Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның биылғы жылдағы алғашқы отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков төрағалық еткен жиынға бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімінің орынбасарлары онлайн қатысты.
Басқосуда кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу, биылғы екі айдағы құқықбұзушылық, дағдарысқа түскен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету, мектепке бармайтын балаларды анықтау мен шешім қабылдау мәселелері қаралды.
Биыл облыста балаларын тәрбиелеу, асырау және оқыту бойынша өздерінің ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін 606 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл турасында ақпарат берген облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев кәмелетке толмағандарға қатысты атқарылып жатқан жұмыс барысын да баяндап өтті.
– Департаменттің ювеналдық полиция қызметкерлері тарапынан толық емес, тұрмысы нашар отбасынан шыққан, өгей әкесімен бірге тұратын балалар бақылауға алынған. Облыста педофил санаты бойынша 60 адам есепте тұр. Оларға мекенжайлары бойынша учаскелік полиция және жедел уәкіл қызметкерлері қадағалау жүргізеді. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жыныстық тәрбие беру мақсатында дәрігерлер мен арнайы мамандар тарапынан 518 дәріс оқылды. Қылмысты болдырмау және алдын алу барысында «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Аталған іс-шара кезінде балалардың түнгі уақытта заңды өкілсіз жүруі бойынша 1329 дерек және ойын-сауық орындарында жүруі бойынша 28 дерек анықталды. Алайда атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалып жатқан қылмыстар күн санап өсуде. Осыған орай облыстық білім басқармасына балаларды ақпараттандыру, ата-аналарға арналған оқыту бағдарламаларын дайындау сынды бірқатар іс-шараны ұсынғым келеді, – деді басқарма бастығы.
Құқықбұзушылыққа бейім жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету маңызды. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Ләззат Мырзабекованың айтуынша, жастар ресурстық орталықтары бұл бағытта белсенді қызмет атқарып келеді.
– Аудандардағы жастар ресурстық орталықтарында психологтар жұмыс істейді. Жастардың эмоционалдық тұрақтылығын нығайту және дағдарыс жағдайымен күресу дағдыларын дамыту мақсатында мектептер мен колледждерде 21 психологиялық тренинг және 14 семинар өткізілді. Бұл іс-шаралар жастардың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Сонымен қоса олардың бос уақытын тиімді өткізуіне және әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған 16 қоғамдық және спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың жаңа мүмкіндіктер ашуына көмектесті, – дейді Ләззат Оразбекқызы.
Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызының сөзінше, соңғы кезде түрлі себептермен мектептен қол үзген балаларды қайта оқу ордасына оралту қиындай түскен.
– Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жайттардың алдын алу үшін психологтардың жұмысын жолға қоюмен қатар, арнайы жауапты органдар мен білім мекемелері арасындағы жұмысты нығайту керек деп ойлаймын. Оқyға бармайтын кәмелетке толмағандардың артуына түрткі болған түрлі себептер бар. Біз мұны жергілікті әкімдіктер және құзырлы органдармен бірге терең зерделеуіміз қажет, – деді Гүлсара Тастандықызы.
Жиын соңында комиссия төрағасы Болат Күреңбеков қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне, зорлық-зомбылық пен суицидке жол бермеу және олардың санын азайту екенін айтты. Өйткені өмірге келген әр баланың өз құқығы бар. Оларды қорғау – үлкендерге парыз. Осы бағытта нәтижелі істер атқарылуы үшін Қонаев қаласы мен аудан әкімдеріне, облыстық полиция департаменті мен білім басқармасына нақты тапсырмалар берді.
Ерзат АСЫЛ