-13 °c
Qonaev
Wednesday, May 21, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    17 жасар майдангер

    19.05.2025
    in Барлық жаңалықтар, Тарих
    17 жасар майдангер
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

              Ел басына қайғының қара бұлтын төндірген сұрапыл соғысқа аттанып, туған жері мен елі, оттан ыстық отаны үшін жанын пида еткен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Ерен ерліктері тарих парағына алтын әріппен жазылып, елге – мұра, ұрпаққа – ұран болып жалғаса беретіні анық. Солардың қатарында 17 жасында майданға кетіп, қиян-кескі ұрыстардың бел ортасынан табылған, зұлым жаумен шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлесіміз Нұрақын Аманбайұлы Саретбаев та бар екенін мақтанышпен айтқан орынды.

    1925 жылы Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында туған Нұрақын Саретбаевтың балалық шағы өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылықпен, 1941-45 жылдардағы Екінші дүние жүзілік соғыспен еншілес өрілді. Көз көргендердің айтуынша, заманы осынау қасіретті кезеңдермен тұспа-тұс келген Нұрақын бала кезінен-ақ зерек те алғыр болып өскен екен. Бүтіндей бір ауылға ақыл-парасатымен Тұрған апа атанып кеткен анасы ашаршылық кезінде жеті баласын аштан өлтірмес үшін Нарынқолдың ауқатты тұрғындары – казак-орыстардың үй қызметіне жалданып, орыстың тілін де, жазуын да жақсы меңгеріп, балаларына да соны үйрете білді. Соғыс алдында орыс тілі мен жазуына сауаттанған Нұрақын Нарынқолдағы аудандық «Қызыл шекара» газетінде әріп теруші болып жұмыс істеді.

    1942 жылдың желтоқсанында соғыстың алғашқы күнінен сұрапыл майданға аттанған Нұрақынның үлкен бауыры Батырақынның Ржев маңында Калинин майданының 22-армиясының 158-атқыштар дивизиясының құрамында басқыншылармен болған қанқұйлы шайқаста ерлікпен қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келеді. Соның артынша Ақжолтай ағасының 1942 жылы Ленинград облысы Залучинский ауданының Бяково маңындағы шайқаста ерлікпен қаза тапқаны жөніндегі хабар қоса келіп, бір шаңырақты қайғының қара бұлтымен тұмшалағаны белгілі. Екі бірдей қайғы жас жігіттің кеудесіне кек толтырып, майданға аттануына себепші болады. Нәтижесінде 17-ге енді ғана толған Нұрақын, әскери комиссариатта жасын бір жасқа үлкейте көрсетіп, 1943 жылдың 13 қаңтарында Кеген, Нарынқол  аудандарының біріккен әскери комитетінен Алматы облыстық әскери комитетінің №02/76  өкімімен құрылған №76 команда құрамында  өз еркімен соғысқа аттанады.

    1943 жыл – соғыс тарихында шешуші жеңістер мен сәтті шабуылға толы операциялар жылы болып саналады. Сталинград майданы және Курск доғасындағы жеңістер Германия мен КСРО арасындағы қақтығыстың ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғыстың да түбегейлі бетбұрыс  кезеңі болды. Бұл соғыстың бастапқы кезіндегідей жаңа келген жауынгерлерді еш дайындықсыз жаңбырша жауған оқтың астына жібере салмай, жаттығулардан өткізуге мүмкіндік туғызды. Нұрақын да Еділ әскери округінің 42-атқыштар дивизиясына қарасты 56-атқыштар полкінің №71795 әскери бөлімінде үш айлық кіші командирлер мектебінен тиісті оқу-жаттығу дайындығынан өтіп, кіші сержант шенін алады. Осы жерде комсомол қатарына қабылданады.

    Нұрақын Саретбаев өзінің майдан өтіндегі жауынгерлік жорығын 1943 жылы мамырда Воронеж майданының құрамында, ал 18 шілдеден бастап Дала майданының құрамындағы 69-армияның 263-армиялық қосалқы атқыштар полкінің құрамында жалғастырды. Аталған полктің құрамында Харьков шабуыл және қорғаныс операцияларына, Курск шайқасына, Днепр үшін болған шайқастарға қатысады. 1943 жылдың қыркүйегінен бастап 69-армия құрамындағы 236-армиялық қосалқы атқыштар полкімен Жоғары Бас қолбасшы ставкасының резервінде болады. Бұлардың полкі 1944 жылдың сәуір айында Белорусь майданына қосылады. Осыған дейін қаруластарын ұрысқа бастап, талай ерлік көрсеткен Нұрақын 1-Белорусь майданына қарасты 117-атқыштар дивизиясының 820-атқыштар полкіндегі 2-атқыштар  бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Осы полктің құрамында Минск шабуыл операциясына қатысады. 1944 жылы «Багратион» атауымен Белоруссияның стратегиялық операциясының негізгі кезеңдерінің біріне айналған бұл шараның мақсаты «Центр» неміс армия тобын талқандау және Белорусь жерін фашистік басқыншылардан толықтай азат ету еді.

    Әрі қарай Батыс Украинаны азат етіп, Польша аумағына кіру және Люблин-Брест шабуыл операциясына қатысады. 1944 жылғы шілде айындағы кескілескен ұрыста кіші сержант Н.Саретбаевтың қарамағындағы жауынгерлер Турийск селосына таяу 191,1 биіктігін алуда асқан ерлік көрсетеді. Ұрыс барысында бөлімше жау бекіністерін басып алады. Осы шайқаста жаудың бірнеше сарбазының көзін жойған Нұрақын 820-атқыштар полкінің командирі, майор Корчагиннің бұйрығымен «II дәрежелі Даңқ орденіне» ұсынылады.

    Нұрақын құрамында болған 1-Белорусь майданының әскерлері жауынгерлік жорықтарын ары қарай жалғастырады. Магнушев, Пулава аудандары маңындағы Висла өзенінен өтіп, жаудың шебін басып алады. Польшаның астанасы Варшаваға жақындап, Люблин, Пулава, Лодзь қалаларын азат етеді. Висла өзенінен өту арқылы жаудың шабуылдарын тойтарудағы көрсеткен ерлігі үшін Н.Саретбаев 820-атқыштар полкының командирі, подполковник Парамоновтың 1944 жылғы 9 тамыздағы бұйрығымен «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады.

    Н.Саретбаев құрамында болған майдан әскерлері 1945 жылғы 14 қаңтар-23 ақпан аралығында Варшава-Познань шабуыл операциясын жүргізеді. Бұл операция Висла-Одер операциясының бір бөлігі еді. Осы шабуыл барысында 1945 жылғы 23 ақпанда Познань қаласы жаудан босатылады. Жалпы ені 34 шақырым болатын бірнеше учаскелерде шабуылды үдеткен 1-Белорусь майданының әскерлері оны 500 шақырымға ұзартып, Польшаның бүкіл батыс бөлігін жаудан тазартады. Фашистік Германия астанасы Берлинге дейін 100 шақырымнан да аз қашықтық қалған еді.

    1945 жылғы 26 қаңтарда Познань маңындағы Зегже елдімекеніндегі шайқастарда атқыштар бөлімшесіне басшылық етіп, өзін батыл әрі білікті командир ретінде көрсетеді. Жаяу әскерді бас көтертпей оқ бүркіп тұрған пулеметтің үнін өшіріп, жауынгерлердің алға жылжуына жол ашады. Тапсырманы сәтті орындай отырып, өзі де жараланады. Шешуші шайқастағы ерлігі үшін Нұрақын 1945 жылы 6 сәуірде «III дәрежелі Даңқ орденіне» ұсынылады.

    Әрі қарай ол туралы еш хабар-ошар жоқ. Деректерде ол тек жарақат алды деп қана жазылған. Одан арғысы белгісіз. Бұған қарағанда Нұрақын өлмеген. Өйткені, соңғы марапаттау парағында оған қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік марапат ұсынылғаны туралы жазба жоқ. Демек, ол тірі болған. Ол біздің жадымызда, болашақ ұрпақтың мәңгі есінде қала бермек…

    …Әр отбасына қасірет пен қайғы әкелген бұл зұлым соғыс та аяқталады. Бірақ Нұрақыннан хабар жоқ. Өмірінің соңына дейін, 1985 жылы дүниеден озған, оның жалғыз інісі Нұрмұхан сол Кеңес дәуіріндегі қаншама тиісті құзыретті орындардан, мұрағаттардан майданда із-түзсіз жоғалған бауырын іздестіргенімен, еш жауап таба алмады.

    «Ізденген жетер мұратқа» демекші, іздеуді Нұрмұханның балалары мен немерелері жалғастырып, ақыры «Халық жады» («Память народа») – Отан қорғауда қаза тапқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі тарапынан құрылған мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы Саретбаев Нұрақынның Ұлы Отан соғысындағы ерліктері жайлы деректерді табады.

    Жан-жақты зерттеу мен тексерулерден өткеннен кейін 2024 жылдың 12 наурызында Ресей Федерациясының Бас консулы Дмитрий Тураев Ресей президенті В.Путиннің қолы қойылған Нұрақын Саретбаевтың өзіне тапсырылмай қалған екі орденнің куәліктері мен оның майдан даласында өткен жолдары жайлы деректер жазылған альбомды батырдың туыстарына табыс етті (https://tass.ru/obschestvo/20209219).

    17 жасында сұрапыл соғысқа аттанып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлесіміз Нұрақын Саретбаев жайлы бүгінге жеткен деректер осындай.

      Жұмабек Тұрдиев,

      Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    Паховая грыжа: почему важно не игнорировать симптомы

    Паховая грыжа: почему важно не игнорировать симптомы

    9 months ago
    Бас прокуратура: Дауыс беру басталғаннан бері ықтимал заңбұзушылық туралы 25 өтініш түсті

    Бас прокуратура: Дауыс беру басталғаннан бері ықтимал заңбұзушылық туралы 25 өтініш түсті

    2 years ago
    АИТВ инфекциясына шалдыққандар арасында балалар да бар

    АИТВ инфекциясына шалдыққандар арасында балалар да бар

    1 year ago
    “Олқылықтан сабақ алуымыз керек”

    “Олқылықтан сабақ алуымыз керек”

    1 year ago
    Елімізде ауыл мектебі оқушылары арасында тұңғыш рет олимпиада басталды

    Елімізде ауыл мектебі оқушылары арасында тұңғыш рет олимпиада басталды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>