Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгін Қонаев қаласында өтіп жатқан брифингте айтты.
“Былтырдан бастап біз саяжай тұрғындарының мәселелерімен жүйелі түрде айналыса бастадық. Мысалы, 20 жылда алғаш рет елді мекендердің бас жоспарларына түзету жүргізіліп жатыр, оған сәйкес 270 саяжай алабы елді мекен санатына қосылады”, – деді әкім.
Алматы агломерациясы аймағындағы күрделі мәселелердің бірі – саяжай алаптары. Елді мекен мәртебесі берілмегендіктен мұнда тұратын халыққа жол, ауызсу, газ тарту, мектеп салу сияқты мәселелер өзекті. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Алматы агломерациясы аймағында 674 саяжай алабында 183 мың адам тұрады.
Бұған дейін Алматы облысына сапарлап келген сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов саяжай мәселесін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша шешуді ұсынған.
“Бұл аумақтарда халық тұрақты қоныстанған. Сондықтан облыстың кешенді жоспарына бұл мәселені енгізу қажет. Сонымен қатар қала құрылысы жобаларын қайта қарастыру керек. Өйткені, елді мекенге қосу кезінде тұрғындар міндетті түрде жері үшін өтемақы сұрайды. Саяжайлардың мәселесін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы да шешуге болады», – деген Алтай Көлгінов.