Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 111 жылдығына арналған бокстан кіші жасөспірімдер арасында республикалық турнир жалауын көтерді.
Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың ашылу салтанаты Қонаев қаласындағы «Golden beach Kapshagay» демалыс орнында өтті. Облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов бастаған елімізге белгілі спорт қайраткерлері жас боксшыларға сәттілік тіледі.
Дінмұхамед Қонаевтың ел экономикасының өркендеуіне қосқан үлесі зор. Қайраткер кеңестік кезеңнің мүмкіндіктерін осы мақсатқа ұтымды пайдалана білді. Қала құрылыстарын өркендетті. Өнер мен әдебиетке қамқорлық жасады. Отандық спорттың дамуына ықпал етті. Ұлттық бірлікті нығайтты. Айта берсек, айтулы тұлғаның елі үшін атқарған еңбектері аз емес. Осының бәрі тарихымыздың ұмытылмайтын жарқын тараулары.
– Күні кеше ғана Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері ел абыройын асқақтатты. Бұл біздің бокс мектебінің қандай дәрежеде екенін анық көрсетті. Ел мерейін үстем етіп жүрген спортшылардың алғашқы аяқ алысы осындай турнирлерден бастау алған. Халқымыздың кемеңгер тұлғасы Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған бүгінгі жарыс та болашақ чемпиондардың құтты қадамына айналсын, – деді Талғат Байеділов.
Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшанов, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мүсілімбай Дайырбеков, халықаралық Қонаев қоры президентінің кеңесшісі Дәулет Жанботаев ойларын ортаға салды.
– Дінмұхамед Қонаев адалдықтың, парасаттылықтың үлгісін көрсетті. Ешқашан адами қасиетінен айныған жоқ. Сондықтан жас ұрпақ Димаш аталарын әрқашан үлгі тұтуы қажет, – деді «Құрмет» орденінің иегері Амалбек Тшанов.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Д.Қонаев атындағы халықаралық қор қолға алған турнирге 200-ге жуық боксшы қатысады. Атап айтар болсақ, Алматы мен Шымкент қаласынан, Абай, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Түркістан және Алматы облысынан келген спортшылар қолғап түйістіреді. Сондай-ақ жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің балғын боксшылары да бақтарын сынауға арнайы келді.
Қапшағай көлінің жағасында, әсем табиғат аясында орналасқан рингте гонг соғылып, көптен күткен жарыс та басталды. Спортшылар үш күн бойы тартысты ойын өрнегін көрсетеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 12 маусымда өтеді.
Болат Мәжит,
Қонаев қаласы