Қарасай ауданындағы егін шаруашылықтарында астық жинау жұмысы қарқын алған. Биылғы орақтың да жаман болмайтыны қазірдің өзінде көрініп тұр. Әсіресе, бидай мен арпа сынды дәнді дақылдар жоғары өнімділік беруде.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаевтың айтуынша, өңір бойынша арпаға – 7924,2 гектар, бидайға – 1535,8 гектар, дәндік жүгеріге – 1025 гектар, сүрлемге арналған жүгеріге – 200 гектар, ал басқа да дәнді дақылдарға 239 гектар жер бөлінген. Астық жинау жұмысына барлығы 32 комбайн жұмылдырылған. Сонымен қатар, ауданның машина-трактор паркіндегі тракторлар саны 367 бірлікті құрайды. Жанар-жағармайға қажеттілік толықтай қамтамасыз етілген.
– Мемлекеттік субсидиялар қарасайлық диқандар үшін үлкен көмек, – деп атап өтті Сырым Ақылжанұлы. – Олар тыңайтқыштар, гербицидтер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алуға бөлінді. Мәселен, көктемгі егіс науқаны аясында ауылшаруашылық тауар өндірушілерін 6100 тонна көлемінде минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жоспарланған болатын, оның ішінде 450 тоннасы субсидиялануға жатты. Бұл жоспар толықтай орындалды. Ұмтыл, Елтай, Бірінші май, Жамбыл және Райымбек ауылдық округтерінің шаруашылықтары 4150 тонна амиак селитрасы мен 1950 тонна аммофос алды. Салыстырар болсақ, 2024 жылы 5200 тонна тыңайтқыш сатып алынған болатын.
Аудандағы ірі астық шаруашылықтарының бірі – «Жетісу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Бұл кооператив «элиталық тұқым шаруашылығы» мәртебесіне ие, яғни ол түпнұсқа тұқымдардан алынған және белгілі бір сапа стандарттарына сәйкес келетін ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымын өндіру және сату ісімен айналысады.
Кооперативтің жалпы жер көлемі – 3337 гектар, оның 1000 гектары жайылымдық жерлер. Қалған жерлердің ішінде 700 гектар – күздік бидайға, 150 гектар – күздік арпаға, 400 гектар – жаздық арпаға, 350 гектар – көпжылдық шөптерге, 100 гектар – сүрлемге арналған жүгеріге бөлінген. Сонымен қатар, 50 гектардан дәндік жүгері, арпа мен жоңышқаға арнайы алқаптар берілген.
Айта кетерлігі, «Жетісу» кооперативінде «JOHN DEERE» және «Енисей» маркалы екі заманауи үлкен комбайн, жаңа «КамАЗ» және 28 трактор, сондай-ақ дән сепкіштер, культиваторлар, шөп тайлағыштар бар. Шаруашылық астық жинау кезінде аса қажет болған дән тазалайтын машина да сатып алған.
Сырым Ақылжанұлы сонымен қатар аудан көлемінде 3866,4 гектар жерде картоп, ал 2746,4 гектар жерде көкөніс дақылдары өсірілетінін айтты. Бұған қоса, ауданда жалпы көлемі 32,5 гектарды құрайтын алты жылыжай жұмыс істейді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы