Алматы облысы «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыруға белсенді түрде кірісіп, қоғамдағы экологиялық сананың жоғары деңгейін және өңірдің тұрақты дамуға ұмтылысын нақты көрсетті. Табиғатты қорғау мұнда жеке жауапкершілік шеңберінен шығып, мыңдаған тұрғынды біріктірген қуатты халықтық қозғалысқа айналды.
Жыл басынан бері «Таза қала» акциясы аясында 33 мыңнан астам облыс тұрғыны – оқушылар, студенттер, еңбек ұжымдарының өкілдері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер – санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарына қатысты. Нәтижесінде 1,5 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 750 ағаш отырғызылды. Бұл жасыл желектер өңірдің жаңартылған экожүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.
Жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуде. «Болашақты бірге егеміз» атты қосалқы акцияға 280 мыңнан астам оқушы қатысты. Олар13 келі ағаш тұқымын сеуіп, тек қана ағаш еккен жоқ – экологиялық жауапкершілікке негізделген болашақтың іргетасын қалады.
Жалпыұлттық ағаш отырғызу күні мен «Таза кәсіп – таза аймақ» бастамасы аясында облыста 74 кәсіпорынның қолдауымен 4 434 көшет отырғызылды, оның ішінде 1 200-ден астам ағаш – бизнес өкілдерінің күшімен егілді. Сонымен қатар, 50 тонна қоқыс жиналды. Бұл – корпоративтік сектордың экологиялық жауапкершілікті нақты іспен дәлелдеген айқын мысалы.
«Таза аймақ» акциясына ұлттық парктердің қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Олар табиғи аумақтар мен оларға жақын елді мекендерден 6,2 тонна қоқыс жинады.
«Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 519 адам бұлақ көздерін тазалап, 3 тоннадан астам қоқыс шығарды. Бұл жұмыстар табиғи су көздерінің экологиялық жағдайын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
«Таза жағалау» акциясы да жоғары деңгейде өтті. 280-нен астам адам Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалау аумақтарын қоқыстан тазартып, 26 тонна қалдықты шығарды. Осы жұмыстың нәтижесінде бұл аумақтар қайтадан қауіпсіз әрі экотуризмге қолайлы орынға айналды.
215,4 мың адам экологиялық іс-шараларға қатысты (2024 ж. – 760,7 мың адам)
8,8 мың кәсіпорын мен ұйым бастаманы қолдады
6,3 мың тонна қалдық жиналды (2024 ж. – 28,1 мың тонна)
76,7 мың көшет пен 14 мың кг ағаш тұқымы егілді
2,2 мың арнайы техника жұмылдырылды
Тазартылған нысандар:
- 3 000 көпқабатты тұрғын үй ауласы
- 55 саябақ пен сквер
- 723 тарихи және мәдени ескерткіш
- 1 000 әлеуметтік нысан
Алматы облысындағы экологиялық бастамалар – бір реттік акциялар емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі және кешенді жұмыстың бір бөлігі. Тұрғындардың, әлеуметтік құрылымдар мен бизнестің кеңінен қатысуы өңірге тұрақты болашаққа сенімді қадам басуға мүмкіндік береді. Мұнда табиғатқа қамқорлық – өмір салтына айналған құндылық.