Адамның ойлау қабілетін дамытатын ұлттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ. Бүгінде бұл спорт түрі жастар арасында кеңінен таныла бастады. Оған білікті бапкерлердің қосып жатқан үлесі зор. Осылай дегенде, Кеген ауылында тұратын ардагер-спортшы Гүлсім Мұсаеваның тәлімгерлігін ерекшелеп айтсақ, артық етпес.
Тоғызқұмалақпен шұғылданып жүргеніне 40 жылдан асқан кейіпкеріміздің жетістіктері аз емес. Осы уақытқа дейін еліміздің 11 дүркін чемпионы болып, ҚР спорт шебері атанған. Бұл өнер Гүлсім Мұсаеваға ата-бабасынан дарыған. Атасы Нұрғали Мұсаұлы мен әкесі Қызайбек тоғызқұмалақ шеберлері болған екен.
– Мені атам қасынан бір елі тастамайтын. Бес жас шамасындамын, жайлауда қой бағамыз. Қолдары босаған сәтте малшылар жиналып тоғызқұмалақ ойнайтын. Оларға қызыға қарап жүріп мен де бұл ойын түріне машықтандым, – дейді Гүлсім апай балалық шағын емірене еске алып.
Гүлсім Қызайбекқызы 1958 жылы 2 қаңтарда Ұйғыр ауданы Диірмен ауылында дүниеге келген. 1975 жылы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын комсомол жастар бригадасынан бастайды. 1976-1978 жылдар аралығында Алматы қаласындағы мақта-мата комбинаты колледжінде оқып, білімін жұмыспен ұштастырған. 1978 жылы отбасы жағдайына байланысты Көкшетау облысы Уәлиханов ауданына қарасты Чанай ауылына қоныс аударады. Онда тігін цехында екі жыл жұмыс істейді. 1980 жылы Алматыдағы Сауда және аспаздық колледжінде кассир-контролер мамандығын алып, кассир қызметін атқарған.
1985 жылы Ұйғыр аудандық спорт мектебіне жұмысқа қабылданады. 1987 жылы Есік қаласындағы педагогикалық колледжді қызыл дипломға бітіріп шығады. 1992 жылы Талдықорған қаласындағы политехникалық колледждің спорт және дене тәрбиесі бөліміне түседі. 1995 жылы тоғызқұмалақтан республикада топ жарып, ҚР спорт шебері атанады. 1985 жылдан бастап жаттықтырушы ретінде Ұйғыр, Жамбыл, Кеген аудандарында және Жаркент қаласында тоғызқұмалақ спортының дамуына өз үлесін қосып келеді. Ұйғыр ауданынан тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне 25 кандидат дайындап шығарды. Шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орыннан көрініп жүр.
Қазіргі таңда Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жаттықтырушы қызметінде. Гүлсім Қызайбекқызы ҚР тоғызқұмалақ федерациясының, Алматы облысы әкімінің, облыстық спорт басқармасының Алғыс хаттарына ие болған.
Жамбыл ауданындағы спорт мектебінде арнайы бөлім ашып, жұмыс жүргізді. Бірер жылдың ішінде дарынды шәкірттерін көптеп дайындап, жастар және ардагерлер бәсекесінде бірінші орынға қол жеткізді. Бұл – білгір маман, білікті бапкердің ерен еңбегі.
Гүлсім апай жастармен ғана жұмыс істемейді, ауылдағы үлкен кісілерді де тоғызқұмалаққа баулып жүр. Өйткені бұл спорт – түрі ойын ғана емес, баға жетпес ұлттық қазына.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы