Иммунизация мәселесі – денсаулық сақтау саласындағы өзекті бағдарламалардың бірі. Тұрғындарды вакцинациялау арқасында вакцина күресе алатын жұқпалы аурулардың азаюына қол жеткізе аламыз. Біз осы орайда, иммундаудың пайдасы жайлы облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаиловпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Марат Әділжанұлы, елімізде екпенің көмегімен қандай жұқпалы аурулардан сақтануға болады?
Біздің елімізде әр адам тегін медициналық көмек алуға құқылы. Қазіргі кезде Ұлттық күнтізбесіне сәйкес 22 жұқпалы ауруға қарсы вакцинация тегін жүргізіледі. Профилактикалық екпелер нәресте дүниеге келген сәттен бастап қолданылады. Айта кету керек, екпе жүргізу мерзімдері кездейсоқ анықталмайды, анасынан берілген антиденелер баланың денесінде белгілі бір уақытқа дейін сақталуын ескере отырып дайындалады. Мысалы, дифтерияға қарсы антиденелер 2-3 ай, қызылшаға қарсы антиденелер 6 айға дейін сақталады. Ал, туберкулез бен вирустық В гепатитіне қарсы балада қорғаныш қабілеті бола бермейді. Осыған сүйене отырып, оған туудың алғашқы күндерінде туберкулезге немесе “В” гепатитіне қарсы, ал 2-3 айында дифтерияға қарсы екпе егеді. Бір сөзбен айтқанда, екпе жүргізу аралықтары ғылыми түрде дәлелденген.
Иммундаудың жетістіктері қандай?
Вакциналар ең алдымен аурудың алдын алу үшін керек. Медицинаның әлемдегі шешек ауруын жою, полиомиелитпен, дифтериямен, қызылшамен сырқаттанушылықтың айтарлықтай төмендеуі сияқты ірі жетістіктері осы инфекциялардың қоздырғыштарына қарсы тиімді вакцина препараттарының арқасында ғана мүмкін болды. Балаларды дифтерия анатоксинімен кеңінен иммундау 70-ші жылдары дифтерияны іс жүзінде жоюға жағдай жасады. Айта кету керек, вакцина ойлап табылғанға дейін, қызылшадан жылына орташа есеппен 2 миллионнан астам адам қайтыс болатын. ДДҰ мәліметтері бойынша, 2000 жылдан 2017 жылға дейін әлемде қызылшадан болатын өлім деңгейі 80%-ға төмендеді. Қызылшаға қарсы вакцина, әсіресе, нәресте өлімінің төмендеуіне әсер етті. Вакциналардың арқасында шешекті жоюға және полиомиелитті жоюға едәуір мүмкіндік туды, ал безгек және жатыр мойны обыры сияқты ауруларға қарсы вакциналардың пайда болуы осы аталған ауруларды азайтуға септігін тигізеді.
Марат мырза, иммундаудың артықшылығы туралы сөз қозғағанда оның келесі бір тұсы, яғни, иммундаумен қамтудың жеткіліксіздігі жайлы айтпай кету жөн болмас. Айтыңызшы, вакцина алмаудың соңы қандай жағдайға әкелуі мүмкін?
Вакцинация адамдардың тек өз денсаулығы үшін ғана емес, сонымен қатар қоғам денсаулығы үшін де жасалады. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін иммундауға жататын халықтың 95% екпе алғаны жөн. Халықты иммундаумен толық қамтымау, әсіресе бірнеше жыл ішінде инфекцияға сезімтал адамдар санының артуына әкеп соғады, ал бұл өз кезегінде жұқпалы аурулардың пайда болуына және олардың таралуына әкеледі.
Екпе жүргізуге қандай да бір талаптар қойыла ма?
Профилактикалық екпе жүргізу алдында медицина қызметкері егілетін адамды жіті қарап-тексереді. Медицина қызметкері оған не оның заңды өкіліне профилактикалық екпе туралы, оның ықтимал қолайсыз көріністері мен одан бас тартудың салдары туралы толық ақпарат береді. Вакцинация ата-аналардың немесе қамқоршыларының келісімі алынған жағдайда ғана жүргізіледі.
Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар екпе алудан бас тартып жатады. Бұған әрине көптеген факторлар әсер етеді. Десе де екпеден бас тартудың салдары қандай? Осы жайында айта кетсеңіз.
Вакциналар жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалса да, иммундауға деген сенімсіздік артып келеді. БАҚ пен әлеуметтік желілерде вакциналар туралы фейк ақпарат жиі таралады, сенсация үшін деректерді асыра сілтеп, фактілерді бұрмалап жатқан жағдайларды көріп жатамыз. Соның нәтижесінде көптеген ата-аналар балаларын вакцинациялаудан бас тартады. Бұл ретте екпеден бас тартқандардың жасы, себептері және вакцина түрлері бойынша бақылау жүргізіледі.
Вакциналардан кейінгі жанама әсердің түрлері қандай?
Вакцинация кез келген басқа дәрі сияқты жанама әсерлерге ие болуы мүмкін. Ең жиі кездесетін жанама әсерлер әдетте төзімді келеді. Қазіргі заманғы медицина үлкен жетістіктерге жетті, бірақ вакцинация арқылы алдын алуға болатын аурулар қауіпті болатынын ескерген жөн. Дегенмен де вакцинация бүгінгі күні көптеген аурулардың алдын алуға болатын ең тиімді тәсіл ретінде өзін дәлелдеп үлгерген.
Марат Әділжанұлы, арнайы уақыт бөліп, бізге сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!