Жеңістің 80 жылдығына орай әкеміз Байділдә Үмбетжановтың ерлік жолын қайта еске түсіріп, кейінгі жас ұрпаққа кеңінен өнеге ретінде ұсынуды жөн көріп отырмыз. Әкеміз көзі тірісінде Отан үшін от кешкен жылдары жайлы қолжазба қалдырған еді. Асқар тауымыз бүкіл саналы ғұмырын Отанына арнап, адал еңбек етіп, он бала тәрбиелеп, өсіріп, бәрінің жоғары білім алуына қамқорлық жасады. Жоғары партия мектебін бітіріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосты. Жас ұрпақ тәрбиелеп, білім саласында еңбек етті. Отанын сүйген оғланның «Будапешт шайқасының батыры» деген тақырыппен сол кездегі «Советский воин» газетінде суреті басылды. Сол суретін Кеңес әскерінің Мәскеудегі архивіне өтініш жазып, өзіне алдырған еді. Тарихи суреттің көшірмесін де облыстық газет бетіне жариялауды құп көрдік. Қыста қар жауып тұрғанда түсірілген суреттің біз үшін орны бөлек. Ал қолжазбасын оқыған сайын көз алдымызға Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр көріністері келе қалады, еріксізден сол уақыттағы жанкешті уақыт, қиын-қыстау заман енді қайталанбаса екен деп тілейсіз.
«1942 жылы ақпанда әскерге алындым. Алдымен Алматыдағы №88 запас полкінде, миномет ротасына бардық. Құрамымызда Нарынқолдан бір топ комсомол мүшесі бар. Олар Абай ұжымшарынан Саркеев, Темірғалиев, Шелекеев, Крупская ұжымшарынан Нұрқасымбай Дәркенбаев, тағы басқалары бар, барлығы 50-60 адам бірге болдық. Бізді 1-гвардия бригадасына қосты. Мен ол кезде рота командирі, аға лейтенант Трофимов, саяси жетекші Тәжібаевтардың басқаруында взвод командирінің көмекшісі және ротаның комсоргы болып тағайындалдым», – деп жазылған ардагер қолжазбасында. Ары қарайғы жазбасында әкеміз қалай майдан даласынан келгенін, алғашқы ұрыс қимылдарын қаз-қалпында баяндайды.
«Избитск, Барбаренко ауылдарының маңында қорғаныс соғысын жүргіздік. Жазда Курск, Орловск бағытында дайындықта болдық. Бұл 1942 жылдың 9 шілдесі еді. Біз қарсы шабуылға аттандық. Мен миномет расчетінің командирі едім. Он күн бойы кескілескен ұрыс жүргіздік. Жаудың шабуылын тойтардық. Жау бір адым да ілгері баса алмады. Үлкен шығынға ұшырады. Сол кезде мен полктағы комсомол комитетінің бюро мүшесі едім. Ұрыс арасында шептерді аралап, комсомол қатарына мүше қабылдадық. Жау тарапынан түскен парақшаларды жинап, өртедік. 1942 жылы шілдеде мені КПСС мүшелігінің кандидаттығына қабылдады. Ұсынысты полк комиссары, полк комсоргы, капитан Малыхин және полк комсомол комитетінің бюросы берді. Сол жылы қарашада Аткарскіде, Саратов қаласына жақын стансада біздің дивизия бірінші механикаландырылған гвардия корпусы болып қайта құрылды. Мен корпус құрамында сол бөлімде болдым. Біздің корпус Сталинградты қоршауға қатыстық. Жауды Мерезовск, Миллерово, Ростов-на-Дону бағытымен батысқа қарай қууға кірістік. Немістер қоршауда қалған 330 мың әскерін құтқару үшін қолдан келгенінің бәрін істеп бақты. Генерал-фельдмаршал Манштейн тағы да қалған тың күштерін қосып, қоршаудағы Сталинградқа қарай ұмтылды. Осы кезде кескілескен ұрыстар болды. Соның бірі – қысқы шабуылда озып кеткен генерал Баденовтің 24-танк корпусы. 11-кавалерия дивизиясының әскерлерін қоршаудан құтқару үшін ұрыс жүргіздік. Бір-екі елдімекен орны үшін фашистердің 120-артиллерия полкымен біздің құрам көптеген ұрыс жүргізіп, бір топ фашисті жойдық. Адамы жоқ, ескі қыстақ 10-реттен аса қолдан-қолға көшті. Ол бір жыраның ішінде еді. Шабуылға шыққан немістер жыраның ішін жағалай алға ұмтылғанда, минометтен оқ жаудырдық. Тіпті сол жағымыздан тұспа-тұс келіп, бізді айнала кесіп өтіп, қоршамақ болды. Біз бір адым да шегінбедік. Жақындап келгенде винтовка, автоматтан оқ атып, жаудың бетін қайтардық. Немістер өлгендерін тастап, кейін шегінді. Осы ұрыста комвзвод Трофилов оққа ұшты. Мен взводтың командасын қолыма алып, ұрыс жүргізе бердім. Бұл 1943 жылдың ақпан айының ерте кезі еді. 23 ақпанда маған «Үздік минометші» төсбелгісін тақты», – деп жазған естелігінде ардагер әкеміз.
