Перейти к содержимому
Главная страница » Фермерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Фермерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Алматы облысында фермерлерге жеңілдетілген несие беруді қарастыратын «Кең дала 2» бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Аймақта бұл бағдарламаны «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жүзеге асырады.

Несиелеу бағдарламасы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын (КЕЖТЖ) жүргізуге ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға бағытталған. Жеңілдетілген қаржыландырудың мақсатты арналуы – егіс және жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толықтыру.

Несиелер 18 айға дейінгі мерзімге, жылдық 5 % жеңілдетілген мөлшерлемемен беріледі. Қарыз сомасы егістік алқаптың 1 гектарына шаққандағы шығын нормативтері негізінде жеке есептеледі.

Бағдарлама шарттарына сәйкес несие қамсыздандыру ретінде:

  • жылжымайтын мүлік;
  • немесе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қарыз сомасының 85 %-ына дейінгі кепілдігі қабылданады.

Қарызды өтеу кестесі:

  • негізгі қарыздың 50 %-ы – ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізілген жылдың 1 желтоқсанына дейін;
  • қалған 50 %-ы – келесі жылдың 20 ақпанына дейін.

Қарызды мерзімінен бұрын ішінара немесе толық өтеуге болады. Сыйақы сол мерзімдерде немесе несие комитетінің шешімімен жеке кесте бойынша төленеді.

Қарыз алушыларға мынадай талаптар қойылады:

  • аграрлық салада кемінде 3 жылдық тәжірибесі болу;
  • егістік алқаптарының болуы (меншікте, жалға алу немесе бірлесіп пайдалану шарттары бойынша);
  • соңғы 24 айда 180 күннен астам мерзімі өткен берешектің болмауы;
  • соңғы есептілік бойынша оң қаржылық нәтиже;
  • 100 % кепілзат қамтамасыздығының болуы.

Барлық қарыз қаражаты қаржыландыру жылының 1 тамызына дейін игерілуі тиіс.

«Кең дала 2» бағдарламасы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып, фермерлердің қаржылық тұрақтылығын арттыруға, өнімділікті көтеруге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.