Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті бір Жолдауында: «Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деген еді. Расында адал еңбек етіп, ұрпағына адал ас ішкізген адамның қашанда айы оңынан туып, күні жарық болмақ.
Халқымыздың «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөзі рас. Шеңгелді ауылында өзінің еселі еңбегімен елге сыйлы болып жүрген әрі кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Ерік Байғараев. Ол дала төсін дәнге, қорасын малға толтырып, еңбек етіп келеді. Бүгінде шаруақор азамат бауырларымен бірге 70 гектар жерді игеріп, түрлі өнім алуда. Мал азығы да өздерінен. Асыл тұқымды қой бағып, қомақты табыс табуда.
– Біз тағамдық жүгері өсіреміз. Қонаевтағы тәтті таяқшалар шығаратын «АЯМ» зауытымен келісімшартқа отырғанбыз. Яғни, өнім шетке кетпейді, өзімізде өсіріліп, өңделіп, нарыққа шығарылады. Қазір күзгі науқан жүріп жатыр. Гектарына 12 тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз,– дейді Ерік Байғараев.
«Нан болса – ән болады» деген нақылдың бәсі әр кезде де биік болып қала бермек. Ал дастарқанға қойылар нанның негізі дән еккен шаруалардың егіс алқаптарында қаланатыны анық. Сондықтан да бұл саланың өміршеңдігі өзгеше. Оның үстіне тер төккен адамға қара жердің иіп берер игілігі көл-көсір. Осы бір адал еңбектің ырыздығын сезінген Ерік ағамыз шаруашылығын шалқыта түсуге белін бекем байлап отырғанын да айтып қалды.
«Алдағы уақытта егістік аумағын 150 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Ол үшін Шеңгелдіде шаруаларға қолайлы жағдай жасалған. Су да кедергісіз берілуде, субсидияны да алып жатырмыз. Биыл өнім өте жақсы шықты. Келер жылы осы көрсеткішті жоғарылатсақ деген ниетіміз бар», – дейді ол.
Адал еңбек етіп, жердің ырысын пайдаланып отырған шаруаның жұмысы – «Жұмысшы мамандықтары жылының» жарқын үлгісі. Шеңгелдіде өсірілген жүгері бүгінде отандық өнімге айналып, қазақстандық тұтынушыларға ұсынылуда.
Ерзат АСЫЛ
Шеңгелді ауылы,
Қонаев қаласы
