Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында көптеген жұмыс атқарылуда.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыру. Осы мақсатта Бақанас ауылының кіреберіс тасжолының бойына аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен қарағаш тұқымы себілді.
Акцияға аудандық мекеме-ұйым қызметкерлері және Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжінің студенттері атсалысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асқар Кәдірұлы акцияның мақсатына тоқталып өтті. Ал Бақанас орман шаруашылығының басшысы Мұрат Нұрмұханбетов орманшылардың 450 қап, яғни 4 тонна қарағаш тұқымын жинағанын, оның 350 қабы облыс орталығы Қонаев қаласына жөнелтілгенін айта келе, «Бақанас – Қонаев» тасжолының жағалауына ұзындығы 1 шақырым жерге жиналған қарағаш тұқымының себілетінін және оларды қалай жерсіңдіру керектігін түсіндірді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, акцияға атсалысқан мекеме қызметкерлері белгіленген орындарға қарағаш тұқымын сеуіп шықты. Олардың артынша Бақанас орман шаруашылығының орманшылары себілген тұқымдыққа су құйып, өз жұмыстарына кірісіп кетті. Еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қолға алынған акцияның табиғат байлығын сақтап, қоршаған ортаға деген қамқорлықты арттыруда маңызы зор.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы