Мұны облыс әкімдігінде өткен сыбайлас жемқорлық мәселелері туралы жиналыста өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Бекинов айтты.«Биыл облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 19 қылмыс тіркелді. Бұл қылмыстарға 27 адамның қатысы бары анықталды. Оның ішінде облыс басшылығынан 3 адам бар», – деді Нұрсұлтан Бекинов.
Департамент басшысы орынбасарының сөзінше, қазіргі таңда құзырлы орган барлық болған жағдаяттарды әлеуметтік желіде кеңінен таратып жатыр. Бұл да сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды алдын алу шараларының бірі.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Бекинов мұндай қылмыстардың жыл сайын қайталануы назар аударарлық әрі қауіпті жағдай екенін айтты.
«Мысалы, 2020 жылы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары мердігер компаниядан 32 миллион теңге алғаны үшін ұсталды. Соттың шешіміне сәйкес, ол 75 миллион теңге айыппұл төледі. 2021 жылы кәсіпкерлік басқармасының басшысы 33.5 мың доллар пара алып, 100 миллион теңге айыппұл төледі. Биыл мәдениет басқармасының басшысы ұсталды. Ол халық шығармашылығы орталығының басшылығымен бірге бюджеттен 3 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Іс сотқа жіберілді. Бұл кісілердің барлығын сіздер танисыздар, әріптес болғансыздар», – деді Бекинов басқарма басшыларына.
Жиында сыбайлас жемқорлық туралы Заңға енгізілген өзгерістер туралы да сөз болды. Оның бірі – 2019 жылдан бастап пара алып, сотталғандарға рақымшылық жасалмайтыны жайлы болды. Яғни, мысалы қылмыскер 7 жылға сотталса, сонша мерзім түрмеде отырады. Мұнымен қоса, темір торға тоғытылғандар орташа қауіпсіздіктегі мекемелерде жазасын өтейді.
Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің қызметін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау ұсынылды.
Alatau News