Қыстың көбесі сөгілгенде қазақстандықтардың жыл сайынғы маусымдық уайымы басталатыны баршамызға белгілі. Жыл сайынғы Төтенше жағдай министрлігінің алдын ала таратқан болжамдарына қарасаң, су басу аймағында қалу қаупі төніп тұрған елдімекендер саны да көңілді құлазытып жатады. Алайда, жазық жерде орналасқан, тасқындап су келер арқыраған өзені жоқ болса да, «күн жаумай су болып отырған» сондай көптеген ауылдардың бірі – Жалғамыс ауылы. Алматы облысының Талғар ауданына қарайды. Жері жазаң болса да, халқының көктем шықса, жаңбыр жауса – жағдайы мазаң. Неге?
Өйткені, ауыл көшелері жасалмаған, ең болмаса, тас төселмеген. Күз бен көктем маусымдары басталды дегенше, жақсылап нөсерлетіп жаңбыр төкті дегенше, кішігірім Венецияға айналып шыға келеді. Ауылдық округ әкімі халықпен өткізетін есеп беру кездесуінде де, ауыл тұрғындарының талабы бойынша өтетін мәжбүрлі жиналыста да «Менің қолымда не тұр? Берісі – ауданға, қалаберді – облысқа арыз жазыңдар, сұраңдар, талап етіңдерден» әріге аспайды. «Қол жинап, арыз жазсаңдар, автобус та бөлдіртем, жолға қаражат та бөлдіртем, тағысын тағы» деген уәделерінен халық шаршап бітті. Өйткені, ауыл әкімі уәде бергенмен, құзіретіне сай келмейтін мәселелер шаш-етектен. Бұл үшін ауыл әкімін айыптау да қиын.
Көктем кезінде әлі көбесі сөгіле қоймаған тоңнан жерге сіңбей, жинала жайылып ауыл көшелерін басқан су ауыл халқының, балалардың табанынан сыз болып қана өтпейді, ол сыздың салдары да салмақты. Денсаулық деп аталады. Сонымен қатар, күн жылына келе көктемгі батпақ қосылғанда, күнде кір жуумен кететін шы ғындарды тізбелеп көріңіз. Әрі ол кездегі батпақтың да жылы болмайтыны бесенеден белгілі. Оған күн сайынғы су шығыны, кір жуғыш ұнтақ пен сабынды қосыңыз. Тозған жүйке туралы жақ ашпай-ақ қоя тұралық. Бұлардың барлығы аз десеңіз, мектепке батпақтап-шалшықтап, лай кешіп келген балаларға мектепте ұстаздар да, жұмсартып айтсақ, ренжиді: «мынадай балшық киіммен неге келесің?» деп. Ауыл көшелеріне әзірге алдымен ірі балласт, қиыршықты-тасты қоспа, тасты-құмды қоспа төсеп, орнықтырып алу, содан соң асфальт төсеу керек. Әбден ашынған халық «тегі, айнадай ғып асфальт төсемесе де, жүріп-тұрғанымызда толарсақтан саз кешпестей етіп, осы айтылып отырған қоспа-құмдарын жайып, таптап берсе екен» дейді. «Айғайлай айғайлай қасқырдан да ұят болды» дегендей, тұрғындар «соның өзіне разы болар едік» дегенді айтып отыр.
Жыл басында, ақпанның 16-сы күні Жалғамыс ауылы құрамына кіретін Қайнар ауылдық округының әкімі Нұрболат Манапбаев Жалғамыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Жүздесу барысында ауыл халқының өзекті сауалдары талқыланды. Атап айтқанда, ауыл көшелерін жарықтандыру, тас, асфальт төсеу, газдандыруға қатысты, автобус бөлгізу, жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру сияқты мәселелерге қатысты жайттарға жауап қайтарды. Осыдан бір апта бұрын, ақпан айының 10-ы күні, айтылған мәселелер бойынша ауыл халқы пандемия бастала сала тоқтаған қалаға қатынайтын автобус пен маршрутты қайта қалпына келтіру туралы арыз жазып, қол жинап, облыстық әкімшілікке өткізді. Әлі күнге жауап жоқ. Газдандыру жөнінен газ ауылға келді, халықтың алды қосылып, қызығын көре бастады. Көшелерді жарықтандыратын бағаналар орнатылды. Дәл қазіргі таңда халық үшін күйіп тұрған мәселе – күн жауа кетсе кілегейлене майланып шыға келетін, көктемде күн жылына сала бірнеше көшені бірақ жайлап, көлшік-көлшік болып жататын ауылдың ішкі көшелеріне тас төгу.
Әрине, халықтың алдымен көретіні және жиі кездесетіні ауылдық округ әкімі болғандықтан, бар ренішін соған арнайтыны сөзсіз. Дей тұрғанмен, бұл мәселенің берісі аудан, әрісі облыс әкімдігінің бұйрық-пәрменімен шешімін табары да анық жайт.
Ауыл көшесіне ең құрығанда тас төсеп беруді сұраған халықтың хатына Алматы облыстық прокуратурасынан: «Биылғы жылға Жалғамыс ауылындағы жолдарды жөндеуді сұраған арыздар қабылданды. Қазіргі таңда қаражаттың бөлінуі күтіліп отыр. Жөндеу жұмыстары ақшаның бөлінуіне қарай жүзеге асырылатын болады», – деген жауап келгелі де қыс бітіп, көктем өтіп, міне, жаз да келді. Ал ауыл көшелері ойқы-шойқы күйінде. Халық та бір жағынан бау-бақша үшін жаңбыр тілесе, сол тілеумен бірге «қап, жауын жауса, жолдың да миы шығады-ау» деп іші қалтырайды. «Былай тарсаң, арба сынады, олай тартсаң өгіз өледі». Күту үшін жаралған халықпыз ғой. Күтеміз.
Бейбіт МЕКЕЕВ,
Талғар ауданы