Мемлекет назарынан тыс болудың қандай қиын екенін құжатсыз қалған қандастарымыздың жанайқайы айғақтай түскендей. Атажұртын аңсап жеткен жандардың Тәуелсіз елде өмірге келген перзенттері өздеріне тиесілі құқықтарын пайдалан алмай жүр. Өйткені, жаңа туған сәбилерге туу туралы куәлік берілмеген. Жаутаңдаған жас бөбектер қазір тегін медициналық көмек те ала алмайды. Себебі, құжаты жоқтың құқығы да жоққа тән. Бұған дейін бірқатар БАҚ құралдары Еңбекшіқазақ ауданының Шелек өңіріндегі қандастардың ел азаматтығын ала алмай әуре-сарсаңға түскенін сөз еткен еді. Біз де өңіріміздегі осынау өзекті мәселеге зер салып көрдік.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында тұратын 400-ге жуық қандасымыз Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Тіпті, олардың кейбірінің қолдағы уақытша құжаттарының мерзімі аяқталса, тағы бір парасының өзіне тиеселі Қытай Халық Республикасы (ҚХР) паспортындағы шектеулі виза мерзімі өтіп кеткен екен. Алаш елінің төлқұжаты арманына айналған ағайын басылымға бүкпесіз әңгіме тиегін ағытты.
– Жыл басында туысқан төрт адам Шелек ауылында көші-қон бөліміндегі Дәулет Қожанов есімді қызметкерге тиісті құжаттарымызды тапсырған едік. Амандық болса, үш айдан кейін Қазақстан азаматтығын аламыз деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмады. Жақында ғана құжаттарымыздың әлі қабылданбағанын, базаға тіркелмегеніне көз жеткіздік. Қазір тек жеке сәйкестендірілген нөмеріміз ғана бар. Бірақ онымен жұмысқа тұра алмаймыз және тұрақты мүлік те сатып ала алмаймыз. Қайталап азаматтық алуға құжат тапсырар едік, бірақ қолымыздағы ҚХР паспортындағы виза мерзімі әлдеқашан аяқталған. Қытайдан небір қиындықтарды еңсеріп, атамекенге әзер жетіп едік, енді шегінерге жолымыз жоқ, – дейді Бейсембек есімді азамат.
Мәселенің мәніне үңілер болсақ, ондағы қандастарымыздың сөзінше, біраз жылдан бері Шелек ауылындағы көші-қон бөлімшесінде жұмыс істеп келген Дәулет есімді инспектор қызметтегі кемшіліктеріне байланысты былтыр көктемде жұмысынан кетіпті. Сөйтіп, оның орнына тағайындалған Жігер есімді азамат жұмыс тәжірибесінің жеткіліксіздігін айтып, экс-инспекторды қайта құзырлы орынға шақырған көрінеді. Ал Дәулет 136 отбасының құжатын қабылдап алып, «азаматтықты әне-міне аласыздар» деп сөзбұйдаға салып келген. Сөйтсе, қандастарымыздың тапсырған құжатының көбі, жоғарыда айтқанымыздай, көші-қон базасына тіркелмепті.
Қандас ағайын Шелек ауылындағы көші-қон бөлімшесінің жылдар бойы өз жұмысына тым атүсті қарап келгенін жасырмады. «Осыдан алты ай бұрын өткізген құжаттарым тиісті құзырлы органдарға жолданбай қалыпты. Сол себепті құжаттарымды қайтадан Есік қаласындағы аудандық Ішкі істер басқармасының көші-қон бөліміне тапсырдым. Олар жақында ғана базаға тіркелгенімді айтты. Енді үш айда азаматтық аламын деп отырмын. Шелек ауылындағы көші-қон бөлімшесіне өткізген кей адамдардың құжаты дер кезінде қаралмай, шаң басып жатыпты. Соның салдарынан олардың азаматтық алуы кейінге ысырыла берген сияқты», – дейді Еркінқожа Тоқайұлы. Демек, аталған бөлімше қызметкерлері кейде құқықтық нормативтерге де құлақ аспай келген деген сөз. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңның 16-1-бабына сәйкес, тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде тұрақты тұратын қандастар жеңiлдетiлген тiркеу тәртiбiмен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданатыны айтылған. Сонымен қоса, «ҚР азаматтығына қабылдау бойынша өтінішхаттарды (өтініштерді) қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларының 2-тараудың 11-тармағына сәйкес, жергілікті ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, Ішкі істер министрлігінде және басқа да мемлекеттік органдарының өтінішхатты (өтінішті) қарау мерзімі осы органдардың әрқайсысында бір айдан, ал жалпы алғанда – алты айдан аспауы тиіс» – делінген. Біз тілдескен жандардың кейбірі ҚР азаматтығына қабылдау бойынша берілген өтінішхаттарына жылдар бойы оңды жауап берілмей келгендігін сөз етті. Құжатынан құралақан қалған ағайындардың жағдайымен етене таныс «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бәдигүл Қажыбекқызы Дәулет Қожановтың заң бойынша қазір ол құзырлы органда жұмыс істемейтінін, ал мәселенің шешімі күрделі екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, кейбір қандастарымыздың визасының уақыты әлдеқашан өтіп кеткен, көші-қон заңнамасы бойынша, паспортында виза бар кезде ғана азаматтыққа өтініш бере алады. Сол үшін бұл күрделі сұрақтың күрмеуін шешу оңайға соқпасы анық.
«Дәулет Қожанов осы уақытқа дейін Шелек ауылының көші-қон қызметін өз мүддесіне пайдаланып келді. Қазіргі басшы Жігер деген жігіт 4 жыл бойы қабылданған құжатты білмейтінін айтады. Енді біздің алаңдайтынымыз – жүздеген адамның тағдырына саятын осы іс аяқсыз қала ма деп қорқамыз. Нақты жағдайға зер салсақ, құжатсыз қалған қандастардың құқығы қорғалмай, олар тек ақша жасайтын сауда көзі болғанын ғана білеміз. Бізге әлі де құқықтық және ақпараттық қолдау керек», – дейді Бәдигүл Қажыбекқызы.
Көк паспортты көксеген жандар бүгінде көптеген кедергілерге тап болғандарын жеткізді. Бірінің дәрігерлер көмегіне мұқтаж қарт анасы ем ала алмай қиналса, енді бірінің қаршадай баласының балабақша табалдырығын аттауы мұңға айналыпты. Тек күмәні мол сұрақтың, көзден таса қалып бара жатқан тағдырлар жайлы журналистердің дабыл қағуы олардың көңіліне жаңа үміттің отын жаққандай.
Бұған дейін Алматы облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Эльмурат Нұрсеитов аталған факт бойынша істің мән-жайын жан-жақты, мұқият тексеру мақсатында нақты бұйрық негізінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын айтқан еді. «Қазір Шелек ауылында тұратын шетел азаматтарының ел азаматтығын алуға, тұрақты тұруға берген өтініштері дер кезінде тіркеліп жатыр. Ал құжатын ала алмай жүрген азматтардың мәселесін Алматы облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы бақылауға алды», – дейді Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон қызметі бөлімінің басшысы Талғат Қарибаев. Жаттың жарылқамасын біліп, туған жеріне табан тіреген қаракөздеріміздің хал-жағдайы біздің көңілімізді де алаңдатып қойды. «Елге ел қосылса – құт» демекші, «елім, жерім» деп атажұртты аңсап жеткен ағайынның осында орнығып, тамыр жаюына қолдау көрсету бәріміздің парызымыз екенін ұмытпағанымыз жөн.
Ерзат АСЫЛ,
Еңбекшіқазақ ауданы