Әке жолын, әкесі қалыптастырған өнер жолын сәтті жалғастыру оңай емес. Ол үшін ерен еңбекпен қатар биік талғам мен туабітті талант керек. Осындай қастерлі міндетті Дінзухра Нұрғисақызы ойдағыдай атқаруда. «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері ретінде Тілендиев даңқын паш етіп келеді.
Сөз басын әріден бастағанды жөн көрдік. Ол кезде Нұрғиса Тілендиев бастауыш сыныптың оқушысы екен. Алматы вокзалының маңындағы жатаған үйде тұрыпты. Әкесі Атабай дүниеден озған. Балалардың ауыртпалығы анасы Салиханың мойнына жүктелген.
Бір күні қалқан құлақ қара бала қораның төбесіне шығып, домбырамен күй тартады. Оның үні пойыздан енді ғана түскен зиялы жанды елең еткізеді. Әлгі адам арнайы іздеп келіп, өнерлі баланың талантына тәнті болады. Бұл – академик Ахмет Жұбанов еді. Тұсауын Ахаң кескен сол бала кейін ұлы композиторға айналды.
Өнерлі отбасында туып-өскен Дінзухра да кішкентай кезінен ән-күйге бейім болды. Оның музыкаға деген ынтызарлығын көріп әкесі ерекше қуанған. «Кейін менің өнер жолымды қызым жалғастырады», – деп айтқаны Дінзухраның шабытына шабыт қосқаны анық.
«Әкем мені еркелетіп өсірді. Ешқашан қолымнан қаққан емес. Әлі есімде, ол үнемі өзінің туындысы «Туған күніңмен» әнін жиі-жиі орындатушы еді. Алты жасымда өз қолымен жетелеп әкеліп музыка мектебіне берді. Онда пианино сыныбында оқыдым. Анам екеуміз мектептен үйге жеткенше әкемнің шығармаларын тыңдап баратын едік. Алғаш рет пианинода оркестрмен қосылып Моцарттың туындысын орындадым. Шығарма аяқталған тұста соғылған шапалақтар маған ерекше қанат бітірді. Тағы да сахна төріне көтерілгім келді. Сол сәтте әкемнің қуаныштан балбұл жайнаған бейнесі әлі көз алдымда», – дейді Дінзухра Нұрғисақызы.
Әкелі-балалы екеуі музыкант болып қана қойған жоқ, бірдей мамандықты да иеленді. Нұрғиса Тілендиев Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның дирижерлік факультетін бітірді. Одан кейін Абай атындағы опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде бас дирижер болып еңбек етті. 1981 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрып, оны академиялық оркестр дәрежесіне жеткізді.
Әлемдік музыка тарихына үңілсек, есімі аңызға айналған италияндық дирижер Артуро Тоскани екенін білеміз. Ал қазақ даласындағы сондай тұлғаның қатарында кім тұр дегенде, сөз жоқ, дирижер Нұрғиса Тілендиевті айтар едік. Тарлан талант туралы «Ғибратты ғұмыр» сериясымен шыққан өнертанушы Жарқын Шәкәрімнің кітабын парақтап көрдік. «Шығарманың мың-мыңдаған нота тактілерін бар денесіне жинап алып, соны бір-бірлеп қайта шығаратындай күйге түсетін. Музыка өлшемін берік сақтай отырып, еркіндікке берілетін. Әр аспаптың қай жерде, қалай ойнау керек екенін жатқа біліп, оған иегімен белгі беретін. Нұрғисаның дирижерлік еткенін қазақтың ұранын шақырғандай әсерде қабылдаған қалың көрермен дүр етіп орнынан тұратын. Олардың дирижерға деген қошеметінде шек жоқ», – деп жазған екен.
Әке жолын қуған Дінзухра да Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлік факультетін бітірді. Осы салада жан-жақты ізденіп, ерінбей еңбек етіп, қабілет-дарынын ұштады. Мамандығының қыры мен сыры туралы ол:
«Мені дирижерлік өнерге баулыған консерваториядағы ұстазым Төлепберген Әбдірашев ағамыз еді. Дирижер – оркестрдің жетекшісі. Оған қашанда үлкен жауапкершілік жүктеледі. Орындалған шығарманың көрерменді баурап алуы оның білімі мен білігіне, таланты мен шеберлігіне тығыз байланысты. Есту қабілеті де ерекше болуға тиіс. Оқуымыз аяқталар тұста мемлекеттік емтиханды «Отырар сазы» оркестріне дирижерлықтан тапсырдық. Әрине, біз осыған дейін консерватория қабырғасында бұл өнерге әбден машықтанғанымыз рас. Десек те тұңғыш рет оркестрдің алдына шығып, өнер көрсету оңай емес екен. Қатты қобалжыдым. Бірақ музыка әлемі өзіне қарай тарта берді. Сөйтіп оркестрдегі алғашқы қадамым сәтті шығып, оқу орнын үздік бағаға бітірдім.
Әкем оркестрдегі әрбір дыбысты қалт жібермейтін. Кішкентай ауытқушылықтың өзін тез аңғаратын. Сондай сәтте таяғымен көрсетіп, музыканттарға ескерту жасайтын. Ол туралы әкемнің көзін көрген әріптестері емірене еске алады», – дейді Дінзухра.
Қазақтың көне аспаптарын қайта тірілте отырып, ұлттық оркестр құруды Нұрғиса Тілендиев асқан құштарлықпен қолға алған. Бұл бастаманы сол кездегі орталық комитеттің хатшысы, әйгілі өнертанушы-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков барынша құптады. Нәтижесінде «Отырар сазы» қазақтың музыка өнерін әлемге паш етті. Өзге ұлттың өкілдері сыңғырлаған қазақ үніне орындарынан тік тұрып қол соқты. Әсіресе Пхеньянда өткен концертте Корей мемлекеті басшысының өзі оркестрге және оның жетекшісі Нұрғиса Тілендиевке айрықша құрмет көрсеткен екен. Дінзухра әкеден қалған сол асыл мұраны жауапкершілікпен қабылдап алды. Оны жаңа заманға сай жетілдірді. Тәуелсіз еліміздің мәртебесін арттыруға оркестр арқылы атсалысты.
«Бүгінгі таңда оркестрдің құрамы бұрынғыдан да толықты. Солардың ішінде кезінде әкеммен бірге істеген ағаларым мен әпкелерім де бар. Олар барлық жұмысты Нұрғиса Тілендиевтің деңгейімен салыстырып, бағалап үйренгендер. Алғашқы кезде олар дирижерлік жұмысыма қалай қарайды деп жүрексінетін едім. Пікірлерінің дұрыс екенін сезгенде одан сайын қанаттандым. Әкемнің ізін баса алғаныма, шығармашылық мұрасын ойдағыдай жалғастырғаныма шүкіршілік етемін. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда «Отырар сазы» оркестрі өзіндік үлес қосып келеді. Ана бір жылдары Францияға гастрольдік сапармен барғанда анық байқадым, шетелдіктердің төл өнерімізге деген құрметі ерекше», – дейді ол.
Нұрғиса ағамыздың тағы бір қыры – жыр алыбы Жамбылды ерекше құрметтеген. Екінші жағынан алғанда – өзі жыраудың ұрпағы. «Егер маған сақал қойса, Жамбыл тәтемнен айнымай қалатын едім», – деп тебіренеді екен. Дүниеден озар алдында: «Мені Жамбыл музейіндегі қорымға қойыңдар», – деп соңғы сөзін айтқаны бекер емес. Әйгілі «Ататолғау» күй-поэмасын Жамбыл Жабаевқа арнаған еді. Нұрғиса Тілендиевтің басқа дирижерлардан айырмашылығы – ол барша қазақты ән-күйімен баураған дарынды композитор болды. Дінзухраның да күйшілігі бар. «Орындалмаған арман» атты күйі – әкесіне арналған шығармасы.
«Үйіміздегі көптеген заттарды музейге өткіздік. Оның ішінен әкемнің өз домбырасын іріктеп алып қалдым. Кейде осынау жәдігермен үнсіз сырласамын, – дейді Дінзухра.
Қазақ музыкасына сіңірген ерен еңбегі үшін Нұрғиса Тілендиев Халық әртісі атағын алды. Композитор даңқы Халық Қаһарманы болуымен жалғасты. Осы жағынан алып қарағанда, әкесі мен қызының өзара ұқсастықтары бар. Дінзухра Тілендиеваға да «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін дамытқаны үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Кеңестік кезеңде республика басшысы болған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев Нұрғисаның талантын ерекше қадірлеген. Осындай үрдіс бүгінгі таңда Дінзухраның өміріне де тән. Мемлекет басшысы асылдан қалған тұяқтың ұлттық музыка өнеріне үлес қосып жүргеніне дән риза.
Әкеден қалған өнер жолын өз ұрпағының ойдағыдай жалғастырғаны – өмірде сирек кездесетін оқиғалардың бірі. Тілендиевтер әулеті сондай ерекшеліктерімен де бақытты.
Болат МӘЖИТ