Перейти к содержимому
Главная страница » Ұстаздар тәжірибесі

Ұстаздар тәжірибесі

      Қазақ халқында «Өткенін білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр» деген тәмсіл бар. Мемлекеттігімізді қалыптас­тырып, тәуелсіз­дігімізді баянды ету үшін тіліміздің атқарар рөлі қаншалықты маңызды болса, ата-бабаларымыздан жеткен даңқты тарихымызды шаң-тозаңнан аршып, ұрпақ санасына сіңірудің де алар орны ерекше.

Осы орайда, Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылындағы орта мектепте «Төрт дәуір – бір тарих: ұлт болмысының қалыптасуы» тақырыбында облыстық тәжірибелік алаң ұйымдастырылды. Аталған шараға білім мекемелерінде тарих пәнінен сабақ беретін 92 мұғалім қатысты.
Алаң жұмысының салтанатты ашы­лу рәсімінде облыстық әдістеме­лік орталықтың әдіскері Қ. Тоғызбаев, Қарасай аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинеті­нің мең­геру­шісі Ж.Бегалиев қатысу­шыларға сәттілік тіледі.
Тәжірибелік алаңның жұмысы Қазақстан тарихын қамтитын төрт кезең оқиғалары негізінде жүр­гізілді. «Ерте заман тарихы» алаңында А.Байжанов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Е.Тұралықызы мен Қазақ-Британ халықаралық (Ғылым&Инновация) мектебінің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерт­теуші Ж.Баймолдинаның жұмысы таныстырылды.
«Орта ғасырлар тарихы» бойынша Кемертоған орта мектебінің тарих пәні мұғалімдері, педагог-зерттеушілер Х.Ислам, Б.Өтеғұловалар ойларын ортаға салды.
«Жаңа заман тарихы» алаңында Кемертоған орта мектебінің тарих пәні мұғалімдері, педагог-сарапшы А.Балтабаева мен педагог-модератор А.Әлімованың еңбектеріне баға берілді. «Қазіргі заман тарихы» алаңында Абай атындағы ОМГ тарих пәні мұғалімдері, педагог-зерттеушілер Э.Есмұратова мен А.Қалиеваның тәжірибесіне қанықты. Бұдан кейін Кемертоған орта мектебінің психологы, педагог-зерттеуші Ж.Рамазанова «Эмоционалдық тепе-теңдік сәті» тақырыбында тренинг өткізді.
Тарих пәні ұстаздарының басқосу жиынын мектеп директоры А.Әбішева жүргізді. Келген қонақтармен қазақтың тарихи тұлғаларына қатысты әңгіме тиегі ағытылды. Тәжірибелік алаң жұмысын Қ.Тоғызбаев қорытынды­лап, белсенділік танытқан ұстаздарға сертификаттар табыстады.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы