Перейти к содержимому
Главная страница » «JASYL EL» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

«JASYL EL» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Құдырет Ғабитов пен бас мердігер саналатын «FIRST DECORATION» ЖШС басшысы Димаш Қамбаров облыс көлемінде «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының қызметін ұйымдастыру барысы жайында хабардар етті. 

– 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында экологиялық, әлеуметтік және азаматтық бастамаларды тоғыстыра отырып жүзеге асырылатын жобаның мақсаты – өңір жастарын еңбекке тарту, олардың бойында табиғатқа деген жауапкершілік, туған өлкені көркейтуге деген ынта, қоғамдық белсенділік және патриоттық сезімді қалыптастыру. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін төмендету, жастарды маусымдық жұмыспен қамту және әлеуметтік осал топ өкілдерін қолдау көзделіп отыр. Жоба аясында тамыз айында 900, қыркүйекте 100 көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жұмыссыз және NEET санатындағы жастар, колледж бен ЖОО студенттері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар маусымдық жұмыспен қамтылады. Жалпы контингенттің кемінде 20 пайызын әлеуметтік осал топтар құрайды. Еңбекке тартылғандармен жасалатын келісімшарттар жас ерекшеліктеріне қарай реттеліп, еңбек нормалары мен заң талаптарына толық сәйкестендіріледі. Ұйымдастыру үшін жергілікті бюджет есебінен 150 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қосылған құн салығы шегерілгеннен кейін жобаға нақты бағытталатын сома – 133,9 миллион теңге. Қаржыландыру облыстық жастар ресурстық орталығы арқылы жүзеге асырылады. Жобаны мемлекеттік сатып алу нәтижесі бойынша жеңіп алған ұйым – «FIRST DECORATION» ЖШС, – деген Құдырет Кәкімұлы барлық қаражат заңнама талаптарына сәйкес келісімшарттық және бухгалтерлік құжаттармен негізделе отырып, ашық түрде игерілетінін, шаралар бойынша мазмұндық және шығармашылық есептер тиісті форматта әзірленетінін айтты.

Баяндамашының айтуынша, жоба шеңберінде ардагерлер мен әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетуге бағытындағы «Өнегелі ұрпақ», 21 аумақты қамтитын «Таза өлке», көгалдандырыру мен көшет отырғызуға арналған «Жасыл аймақ», 11 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы абаттандырылатын «Киелі мекен», су көздерінің айналасы тазалаланатын «Мөлдір бұлақ», өңір бойынша кемінде 25 сенбілік ұйымдастырылатын «Тазалық тынысы» акциялары жүзеге асырылады. Сонымен бірге граффити және заңсыз жарнамаға қарсы шаралар өткізіледі.

Жобаның орындалу барысын ұйымдастыру үшін облыс орталығында арнайы жобалық штаб құрылып, оның құрамына жоба жетекшісі, заңгер-бухгалтер және екі маман кірген. 3 ай бойы толыққанды жұмыс істейтін штаб аудан-қалалармен тікелей байланыс орната отырып, мониторинг, бақылау, есеп және логистиканы қамтамасыз етеді.

Келесі кезекте сөз алған Димаш Қамбаров «JASYL EL» жобасы аясында жоспар бойынша тамызда 900, қыркүйекте 100 адамға арнайы брендттелген формалар беріліп, тазалық жұмысына қажетті барлық құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп, айына әр жұмысшыға 85 000 теңге көлемінде жалақы төленетінін жеткізді.

– Аудан, қалада жұмысқа қабылданушы, «FIRST DECORATION» ЖШС, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері арасында үшжақты келісімшарт жасалсалса, ауылдық окургтерде жұмысқа қабылданушы, «FIRST DECORATION» ЖШС, ауылдық округ әкімдігі арасында жасалады. Ауылдық округте тазалықты талап ететін орындарды әкімдіктер, аудан, қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері жақсы білетіндіктен, жұмысшыларға нысан беруші мекеме ретінде қарастырылған. Сондықтан үшжақты келісімшарт жасалмақ. Жобаға қатысушы жастар мен жұмысқа қабылдаушы тарап арасында еңбек шарты жасалатын болады. Аталмыш шарт бойынша «JASYL EL» еңбек жасақтарына 14-15 жас аралығындағы қатысушылар ата-анасының қолхатымен, ата-анасымен жасалатын келісімшарт арқылы жұмысқа қабылданады. Олар аптасына 5 күн сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін 4 сағат жұмыс істейді. 15-16 жас аралығындағы қатысушыларға да дәл сондай құжат рәсімделеді. Бірақ жұмыс уақыты 6 сағат болады. 18 жасқа толғандардың өздерімен тікелей келісімшарт жасалады. Жұмыс уақыты 8 сағат. Жұмысшы жастарға қойылатын уақыт мерзімдері Еңбек кодексіне сәйкес бөлінген. Жалақы сомасы барлық жас аралығында 85000 теңгені құрайды. Ал жалақыдан ұсталатын алым-салықтар ҚР заңнамалары аясында жұмысшыдан да, компаниядан да ұсталатын болады, – деді мердігер мекеме басшысы.

Жобаның салтанатты ашылу және жабылу, сондай-ақ үздік жасақшыларды марапаттау рәсімі өткізіледі.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