Еңбекшіл елі, ырысты жері бар Кеген ауданының халқы ежелден атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысып келеді. Малға ең басты керегі – жем-шөп. Осыған орай «Қыстың қамын жаз ойла» дегенді басты назарда ұстайтын тасашылық шаруалар шөп шабу науқанын бастап кетті. Біз де жұмыс барысымен танысу мақсатында шабындық басындағы шаруашылықты аралап қайттық. Сапарымыз Тасашы ауылдық округіне қарасты Сарыкөл елдімекеніндегі «Нұрғанат» шаруа қожалығынан басталды.
Отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған Нұрғанат Мамытақыновтың айтуынша, шаруа қожалығы 2017 жылы құрылған. Ол бүгінде шаруашылықты кеңейтуді, мал басын арттыруды жоспарлап отыр.
Шілденің шіліңгірінде шапқан шөптерін жинап, тасып алу қамында жүрген кәсіп иелерінің ауызбіршілігі бірден байқалады. Олай деуімізге шабындық басындағы ағалы-інілі адамдардың тынымсыз еңбегі дәлел. Таңмен таласа тұрып, ерте еңбекке араласқан олардың бірі тракторға жайғасып шөп шауып жүрсе, енді бірі шабылған шөптен орама дайындау үстінде. Шабындық басында Нұрғанат пен інісі Нұрлан екі трактормен жұмыс жасап, дайын бауланған шөпті «ЮМЗ-6» техникасы тасып жатыр.
– Шілденің 10-ы күні шабындыққа шалғы түсірдік. Былтыр осы 40 га шабындық жерден 85 дана бауланған шөп алдық. Биыл бұйырса, мөлшермен 100 орамнан аса алуды жоспарлап отырмыз. Бір буылған шөп орта есеппен 250-280 келіні тартады. Қазір қожалыққа қарасты «Дардамты» жерін шабудамыз. Шөптің түсімі былтырғы жылмен салыстырғанда жаман емес. Ауа райы қолайлы болса, бұл шабындықты бір аптада аяқтап, ары қарай жұмысымызды «Темірлі сайда» жалғастырамыз, – деді шаруа қожалығының иесі Нұрғанат Мамытақынов. Шабындық жерлерінен мол өнім алуды көздеген бұл қожалық өздерінен артылған шөпті сатылымға шығаруды да жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда ауданда малды толыққанды азықпен қамтамасыз ету және мал қыстауын ойдағыдай өткізу үшін жұмыстар атқарылуда. Ол үшін шөп, пішендеме, сүрлем, құнарлы жем дайындалу үстінде. Әр ауылда мал азығын жинайтын комбайн және шөп шабатын машина қызмет көрсетуде. Бұлар қажетті азық мөлшерін жинауды қамтамасыз етеді.
Қатты жем-шөптерді дайындауды қыркүйектің орта тұсында, ору науқанын қараша айына дейін аяқтау жоспарлануда. Осыған орай шаруалар үшін жауапты кезең саналатын шөп шабу науқаны қыза түскен.
– Биылғы шөп құнарлы әрі қалың. Оған жауын-шашынның көп түсуі себеп болды. Ендігі мақсат – шөпті дер уақытында шауып, жинап үлгеру, – дейді шаруалар.
Алты ай қысты басынан өткеретін таулықтар үшін жаздың әр күнін тиімді пайдалану маңызды. Өйткені, «Жаздың бір күні жылға азық» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
