Перейти к содержимому
Главная страница » Дарынды шәкірт – мектеп мақтанышы

Дарынды шәкірт – мектеп мақтанышы

      Жамбыл ауданы Еңбекшіарал ауылындағы орта мектеп оқушылары да білікті ұстаздардан сапалы білім алып, олимпиада мен байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Балалардың ойлау қабілетін дамытуға, іскерлік дағдыларын қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға Зүлфия Бейісбекова, Жанарбек Кәдекұлы және Асқар Қызырхан сынды мұғалімдердің қосып жатқан үлесі зор.

Мектептегі дарынды шәкірт­тердің жетістіктерін айтар болсақ, жалпы білім беретін пәндер және ғылыми жобалар бойынша респуб­ликалық олимпиаданың облыс­тық кезеңінде 11-сынып оқушылары Бақберген Нүркен мен Арина Ардақ екінші орын иеленді. Ал 10-сынып оқушысы Серік Қарақат «Атом энергиясы – шексіз мүмкіндіктер» атты облыстық зерттеу жобалар байқауында жүл­дегер атанды. Ол – сонымен қатар респуб­ликалық «Мәшһүр Жүсіп оқуларының» жеңімпазы. Тағы бір өнерлі шәкірті­міз Сара Бейсенқұл «Тәуел­сіз­дік – мәңгілік елдің тұғыры» байқауында эстрадалық ән аталымы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін арнайы диплом, «Жас жұлдыз» республикалық өнер бәсекесінде бас жүлде иеленіп, халықаралық «Самға самұрық» байқауында жүлделі орынға қол жеткізді. Жоғарыда аталған оқушылар өздерінің еңбекқорлығымен, табандылығымен білім жарысында оза шауып, мектебіміздің мақтанышына айналды. Олардың жетістіктері – барша оқушыға үлгі.
«Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді келеді» демекші, жастарға жол сілтеп жүрген ұстаздардың бірі – Жанарбек Кадекұлы. Өзінің іс-тәжірибесін облыстық семинарда жан-жақты көрсетіп, біліктілігін арттырғаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар ол – жоғары оқу орнына түсуші талапкерлерге арналған тест кітаптары мен тапсырмалар жинағының авторы.
Шәкірттерінің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, шыншылдық пен қайырымдылықты, ұлттық құндылықтарды дарытып, тұлғалы азамат болып қалыптасуына ұстаздар қауымының сіңіріп жүрген еңбегі зор.

Раушан Құрманалиева,
«Еңбекшіарал ауылындағы орта мектеп»
КММ директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары
Жамбыл ауданы