Отанын сүйген батыр әкеміз соғыс даласындағы көріністерді тізбелей отырып, бірге от кешкен қаруластарының ерлігін жеткізеді. Сол уақыттағы генералдардың да жұмысын, ұтымды шешімдерін әңгімелейді. «1943 жылдың наурыз айында Водяной, Самсоновка селосы үшін үлкен ұрыс болды (Ворошиловград облысы болу керек). Біздің қарсыласымыз Сталинград қоршауын бұзуға жіберілген немістің ең таңдаулы «СС» армиясы және танк бөлімшелері екен. Әскердің ол тобын атақты фельдмаршал Майнштейн басқарған. Водяной түбінде мені бақылау пунктіне жіберді, қолымда телефон аппараты бар еді. Село сол шұңқырда екен. Мен жотаға барып, 100-150-дей неміс танкісін көрдім. Оларды жоюға миномет батареясына команда бердім. Сол жерде бірнеше неміс әскері, миномет расчеті жойылды. Ертесіне Водянойдан 2-3 шақырым жердегі Самсоновкаға шабуыл жасадық. Бұл бірінші гвардия бригадасы еді. Оны корпус командирі, генерал-лейтенант Русьянов басқарған. Теміржолдың батысында немістер, шығысында біз, арасы 100-150 метр шамасы еді Немістер бізді қуу үшін 10 шақты танк пен жүздеген әскерін шабуылға шығарды. Үсті-үстіне күнұзақ шабуыл жасаумен болды. Кішкентай жыраға орналасқан менің расчетім, бір зеңбірек, гоубица тоқтаусыз оқ жаудырды. Мина немістердің ортасына барып, дәл жарылғанын көріп жүрдік. Арамыз өте жақын еді. Оң жақ және сол жақ қанатымыздағы біздің әскерлер беткейде болғандықтан, неміс танкілері көп шығынға ұшырады. Көмекке келген біздің екі танкіні немістер өртеп жіберді. Қыр астынан оқ жаудырып жатқан біздің бірінші гвардия бригадасы болды. Сонау Сталинград түбіндегі қоршаудағы шайқастан көп шығынға ұшырап, адам азайған еді. Біздің екі расчет, бір миномет, бір пулемет-максимді немістер көре алмады. Сондықтан бізді көп күш деді ме, жаудың жаяу әскері кейін шегінді. Келесі шабуылға мина таусылғандықтан, немістің өз автоматынан оқ жаудырдым. Расчет мүшелері винтовкамен атты. Автоматты қысқы шабуылда қолға түсірген едік. Немістер жеңіске жете алмады. Кейін шегінді. Ұрыс біткен соң қарасақ, немістерді аяусыз шығынға ұшыратқан екі, үш расчет пен 15-20 адам ғана екенбіз. Осы ұрыста кейін мені КПСС мүшелігіне қабылдады. Бұл 1943 жылдың 12-13 наурызы болу керек. Жазда далалық резерв майданында Запарожье қаласын алуға, Лозовой стансасы мен Кировоград бағытындағы соғыстарға қатыстық. Осы жерлерде екі рет қоршаудан аман шықтым. Контузия алғандықтан санбөлімде 2-3 ай емделіп, өз бөліміме қайта оралдым. Будапешт қоршауындағы ұрыстарды аяқтау Балатен, Велен көлдері мен Секешфехервар қаласындағы ұрыстардан басталды. Ол кезде мен танкіге қарсы ататын батареяның 75 мм зеңбірек расчетінің командирі, батарея парторгы едім. Будапештті азат ету ұрысына қатыстым. Ол жөнінде 3-Украин майданының үні «Совеский войн» газетінің 16 қаңтар, 1945 жылғы 14 (883) нөміріне «Будапешт соғысының батыры» деген тақырыппен суретім басылды. Ол суреттің астында былай деп жазылған: «Миномет расчетінің командирі, қазақ, гвардия аға сержанты Б.Үмбетжанов 2 миномет, 2 зеңбірек расчетін жойды». Көп кешікпей, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттады. Наурыз айында мені танк училищесіне, офицерлер оқуына жіберді. Мен үшін соғыс аяқталды. Содан кейін соғыс тағы 6 айға созылды. Барлығы соғыста үш жыл болдым. «Будапештті алғаны үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін», тағы басқа медальдармен наградталдым», – деп түйінделеді ардагер қолжазбасы.
Түсінген адам бір ғана қолжазбадан қаншама тарихи дерек табары сөзсіз. Соғыстың ауыр көріністері айна-қатесіз сипатталған жазба біздің әулет үшін ғана емес, болашақ зерттеушілер үшін де құнды мұра боларына күмән келтірмейміз. Сөз түйінінде әлемде соғыс іс-қимылдары тоқтап, елімізде бейбітшілік туы желбірей берсін демекпіз.
Майгүл ҮМБЕТЖАНОВА,
Райымбек ауданының
Құрметті азаматы