д.Қонаев көшесінің бойында қараусыз жүрген иттер құрықталды. Тұрар ауылында дүкен мен дәріхана маңында тағы бір ит қолға түсті. Анықтай келе, оның иесі қарт әже дүкенге сүт пен нан алуға кеткені белгілі болды. Ауланған иттер арасында тұқымды иттер де кездесіп жатты. Изоляторда питбул, хаски, овчарка сияқты тұқымды иттердің бар екенін байқадық.
– Қаңғыбас иттердің адамға шабаланбайтыны қызық, – дейді Әли Серғазыұлы. – Негізінен адамдарға шабуылдайтындар үй иттері, олар үйден шыққанда өздерін еркін сезінеді. Бірақ мамандар иттің тұқымына қарамай, көшеде жүргенінің барлығын аулайды
Біз Береке ауылының шетінде орналасқан уақытша изоляторға да бардық. Бұл жерде Қарасай ауданының ветеринарлық стансасы мен ветеринарлық бөлімше жұмыс істейді. Уақытша изолятор да осы жерде орналасқан. Ұсталған иттер осындағы темір торларда күтіледі.
Изолятор қызметшісі Ақмарал Тілеубергенова қамақтағы иттерді тамақтандырады, су береді, сырқаттарына ем жасайды.
Әли Серғазыұлының айтуынша, иттер мұнда үш күн ұсталады. Кейбірінің иелері табылып жатса, олар иттерін алып кетпес бұрын 10 айлық есептік көрсеткіш (МРП) мөлшерінде, яғни 39 320 теңге айыппұл төлейді. Айыппұлды полицияның учаскелік инспекторы ғана салатынын ескерте кету керек. Ветеринария қызметкерлері итті чиптегеннен кейін ғана олар иесіне қайтарылады. Ал иесі келмеген иттерді зооқорғаушылар алады, бірақ олар да чиптелінеді.
Өткен жылдың соңында ауданның елдімекендерінен 2804 ит ұсталған болса, биылғы жылдың басынан бастап 715 ит құрықталыпты. Иттерді аулау қалай жүргізілетінін көрген соң, бұл бағытта жасалынып жатқан жұмыстардың жолға қойылғанына көзіміз жетті. Тұрғындар да бұған түсіністікпен қарайтын болған. Изоляторға жақын маңда тұратын зейнеткер Аманкүл Әсемқараева:
– Иттерді аулау жұмысы жүйелі жүргізіліп жатқанын көріп отырмын. Олардың арасында иелері бар иттер де кездеседі. Сондықтан мен бұл келеңсіздіктің себебі адамдардың өз итіне жауапкершілікпен қарамауынан деп ойлаймын, – деген пікірін білдірді.
Сапар соңында Әлі Серғазыұлы ұсталған иттерді іздестіру бойынша – 8-707-522-51-02 телефонына хабарласуға болатынын жеткізді.
Әрине, жоғарыда аталған процедуралардан кейін иттер иелеріне қайтарылады. Алайда осындай жағдайлардың алдын алып, қаржылық және моральдық шығындардан сақтану үшін, сондай-ақ айналадағы адамдар мен өз жануарларымызға зиян келтірмеу үшін үй жануарларын ұстауға жауапкершілікпен қарау қажет-ақ!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы