Тазалық – табиғатты аялап, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үндейтін маңызды іс. Осы орайда жер-жерде өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру. Кеген ауданында аталмыш акция жалғасын тауып, сенбілік ұйымдастырылды.
«Аудан тазалығы үшін» деген ортақ тілек екі қолға бір күрек ұстатты. Жаппай тазалау жұмысына барлық мекеме қызметкерлері құрал-саймандарын алып, білек сыбана кірісті. Олар өздеріне белгіленген жерді күл-қоқыстан тазартты. Жалпы аудандық сенбілік барысында ауланы абаттандыру, бейберекет тасталған қоқыстарды шығару сияқты жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, ауданға қарасты 12 ауылдық округтегі көрнекті орындар мен көшелер қоқыстан тазартылды.
Сенбілікке барлығы 400-ден астам адам қатысып, ауыл көшелері, саябақ аумақтары қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ жиналған қоқыстар арнайы техникалармен шығарылып, уақытша полигонға жеткізілді.
«Тазалық – денсаулық кепілі» деген ізгі мақсатты басшылыққа алған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев сенбілікке жиналған көпшілікке алғысын жеткізді.
– Баршамыз Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға жиналып отырмыз. Айналаны таза ұстау – әрқайсымыздың борышымыз деп санаймын. Әр аула, көше, ауыл таза болса, ол – біздің осы өңірдің ажарлануына қосқан үлесіміз. Сондықтан атсалысып жатқан баршаларыңызға алғыс білдіремін, – деді.
Бұл бастама ары қарай да жалғасын тауып, «TazaLike» іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Таза жағалаулар», «Таза су айдындары», «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ» деген атаумен тазалық жұмыстары жүргізілетін болады.
Туған өлке тазалығы – баршаға ортақ іс. Оған тұрғындар түгелдей атсалысу керек екенін естен шығармайық.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы