Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы көпбейінді аурухана 42 мың адамға медициналық қызмет көрсетеді. Кейінгі жылдары елдімекенде халық санының күрт өсуіне байланысты аталған емдеу мекемесіне тіркелушілер саны жылына 1 мың адамға көбейіп отыр. Осыған байланысты мұндағы дәрігерлерге түсер жүктеме де арта түсті.
Ауылдық жер болғанымен, Қарғалы ауруханасына аудандық деңгейдегі мәртебе берілген. Соған сәйкес жақын маңдағы Үмбетәлі, Қасымбек ауылдарының тұрғындары да денсаулығына байланысты мұнда көптеп жүгінеді. Ондағы дәрігерлік амбулаториялар Қарғалы ауруханасына қарайды. Медициналық нысан ғимараттары ескіруіне байланысты жаңасын салу қажеттігі туындаған еді. Соған байланысты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Үмбетәлі ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысы басталды. Ал Қасымбек амбулаториясының құрылыс-жобалау құжаттары дайындалып, қажетті қаражаттың бөлінуі күтілуде.
Қарғалы ауылының аудандық ауруханасында 77 дәрігер, 212 орта буын медицина қызметкері, 68 басқа да қызметкерлер, барлығы 400-дей адам жұмыс істейді. Қазіргі ғимараты 1973 жылы салынған, ал аурухана тарихы одан арыға кетеді. Алғаш 1922 жылы шағын ғана фельдшерлік қосын болып ашылған денсаулық сақтау орны уақыт өте кеңейіп, үлкен ауруханаға айналған. Қазір мұнда терапия, жансақтау, перзентхана, зертхана, хирургия, травматология, оңалту бөлімдері заман талабына сай қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндағы дәрігерлер өз міндетін жауапкершілікпен атқаруда.
Ауруханада қазіргі заман талабына жауап беру үшін бірқатар оң өзгеріс енгізілу үстінде. Биылға терапия бөліміне эндокринология, ревматология, ал хирургия бөліміне урология профильдері бойынша лицензия алынды, яғни аталған бөлімдердің қызмет көрсету аясы кеңейе түспек. Сондай-ақ осы жылы балалар хирургиясы бөлімін ашу жоспарда бар. Онда 1-18 жас аралығындағылар жоспарлы емін алатын болады. Гинекология бөлімінде білікті мамандар еңбек етеді, онда гистераскоп аппараты орнатылмақ. Жуырда госпитальды фармация бөлімшесі ашылды.
– Мұның барлығы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың арқасы. Біз, дәрігерлер қауымы, өзімізге жүктелген жауапкершілікті жете сезіне отырып, тұрғындарға жоғары деңгейде қызмет көрсетуге міндеттіміз. Биыл стационарға ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізіп, жатып емделушілер үшін жайлы жағдай жасадық. Науқас адам өзін жаңа ауруханада емделіп шыққандай сезінуі керек. Бұл да денсаулығына оң әсер етері анық. Халыққа қажетті қызмет көрсетіп, елдің алдында абыройлы, ақ жүзді болсақ дейміз, – дейді Қарғалы ауылының көпбейінді аудандық ауруханасының директоры Асқар Қалиев.
Серік Сатыбалдиев
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы