Осы бір қаршадай баланы көрген сайын ізеті мен ибасына, үлкенге деген құрметіне шексіз риза болып жүретінмін. «Сәлеметсіз бе?» деп тақ ете қалатын. Түріне қарап ұлтының басқа екенін аңғаратынмын. Бірақ айналасындағы дос-құрбыларымен таза қазақ тілінде сөйлесетінін байқап таңданатынмын да, қуанатынмын. Кейіннен Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы қазақ мектебінің оқушысы екенін білдім. Ұлты – орыс, есімі – Даниил.
Даниилдің әкесі Александр Ахарцов Ақтау қаласында әскери қызметте жүргенде Гүлчехра есімді арумен кездесіп, өмірлерін бір арнаға бағыттауға бел байлайды. Александр – Шонжы ауылының тумасы. Бүгінде Гүлчехра екеуі – 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Үйдің тұңғышы Даниил 2008 жылы дүниеге келген. Қарындасы Милана екеуі де қазақ мектебінің оқушылары. Ал, үйдің кенжесі де қазақ балабақшасына барады. Балаларының бәрі де бойына жеті өнерді аз көріп, спортты да, өнерді де жандарына серік еткен.
Ал біздің кейіпкеріміз Даниил 7 жасынан Ұйғыр ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде таэквондо үйірмесіне қатысып, талай турнирлар мен чемпионаттардың жүлдегері атанды. Балалар мен жа сөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған Даниил жуырда ғана Мұстафа Өзтүрік қазақ елінде негізін қалаған таэквондоның қара белбеуіне ие болып, спорт шеберлігіне кандидат атанды. Анасы Гүлчехра Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдаған, Ұйғыр ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол үйірмесінің жаттықтырушысы. Даниил анасымен бірге жаттығу залдарына барып жүріп, таэквондо спортына көңілі ауған. Оның бұл спортқа қызығушылығын әу баста анасы уақытша болар деп те ойлаған. Бірақ Даниилдің спортқа деген махаббаты күн санап күшейе берді. Республикалық турнирларда топ жарып, халықаралық жарыстарда жүлдегер атанды.
Кейінгі кездері Даниилдің Ұйғыр ауданында өтетін түрлі мәдени шараларда домбыра шертіп жүргенін де байқап қалған едік. Қазақтың қара домбырасын мәнеріне келтіре тартатының, әр күйдің күмбіріне деген аңсарын аңғармай қалу да мүмкін емес еді. Әу баста домбыра үйірмесіне тек анасының өтінішімен қатысқан екен. Анасы Гүлчехра бұл жайында былай дейді: «Бала кезден домбыра, гитара тарту арманым еді, бірақ соған уақытым жетпеді ме әлде мүмкіндігім болмады ма, әйтеуір үйрене алмадым. Нағашыларым жағынан да өнерге жақын жандар болды. «Адай» күйін қатты жақсы көрдім. Сондықтан балама «мен үшін ең болмаса осы күйді үйренші» деп өтініш айттым. «Сосын ұнамай жатса қатыспассың» деген едім. Бір ауыз сөзімді жерге тастамаған ұлым домбыра үйірмесінен табылып, «Адай» күйін үйренді. Содан өзінің де қызығу шылығы артып, домбыраны да жанына серік етті».
Даниил 15 жасында осындай шыңдарды бағындырып үлгерді. Достарының арасында да ерекше сыйлы. Тек спорт пен өнерді ғана алып жүрмей, мектепте үздік оқушы атанды. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» кітабына да Даниил туралы мақтаулы мақала шықты. Мектептегі ұстаздары да, спорттағы жаттықтырушысы да ол туралы тек көңіл қуантатын сөздер айтады. «Домбыра шертсем ерекше әсерленемін. Қандай да бір күш елітіп әкетеді. Қазақтың күйлерін тартып қана қоймай, олардың тарихымен де танысып жүрмін. Күйдің ерекше өнер, ерекше құбылыс екеніне көзім жетті», – дейді Даниил Ахарцов.
Иә, біз кейде өз қазағымыз өз өнерінен жеріп, өз тілінен безіп, өзгенің қаңсығын таңсық көріп жүргеніне қарап өкінеміз. Бірақ Даниил секілді санасы сергек азаматтарға сүйсініп, шүкірлік етеміз. Өйткені қазақтың өнерін үйреніп, дамыту арқылы Даниил өнерде шекара жоқ екенін, ол ұлтқа бөлінбейтінін дәлелдеп келеді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ұйғыр ауданы