Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген мәселелердің барлығы дерлік маңызды. Әйтсе де солардың ішінде құрылтай мүшесі Бекзат Алтынбековтің той мәдениетін бір ізге түсіретін ереже қажеттігін айтқан ұсынысын ерекше атап өтер едім.
Өйткені, қазақ халқы – тойшыл халық. Сондықтан бүгінгідей ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мәдениетіміз бен ана тілімізді, асыл дінімізді, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қастерлі құндылықтарымызды сақтап қалу һәм жаңаша жағырту өте өзекті болып тұрған шақта той-мерекелерді дұрыс өткізу, оған қатысқан жандар жақсы тәлім, үлгілі-өнеге алатындай етіп ұйымдастыру аса маңызды. Қазір қарап отырсаңыз, тойдың көбі ең алдымен өз уақытында басталмайды, содан кейін ысырапшылдық тым басым. Ал өлім-жітім кезіндегі аста-төк дастарқан одан да асып түседі. Екеуінің айырмашылығы – тек арақ-шараптың қойылмайтынында ғана. Әйтпесе, бес-алты түрлі салат, кемінде екі ыстық тамақ, бәліш-самса, нан-бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, жеміс-жидек, тары-талқан, түрлі кәмпит-печенье – барлығы тұр. Тойда солай-ақ болсын, ал жақынынан айырылып, қара жамылып отырған жерде аста-төк дастарқанның не қажеті бар?! Ол жерде нан-бауырсақ, шелпек, бір салат, бір тамақ, шаймен бірге азын-аулақ қант-кәмпит, печенье болса, жеткілікті емес пе?
Оның үстіне Алтынбеков мырзаның айтқанындай, жиын-тойлардағы бейәдеп сөз, анайы анекдот, ебедейсіз ойын, асабалардың мәдениетсіздігінен тойға келген қауым ешқандай тәрбие ала алмайды. Шын мәніне келсек, қазақтың әрбір жиын-тойы ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі болуы тиіс. Бұл – біреудің қызығына араласып, жаман үйді қонағы билейді дегендей, қазан-ошағы мен дастарқанын билеу емес, ұлттық құндылықтарды сақтау мен оны болашақ ұрпаққа жеткізудің бір жолы деп түсінгеніміз жөн. Сондықтан да мен Ұлттық құрылтайда айтылған той-жиындар белгілі бір деңгейде ортақ қоғамдық бақылауға алынуы қажет әлеуметтік проблемаға айналып барады, мұндай өрескел әрекеттерді тыю үшін әдеп ережесін қабылдау қажет деген пікірмен толықтай келісемін. Бұл ұсынысты халықтың көпшілігі қолдайтынына да ешқандай күмәнім жоқ.
Мәдина ҚОНЫСБАЕВА,
Талғар қаласындағы №4 жалпы білім беретін орта мектеп-лицейі директорының орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі