Перейти к содержимому

«Масс-медиа туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауына түсті

Парламент Мәжілісінің қарауына «Масс-медиа туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат келіп түсті.

«Бұл құжаттар Үкіметтің заң жобалау жоспарына сәйкес әзірленді. «Масс-медиа туралы» заң жобасы осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Ілеспе заң жобасында үш кодекс пен 12 заңды өзгертіп, толықтыру жоспарланған. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», — деді Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов палатаның жалпы отырысында.

Биыл мамыр айында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі аталған заң жобаларына қатысты пікір білдірген еді.«Масс-медиа туралы заң журналистің құқығын айқындайды. Оның мәртебесін белгілеп, бекітеді. Біз әрине, ол заңның да жетілуіне, жүруіне министрлік ретінде көмек көрсетеміз», — деген министр.

Ал заң ғылымдарының кандидаты, Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қазыбек Дауталиев «Масс-медиа туралы» заң жобасы туралы пікірін білдіріп, аталған құжат сөз бостандығына кері әсер ететін цензуралық механизмге ұласып кетпеуі тиіс деген еді.

ҚазАқпарат