Ежелден бірлігі мен тірлігі біте қайнасып, төсекте басы, төскейде малы қосылған, бір-біріне етене жақын қазақ пен қырғыз достығы жыл санап артып келеді. Бұл орайда Кеген ауданы мен көрші Қырғызстан Республикасының Түп ауданы арасындағы өзара ынтымақтастық пен татулық та бүгінде өркен жая түсті. Рухани байланыстағы екі аудан ата-бабалардың игі дәстүрін насихаттап келеді.
Көктем шыға достық пейілмен көрші Түп ауданының әкімі Қаныбек Әдиев бастаған делегаттар Кеген жеріне келді. Мақсаты Қырғызстан Республикасы Түп ауданы әкімшілігі басшыларының Кеген ауданы өңіріне іссапар барысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша, инфрақұрылым (жол, көлік, құрылыс, инвесторлар тарту т.б), туризм бағытында, мәдениет пен өнер, спорт саласында және өзге де ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен тәжірибе алмасу.
Қырғыз елінен келген делегаттардың қатарында Түп ауданының әкімі Қаныбек Әдиев бастаған Түп аудандық мемлекеттік администрациясының аппарат жетекшісі Роза Кусеинова, Түп аудандық мемлекеттік администрациясының экономика бөлімінің басшысы Салқын Оморова, Түп аудандық Аграрлық өнеркәсібі басқармасының басшысы Бекбосун Абдылдабеков, Түп аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Гулайым Орозбаева, Түп ауыл аймағының ауыл үкіметі басшысының орынбасары Арсланбек Токонов, Қарасаев ауыл аймағының ауыл үкіметі басшысы Ерлан Чоркозов, Балбай ауыл аймағының ауыл үкіметі басшысы Мақсат Бакасов, Ыстықкөл ауыл аймағының ауыл үкіметі басшысы Урмат Бозгунов, Қарқара ауыл аймағының ауыл үкіметі басшысы Рустам Черикбаев және бірқатар кәсіпкерлер бар.
Меймандарды «Қарқара – Түп» кеден бекетінен аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бастаған азаматтар күтіп алды.
Ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Медет Исаев мәртебелі меймандарды Кеген ауылында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға инвесторлардың көмегімен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен таныстырды. Баспана маусым айында 100 отбасыға табысталады. Жалпы, бұл санат бойынша ауданда 150 азамат тіркелген, әрбір отбасыға үй беру мәселесі басты назарда. Мәселен, өткен жылы 30 отбасы баспаналы болса, биыл бұл тұрғын үйлерден бөлек, 120 пәтерлі үйді қолданысқа беру жоспарланған. Жобалық сметалық құжаттары дайын, әзірге қазынадан қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.
Ары қарай қонақтар Кеген ауылдық округінің әкімдігі, Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебі, Жастар орталығында болды. 2015 жылы ашылған өнер мектебіне былтыр мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың есімі берілген. Бүгінде 890 оқушы, қосымша 9 мамандық бойынша білім алады. Атап айтсақ, мұнда домбыра, дәстүрлі ән, бейнелеу өнері, би сынды үйірмелер қарастырылған. Екі елдімекенде қосымша бөлімдері де бар.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру, тәжірибе алмасу бағытындағы кездесу жиынында делегация құрамын таныстырып, сөз алған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Кеген ауданы – табиғи ресурстары мол, географиялық орналасуы мен климаты қолайлы өңір. Аудан аграрлық өңір болып саналады. Бүгінгі таңда ауданда 1620 шаруашылық бар. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. Сонымен қатар, ауданда ауыл шаруашылығын дамытуда суару желілеріне инновациялық технологияларды енгізу, егіс алқабын кеңейту, мал шаруашылығын асылдандыру жұмысы күтіп тұр. Қазіргі уақытта ауданда бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда, – деді ол.
Сапар барысында екі өңір басшылығы аудандағы «КазМясо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Мұнда асыл тұқымды «Абердин-ангус» ірі қара малы өсіріледі. Мал басы 4700-ді құрайды. Көрші ел өкілдері аталған мал тұқымына қызығушылық танытып отыр. Кеген ауданы мал шаруашылығы бойынша облыста жоғары орында, ауданда 47 мыңнан аса ірі қара мал басы, 215 мыңға жуық ұсақ мал өсіріледі. Өз кезегінде мал шаруашылығында өндірілген өнімді экспортқа шығаруда үлкен әлеует бар. Осы мақсатта алдағы уақытта Қырғызстан Республикасымен алыс-берісті ұлғайту жұмыстары нақтыланды.
Ауданда құны 4,5 млрд болатын аймақтағы ең ірі «КегенМясоПром» ЖШС ет комбинаты салынып, аз күнде қолданысқа берілмек. Іске қосылса, күніне 25 тоннаға дейін ет өңдеуге қауқарлы кәсіпорын болады. Онымен қоса, ауылдағы жүзден аса тұрғын жұмыспен қамтылады. Бұл кәсіпорынмен делегаттар арнайы сапар барысында танысты.
Кеген – аграрлы аймақ. Тұрғындардың негізгі кәсібі – мал және егін шаруашылығы. Сондықтан шаруаларды қолдау мақсатында ірі ет комбинаты салынып, Кегеннен бөлек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек аудандарынан шикізат алуды жоспарлап отыр. Онда серіктестік ет өнімдерін мен шұжықтар даярлайды.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өз сөзінде:
– Біздің алға қойып отырған мақсатымыз – екі ел арасындағы достықты нығайту. Қырғыз елінде ет, картоп өнімдері арзан. Осы сынды бір-бірімізге тиімді бағытта қарым-қатынас орнатсақ – деді.
Бұдан кейін іс-шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тауып, онда Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасы қойылып, қонақтарға сый-құрмет көрсетілді.
Кеген ауданының экономикалық өсімінің негізі туризм саласында да жақсы байқалады. Өткен жылы Көлсай көлдеріне 500 мыңға жуық турист келіпті, екі ел арасындағы бұл бағыттағы жұмыстар да қарқынды жүзеге асуда. Былтыр «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, Іле Алатауы саябағы, «Алматы» қорығымен Қырғызстан Республикасының «Шонкемин» табиғи паркі арасында меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, бүгінде «Көкпек – Кеген – Түп» республикалық тас жолы жөндеуден өтпек.
Іссапардың екінші күні делегаттар Көлсай көлдерінде болды.
– Қырғызстанда Ыстықкөл, «Жетіөгіз» деп аталатын этноауыл өте жақсы дамыған. Сіздерден көп нәрсені үйренуге болады. Парк аумағына күн сайын алыс-жақын шет елдерден туристер келіп жатыр. Біздің бірінші мақсатымыз келген туристерге жағдай жасау, – деген «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Хамит Ахметов айыр қалпақты ағайындарға туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Ауданда ауыл шаруашылығын техникасын жаңарту бағдарламасы бойынша «ҚазАгроқаржы» АҚ-дан 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке он жаңа техника алынды. Жалпы құны – 140 млн 820 мың теңге. Делегация Жалағаш ауылында болып, дақылдарды өсірудің жаңа технологиясымен танысып, жаңа сатып алынған ауыл шаруашылығы техникаларын тапсыру шарасына қатысты. Онда сөз сөйлеген Нұрбақыт Теңізбаев:
– Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Кең дала», «Ауыл аманаты» бағдарламалары жүзеге асуда. Соның аясында облыс әкімі Марат Елеусізұлының тапсырмасына сай, көктемгі дала жұмыстарына көп көңіл бөлініп жатыр. Егістік, мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар жаңа техника сатып аламын десе, оған жеңілдетілген субцидия беріледі, – дей келе, шаруалардың жұмысына сәттілік тіледі. Шара барысында екі аудан басшысы шаруа қожалық иелеріне жаңа тракторлардың кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
– Сапарымыздың негізгі мақсаты Түп ауданы мен Кеген ауданы арасындағы байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасу. Біршама жаңа нәрселермен таныстық. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар, спортшыларды қолдау үшін жасалатын жобалардың қарқыны жақсы екен. Алдағы уақытта өңірімізде бізде осындай жобаларды енгізуге шешім қабылдап отырмыз. Мал шаруашылығы бағытындағы бет алыс та көңілімізден шықты. Сапар барысында Ангус тұқымын өсіретін шаруамен кездестік, бұл іске біз де қызығушылық танытып отырмыз. Кеген ауданы әкімдігіне үлкен рахмет! Енді біздің өңірге де келіп-кетіңіздер, – деген Түп ауданының әкімі Қаныбек Әдиев Кегендегі келелі істерге көңілі толатынын айтты.
Биіктігі 500 метр болатын деривациялық үлгідегі жоғары қысымды У.Д. Қантаев атындағы «Мойнақ» су электр стансасы – аудандағы ең үлкен нысан. 9 шақырым жерасты су жолы арқылы биіктігі 5 метрлік құбырмен келетін арынды су 300 МВт электр энергиясын өндіреді. Стансының жылдық қуаты 1 миллиард кВт/с электр энергиясын құрайды. 1 МВт қуат өндіру үшін 0,246 текше метр су жұмсалады. Бұл – гидростанциялар арасындағы ең үздік көрсеткіш. Мұндағы қызметкерлердің жалпы саны 127 адам.
Қырғыз ағайындардың кезекті аралау нысаны – осы «Мойнақ» су электр стансасы болды. Директорлар кеңесінің мүшесі, учаске бастығы Әнуар Мұңалбаев «Мойнақ» су электр стансасының жұмысын көрсетті. Стансыдағы бүкіл іс автоматтандырылған.
– СЭС бөгеті Шарын өзеніндегі Бестөбе су қоймасын қамтиды. Сумен толтыру көлемі шамамен 10 км шаршыны құрайды. Су қоймасының ұзындығы шамамен 16 км, ені 0,5 км-ге дейін, су қоймасының толық сыйымдылығы – 238 млн м3, пайдалы сыйымдылығы – 198 млн м3. Болашақта тағы бір су қоймасын салу жоспарланып отыр, – деген учаске бастығы «Мойнақ» су электр стансасының жұмыс ауқымы кең екенін атап өтті.
Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, Алатаудың күнгейі мен теріскейін қоныс еткен қос халықтың тарихи тамырластығы, бауырластығы ажырамай келе жатқаны баршаға аян. «Қазақ-қырғыз бір туған» дейді қос халық. Бауырлас елдің Кегенге келуінің өзіндік себебі бар. Іргелес жатқан екі аудан сауда-саттық, барыс-келіс, алыс-беріс жағынан байланысты нығайта түспек. Бұл сапар қазақ-қырғыз қарым-қатынасын жаңа белеске көтерері сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы