Бұл туралы Іле ауданының әкімдігінде өткен брифингте Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр мәлім етті.
Брифингте Үлкен Алматы айналма жолымен жүру ақысы туралы халыққа түсіндірілді. Мәселен, жеңіл көліктерге бір реттік кіріп-шығу бағасы 240 теңге, салмағы 2.5 тоннаға дейінгі жеңіл көліктер 414 теңге, салмағы 5.5 тоннаға дейінгі жеңіл автокөліктер 759 теңге, салмағы 10 тоннадан жоғары көліктер 1 483 теңге, салмағы 15 тоннадан жоғарылар 2484 теңге төлейді.
«Сондай-ақ Алматы облысындағы Қарасай, Іле, Талғар ауданының тұрғындары үшін жеңілдік қарастырылған. Олар үшін 1 айлық абонемент 1725 теңге болса, 1 жылға 6 АЕК көлемінде ақы төлеп, абонемент ала алады. Жеңілдікке ие болу үшін көліктер осы аймақтарда тіркелуі тиіс. Есеп бойынша қазіргі таңда мұнда 300 мыңға жуық көлік бар», – деді спикер.
Спикердің сөзінше, преференция (бір жылға немесе бір айға абонемент) алу механизміне сәйкес, ҮААЖ өкілі әкімдікте немесе әр ауданның халыққа қызмет көрсету орталығында отыратын болады. Онда жолды пайдаланушы тұлға RFID-белгілерін (көлік туралы мәліметтерді оқу және есептеу жүйесі) алады. Егер абонемент ақысы дер кезінде төленбесе, тариф бойынша төлем жүргізіледі.
Аталғандардан бөлек, Жамбыл Бақтияр ҮААЖ еліміздің тарихында бірінші рет инвестор арқылы жүзеге асырылып отырған теңдессіз жоба екенін атап өтті.
«Бұл жоба 2000 жылдың басында жоспарланған. Бірақ экономикалық жағдайға байланысты кейінге қалдырылып, 2020 жылы қайта қолға алынды. 2023 жылы маусымның екінші жартысында пайдалануға берілмек. ҮААЖ ерекшелігі – 16 жыл бойы жөндеу, сырлау, әрлеу жұмыстары осы жолды салған, түріктің «Alarko contracting group» компаниясы мен кореялық «Makyol» компанияларының инвесторлардың құзырында болмақ», – деді Жамбыл Бақтияр.
Alatau News