Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылдық округінде «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Тазалық жұмыстарына 150-ге жуық адам – партия мүшелері, мәслихат депутаттары, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты. Шараға 10 арнайы техника жұмылдырылды.
Нәтижесінде 4 гектар аумақ күл-қоқыстан тазартылып, шамамен 3 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигонға жеткізілді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы ретке келтіріліп, ағаштарға күтім жасалып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Аудандық партия филиалының төрағасы Алмасбек Сәтібаевтың айтуынша, биыл Іле ауданында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері 20 мыңнан астам тұрғын сенбіліктерге қатысып, 1 200 тонна тұрмыстық қалдық жиналған. Сондай-ақ, 5 543 түп ағаш көшеті отырғызылып, 38 саябақ пен сквер, 83 тарихи-мәдени ескерткіш және бірқатар әлеуметтік нысан тұрмыстық қалдықтан тазартылған.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін барлық аудан орталықтары мен Қонаев қаласында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін толық жою қарастырылған.
Онымен қоса, өңірде полигон және кешенді қоқыс тиеу мен сұрыптау төрт алаңы салынбақ. Сондай-ақ барлық ауылдарда қоқысты бөлек сұрыптауға және құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған кемінде 1 мың контейнер орнатылады.