Қарасай ауданындағы «Нұр-Аман» спорт кешенінде Алматы облысындағы спорт мекемелері қызметкерлері арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Аталған жарыста барлығы 32 команда, 250-ден астам қатысушы бақ сынады
«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі жарыста сіздер ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға өзіндік үлес қосуға, алға ұмтылудың жарқын үлгісін көрсетуге келдіңіздер. Сондықтан қатысушыларға сәттілік тілеймін! Кіл мықтылар жеңіс тұғырынан көрінсін!», – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Айбол Күлбаев өзінің құттықтау сөзінде.
«20 наурыз – Ұлттық спорт күнінде еліміздің әр аймағында сайыстар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар ұлықталып жатыр. Ұлы Дала тарихының қойнауынан нәр алған ойындар қайталанбас салт-дәстүр мен мәдениетті сақтап қана қоймай, әрбір қатысушының бойында ерік-жігерді, шыдамдылықты, қарсыласына деген құрметті қалыптастырады» – деді Қарасай аудандық №2 БЖСМ директоры Қайрат Бірімжанов.
Жарыста спорт мектептері мен мекемелердің қызметкерлері асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, садақ ату, армрестлинг және гір көтеруден сайысқа түсті. Оның ішінде бапкерлер де, әдіскер мен есепші де, қарапайым жұмысшылар да бар. Бұл сайыс бәрін жұдырықтай жұмылдырды.
«Облысымызда дене шынықтыру мен спортты дамыту қарқын алуда. Мұндай жарысқа үшінші рет қатысып отырмын. Біз спорттық қабілетімізді жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алдық, сонымен қатар ұжымдар арасындағы достық қарым-қатынасымыз да нығая түсті. Сондықтан ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді жарысқа қатысушы Қайсар Қиса.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және тиісті дәрежедегі дипломдармен марапатталды.
Жарысты ұйымдастырушылар: Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық дене шынықтыру мен спортты дамыту орталығы.