-13 °c
Qonaev
Friday, May 9, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Мәдениетімізді арттыру – маңызды міндет

    25.04.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Мәдениетімізді арттыру – маңызды міндет
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

        Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген келелі мәселелерді халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында өңірге іссапармен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыс активімен кездесті.

    Жиынды ашқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыру жолында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
    – Соңғы үш жылда облыс экономи­касының тұрақты өсуі байқалады. 2021 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша республикада 10-орынды иеленсе, 2023 жылы 5-орынға көтерілді. 2024 жылдың тоғыз айында да осы көрсеткішті сақтап қалдық. Экономиканың барлық саласында 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысы еліміздің инвестициялық тартымдылы­ғын арттырып, қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Биыл 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфельдегі 207 жобаның 35-ін іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық құрылтайда еліміздегі орасан зор мүмкіндіктері бар салалар қатарында агроөнеркәсіптік кешен атап өтілді. Бұл сала облыстың жалпы өңірлік өнімінің 7,8 пайызын құрап отыр. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 100,2 пайыз өсіммен Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарынан кейін 5-орынға шықты. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, алаңдарды ұлғайту бағытында жұмыс жүргізілуде, – деген аймақ басшысы облыста әлеуметтік инфрақұрылымның белсенді дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге цифрландыру, ономастика, туризм салалары бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайын тілге тиек етті.
    Келесі кезекте облыстық мәслихаттың дін, тілдер, этносаралық қатынастар және ішкі саясат мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлтан Нұрдәулетов пен Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев құрылтайда басым бағыт ретінде аталып, көңіл бөлініп, аса мән берілген мәселелер төңірегінде сөз қозғап, маңызды бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
    Жиынды қорытындылаған Мәлік Нұржанұлы Ұлттық құрылтайдағы ел Президентінің бағдарламалық баяндамасының идеологиямызды айқындап, ішкі саясатта қандай бағыт-бағдар ұстанатынымызды нақты белгілейтін мемлекеттік маңызы бар құжат екенін баса айтты.
    – Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларды жүзеге асыру туралы 53 тармақтан тұратын жоспарға қол қойды. Себебі берілген тапсырмалар сөз жүзінде қалмай, орындалуы тиіс. Мемлекеттің өркендеуі үшін әрбір саланың дамуы маңызды. Бүгінде жаһандық геосаяси жағдай өте күрделі. Мұның бәрі дүниежүзілік саясат пен экономикаға әсер етеді. Осындай күрделі кезеңде мемлекеттік қызметкерлердің алдында мемлекетті нығайту мақсаты мен тәуелсіздікті тұғырлы ету міндеті тұр. Бұл ретте заң мен тәртіп аясында жұмыс жүргізіліп, Президенттің әрбір берген тапсырмасы, әрбір айтқан сөзі бұлжытпай орындалуы керек. Себебі оның бәрі – мемлекеттік маңызы бар құжат, – деді Президент кеңесшісі.
    Ұлттық құрылтайдағы көтерілген негізгі мәселе идеологияға қатысты болғанын, себебі онсыз атқарылған жұмыстың ешқандай мәні болмайтынын айтқан елордалық мейман қоғамның мәдениетін көтеру жайына тоқталды. Әйтпеген жағдайда заңсыздықтар орын алатынын, ал заң мен тәртіп мемлекетіміздің мызғымас тірегі екенін алға тартты.
    – Өкінішке қарай, бүгінде мем­лекеттік қызметкерлер қоғамдық мәдениетті дамытудың бастауында тұрған сөз өнері мен ұлттық әде­биетімізден алыстап кетті. Кеңестік кезеңде әрбір мемлекеттік қызметкердің қолынан кітап түспейтін. Ел Президенті кітап оқуға аса көңіл бөлетіндіктен, бұрынғы және қазіргі жазушыларды жақсы біледі. Ақпараттық технология барлық мүмкіндікті бергенімен, сапалы дайындалған, сауатты жазылған ақпарат пен сараптамалық дүниені газет-журналдан ғана оқуға болады. Мемлекеттік қызметкерлердің қағаздағы баяндаманы ежіктеп оқи алмай, микрофон алдында қарапайым сөйлемнің басын құрай алмай тұратынына куә болып жүрміз. Мұның барлығы – мемлекеттік қызметкердің беделіне нұқсан келтіретін жағдай. Мәселе газетке жазылуда емес, мәселе – сол жаздырып алған газетті оқып, сауаттылық деңгейімізді, мәдениетімізді жоғарылатуда. Сіздерге ашығын айтайын, Президент жұмысын газет оқудан бастайды. Кейбір мақалалардың астын сызып, бізге тапсырма береді. Газет дегеніміз – құжат. Өкінішке қарай, бүгінгі газеттердің жағдайы мәз емес. Газет-журналдың таралымының төмендегені – біздің мәдени деңгейіміздің төмендегені. Францияда газет-журналдардың таралымы түсіп кетпеуі үшін жылына 200 млн еуро бөлінеді. Жапонияда да мерзімді басылымдардың дәурені жүріп тұр. АҚШ-тағы газеттердің таралымы молаймаса, төмендеген жоқ. Сондықтан газет-журнал оқуға, мерзімді басылымдарды қолдауға мән беруіміз керек, – деген Мәлік Нұржанұлы Қонаев қаласында біраз оң өзгеріс орын алғанын, облыста ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында да көрсеткіштің жоғары екенін атап етті.
    ***
    ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев кезекті кездесуін Қонаев қаласының Мәдениет үйінде жалғастырды. Онда Мәлік Нұржанұлы құзырлы орган өкілдеріне Президент
    Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында айтқан идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттарын түсіндірді.
    Ең алдымен полиция департа­ментінің бастығы Мейрам Әбікеев пен төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дәурен Оразбеков баяндама жасап, салада атқарылып жатқан істерді баяндады.
    Өз кезегінде сөз алған Президент кеңесшісі Ұлттық құрылтай отыры­сының бастамасымен елімізде 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлықпен және есірткі саудасы­мен күресудің жаңа кешенді жоспары қабылданғанын айта келіп, онда белгіленген міндеттерді саралады.
    – Құрылтай – елдің мұң-мұқтажы ашық айтылып, қордаланған келелі түйткілдердің түйіні тарқатылатын, ел болашағы айқындалатын алаң. Президентіміз ұстанған бағыт – әділдік, сабақтастық және өрлеу. Бұл жаңа Қазақстанның негізгі бағыты болып есептеледі. Осы ұстаным әрбір қазақстандықтың басты қағидасы болуға тиіс. Сабақтастық – халқымыздың тарихын терең түсініп, басынан өткерген қасіретті де нәубетті кезеңдерден сабақ алып, ел амандығын, бүгінгі жетістіктерін бағалау деген сөз. Мемлекетіміздің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау үшін ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Ел боламыз десек, әр азамат өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, адал атқаруы тиіс. Сонда ғана қоғамда әділеттілік салтанат құрады, – деген Мәлік Нұржанұлы өзінің әкесі де полиция сержанты болып еңбек еткенін, олардың жұмысы қиын екенін, Мемлекет басшысы да полицияның табанды еңбегін бағалайтынын айтты.
    Сапар соңында Президент кеңесшісі ұстаздармен жүздесіп, пікір алмасты. Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында өткен басқосуда облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмалары аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Салтанат Дауысбекқызының айтуынша, бүгінде өңірде педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп, балаларды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа формалары енгізілуде, ата-аналармен және қоғамдық құрылымдармен өзара байланыс нығайып, тиімді жобалардың арқасында үшауысымды мектептер мәселесі оң шешім тауып келеді.
    Өз сөзінде Мәлік Отарбаев Мемле­кет басшысының ұстаздар еңбегін бағалайтынын айтты. Педагогтердің қоғамдағы айрықша миссиясын атап өтіп, олардың еңбегі қазіргі және келер ұрпақ үшін аса маңызды екенін жеткізді. Ол ұстаздар еліміздің адами капиталының негізін қалыптастырып жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ спикер Президент айқындаған басым бағыттарға – қоғамды цифрландыру, көлік-коммуникация саласын, энер­гетика мен ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігіне тоқталды.
    – Бүгінгі таңда әділетті Қазақстанды қалыптастыру үшін жас ұрпаққа сапалы білім беру, мемлекеттілікті, ел бірлігін сақтау – маңызды міндет, – деді Мәлік Отарбаев. Кездесу соңында ол білім беру саласының қызметкерлеріне табыс тіледі.

    ***
    Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарасай ауданына арнайы іссапармен келіп, Мемлекет басшысы
    Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жасаған баяндамасы аясында кездесулер өткізді.
    Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде облыс имамдарымен болған жиынды облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов ашып, жүргізді.
    – Өздеріңізге белгілі, биылғы 14 наурызда Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Ұлттық құрылтай институтының бірегейлігі – қоғаммен тікелей диалогты қолдауында және дамытуында, ал бұл өз кезегінде еліміздің әрбір өңірінің өсіп-өркендеу бағытын бағамдап отыруға мүмкіндік береді. Осы отырыста Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады», – деп атап өтті. Ендігі міндет – осы құрылтайда айтылған өзекті мәсе­лелерді жүзеге асыру, – деді ол өз сөзінде.
    Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке өңірдегі дін саласында қалыптасып отырған жайды баяндады. Алматы облысында Қазақстан мұсылмандар діни басқар­масына қарасты 308 мешіт бар екенін, онда 499 имам қызмет ететінін айтып, өзге де діни бірлестіктермен жасалынып жатқан істер туралы баяндады.
    Келесі болып мінберге көтерілген облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов халыққа дұрыс діни білім беру, мұсылмандық мәдениетті ұрпақ санасына сіңіру, мешіттер қызметін үйлестіру бағытында жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталып, адам­гершілік пен ізгілікті дәріптейтін Ислам дінінің құндылықтары жайында сөз қозғады.
    Осыдан кейін Қазақстан Рес­публикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев әлемде қалыптасып отырған саяси-эконо­микалық ахуалдан бастап, оның Қазақстанға тигізер ықпалы, елге тиюі мүмкін қауіп-қатерлер турасында ойларын ортаға салды. Ол сонымен қатар Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді де кеңінен сөз етіп, ең алдымен заң мен тәртіптің үстемдік құруы қажеттігін жеткізді. Сонда ғана сыртқы жаудан, ішкі даудан арыла алатынымызды айтқан Мәлік Нұржанұлы ғылым мен білімді, қоғамдық мәдениетті, зайырлы діни ұстанымдарды қалыптастыру қажеттігіне де назар аударды.
    Еліміздің өркендеп дамуы үшін ғылым мен білімнің қажеттігі қаншалық маңызды болса, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің, бұқаралық ақпарат құралдарының тигізер пайдасы туралы да пәтуалы ойлар айтылды.
    Осыдан кейін дін өкілдері сөз алып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Бұл жерде діни мәселелермен бірге қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік, саяси ахуал ортаға са­лынды. Тіпті, имамдардың жағдайын жақсарту үшін мемлекеттен жалақы тағайындалып, оларға пәтер мен үй салатын жер берілсе деген ұсыныс та айтылды.
    Мәлік Нұржанұлы қойылған сауалдардың барлығына салиқалы жауап қайтарып, мән-жайды түсіндірді.
    Осыдан кейін Қаскелең қаласын­дағы SDU-ға келген мәртебелі мейман студенттермен жолығып, аталған тақырыпта кең көлемде әңгіме өрбітті.
    Университет ректоры Әлімжан Игенбаев жиынды ашып, алғашқы сөзді джиу-джитсу мен грэпплингтен спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаровқа берді. Ол жастардың спортқа деген құлшынысы, тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып жүрген өрендер турасында сөз қозғап, Ұлттық құрылтайда қаралған мәселелердің маңызы жайында ойын ортаға салды. Келесі болып мінберге көтерілген джиу-джитсу және грэпплинг күрестерінен әлем чемпионы Любовь Темникова екі жасынан балалар үйінде өсіп, спортқа сол кезден бой ұрғанын, өзінің жетістіктері арқылы Көк Туымызды көтеру бақытына ие болғанын тебірене жеткізді. Осы тұста Любаның таза қазақ тілінде сөйлегенін де айта кеткен жөн.
    Басқосу барысында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Алтынай Жақатаева сөз алып, жастарды ғылымға тарту мәселесін қозғады.
    Дәстүр бойынша Мәлік Нұржанұлы еліміздегі және әлемде қалыптасып отырған жағдай турасында ой бөлісіп, Ұлттық құрылтайда сөз етілген жастардың алдында тұрған келелі міндеттер турасында әңгімеледі. Мұнда да жиынға қатысушы жастар өздерін толғантқан мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
    Осыдан кейін Мәлік Нұржанұлы университет ғимаратын аралап, студенттердің жасанды интеллект көмегімен, өзге де озық технология әдісімен жүзеге асырған жұмыстарымен танысты.
    Түстен кейін Долан ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген білім шаңырағына атбасын тіреген Мәлік Отарбаев алдымен жұртшылықтың қуанышына айналған оқу ошағының ішін аралап шықты. Одан соң мектептің жиынжайында облыстың мәдениет, спорт және денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесті.
    Облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов ашып, жүргізген жиында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Қуанышбек, денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләйлә Серікбаева мінберге көтеріліп, өздері басшылық ететін саланың жетістіктері мен шешімін күткен мәселелері турасында баяндады.
    Жиында Мәлік Нұржанұлы әлемдік үдерістер мен еліміздегі атқарылып жатқан ауқымды істер, тәуелсіздігіміздің тұғырын биік ету жолындағы жоба-жоспарлар жайында кең көлемде әңгімеледі.

    Айжарық КӨПТІЛЕУОВ,
    Ерзат АСЫЛ,
    Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
    «Алатау арайының»
    арнаулы тілшілері

    Ұсынымдар

    Ғылым шыңына қадам басқан жас талант

    Ғылым шыңына қадам басқан жас талант

    4 months ago
    АҒА ШАРАПАТЫ

    АҒА ШАРАПАТЫ

    10 months ago
    Алғыс арқалады

    Алғыс арқалады

    7 months ago
    Көрнекі тұлғаларға орнатылатын ескерткіштер жобасына байқау жарияланды

    Көрнекі тұлғаларға орнатылатын ескерткіштер жобасына байқау жарияланды

    2 years ago
    Әр азаматқа тең мүмкіндіктер беретін ел құрамыз – Президент

    Әр азаматқа тең мүмкіндіктер беретін ел құрамыз – Президент

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>