Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары барысында Сиань қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Жиында Президент тек Қазақстан үшін ғана емес, аймақаралық бірқатар маңызды мәселені көтеріп, елдер арасындағы сауда-саттық, логистика, туризм мен мәдениет, трансшекаралық су ресурстары, өнеркәсіп саласын дамытуға қатысты көптеген ұсыныс айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға да баса мән беру керегін де жеткізді. Саммит қорытындысы бойынша, алты мемлекет басшысы Сиань декларациясына қол қойды. Енді Орталық Азия мен Қытайдың екінші саммиті 2025 жылы Қазақстанда өтпекші.
17 мамырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барған еді. Ол сапардың соңғы күні, яғни бүгін Сиань қаласында өткен «Орталық Азия-Қытай» саммитіне қатысып, өз ұсыныстарын жеткізді. Оның айтуынша, Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуетін Қытайдың экономикалық қуатымен ұштастыру маңызды болмақ.
«Ұлы Жібек жолы Сиань қаласынан бастау алған. Біздің елдеріміздің өткен тарихы, бүгіні және болашағы осы жол арқылы тығыз байланысып жатыр. Сиань – Қытайдың бай тарихи-мәдени мұрасын, сонымен қатар кемелденген күш-қуатын әйгілеп тұрған қала. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадам көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын»,- деді ол сөз басында.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, біріншіден, тауар айналымын арттыруды басты назарға алу керек.
«Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар»,-деді Президент.
Бұдан бөлек ол көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қажеттігін еске салды.
«Он жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұсынған болатын. Содан бері осы ауқымды жобаның тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді. Бұл мегажоба Ұлы Жібек жолын жаңғырту ісіне ықпал етті. Сондай-ақ, көптеген елде заманауи көлік инфрақұрылымын салу жұмысын жандандырды. Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан, «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді. Осы орайда, Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту керегін де атап өтіп, Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынды.
«Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы елдер бірлесіп, соңғы жылдары бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – қуанышты жағдай. Оған Қытайдың атсалысуы жобалардың табысты болуына септігін тигізері анық. Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн», – деді ол.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін, Қазақстанның мұнай экспортын көбейтуге мүдделі екенін де еске салды.
«Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде қолданыстағы «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі тұр. Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір жаһандық азық-түлік нарығы жиі құбылып тұрғанын, сондықтан да ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсу қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі. Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын… Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді. Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет», – деді Президент.
Сонымен бірге Президент мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ туризмді дамыту қажеттігін де тілге тиек етті.
«Жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді Президент.
Президент осы сапар барысында Сиань қаласындағы Бас консулдықтың ашылуына қатысты. Ол Бас консулдықты қысқа мерзім ішінде ашуға қолдау көрсеткені үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.
ҚазАқпарат