Биылғы жылдың 15 маусымы – Қаскелең қаласының тұрғыны, жоғары санатты акушер Мәдина Оспанова үшін ұмытылмастай болды. Ол сол күні кәсіби шеберлігінің арқасында 18 жастағы жігіттің өмірін сақтап қалды.
Мәдина отбасымен Алакөл жағасында демалып жатқан. Осы кезде олардың қасына бір бала жүгіріп келіп: «Көмектесіңіздер, ағамның досы суға батып кетті», – деп жанұшыра айқайлайды. Мәдина Тоқтарқызы жедел түрде көмекке адамдарды шақыра бастайды. Кейін анықталғандай, 18 жастағы Стас Клаповты судан алып шығуға сол жерде өз шаруаларымен жүрген жылдам әрекет ету арнайы жасағының қызметкері, Бекзат есімді жігіт көмектескен. Оның жақсы физикалық дайындығы суға батқан адамды жағаға алып шығуға септігін тигізеді. Одан кейінгі құтқару ісіне Мәдина Тоқтарқызы кіріседі. Медициналық қызметкер ретінде ол жүрек пен тыныс алу тоқтаған жағдайда адамның өмірін сақтау үшін жасалатын шұғыл медициналық шараларды жүргізе бастайды.
– Алдымен денесін етбетінен жатқызып, ішіндегі судың бір бөлігі сыртқа шығуы үшін әрекет жасадық, – дейді Мәдина Тоқтарқызы. – Содан кейін өмірлік маңызды ағзаларға оттегі мен қан айналымын қамтамасыз ету үшін мен жүрекке жанама массаж бен ауыз арқылы жасалатын жасанды тыныс алуды алмастырып істедім. Төртінші-бесінші әрекеттен кейін Стастың денесі көгерген күйден қызғылт тарта бастады. Қалған реанимациялық шаралар алдымен «Жедел жәрдем» көлігінде, кейін ауруханада жалғасты. Осылайша, Жаратушының қалауымен және көптеген адамдардың көмегімен жігіт өмірге қайта оралды.
Айта кету керек, әңгімеміздің кейіпкері Мәдина Тоқтарқызы Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қаспан ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Алматыдағы медициналық колледжін «Акушерлік іс» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2000-2020 жылдар аралығында туған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда еңбек еткен. 2020 жылы жолдасы Мұрат Байдәулетовпен бірге Қаскелең қаласына қоныс аударған. Содан бері «Жанұя Жұмабек Мед» медициналық орталығында акушер болып жұмыс істеп келеді.
– Сол күні Стасқа көмектесіп, оның өмірін сақтап қалғаныма өте қуаныштымын. Бұл жерде былтыр аккредитация алдында жүрек-өкпе реанимациясы бойынша білімімізді жаңартқан курс өз пайдасын тигізді. Сонда алған білімім шынайы өмірде кәдеге асты, – дейді Мәдина Тоқтарқызы.
Стас пен оның ата-анасы, сондай-ақ таныстары, ішінде тәлімгері Айман Үтепова да бар, Бекзат пен Мадина Тоқтарқызына жігіттің өмірін сақтап қалғаны үшін шын жүректен алғыс айтады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




