Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Оңтүстік Корея мемлекетінің делегациясын қабылдады. Аймақ басшысы екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан бергі 30 жыл ішінде достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық дамығанын атап өтті. Екі елдің басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аудара отырып, өзекті жаһандық және өңірлік проблемаларды үнемі қарастырып отыратынын тілге тиек етті.
-2 ай бұрын Алматы облысы делегациясының Чолла-Пукто провинциясына сапары кезінде көрсеткен қонақжайлылығыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздің делегацияңыздың біздің аймаққа сапары да табысты әрі жемісті болатынына сенімдімін. Оңтүстік Кореяны ең еңбекқор ел ретінде білеміз,-деген Марат Елеусізұлы облыс пен Қонаев қаласы жөнінде мол мағлұмат берді. Сонымен бірге барлық салалар бойынша ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүмкіндік мол екенін, әсіресе, облыс халқының 84 пайызы ауылдық жерде тұратынын, ұқсас өңірлер тарапынан болашақта ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жұмыстар атқаруға басымдық берілетінін айтты.
Өз кезегінде Чолла-пукто провинциясының халықаралық қатынастар жөніндегі елшісі Риу Чанг Со жарқын жүзбен қарсы алғаны үшін облыс басшысына алғысын білдіріп осы жолы провинция губернаторы Ким Хван Ённың келгісі келгенімен, сәті түспегенін айта келе, іссапардың мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, зобалаң жылдары Қазақстанға жер аударылған корейлер ұрпақтарының бүгінде осы мемлекеттің толыққанды азаматы ретінде ғұмыр кешіп жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
Оңтүстік Корея делегациясының келесі кездесуі Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өтті. Басқосуға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ақсақалдар мен аналар кеңесінің, этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов Оңтүстік Корея елінің мәдени кешінің жуырда облыс орталығы болғанына 1 жыл толған Қонаев қаласының тарихи оқиғаларының біріне айналатынын және өңірдің туристік, мәдени, бизнес, инвестиция тарту салаларының дамуы мен тәжірибе алмасу арқылы өркендеуіне өз септігін тигізетінін жеткізді.
Бүгінде Алматы агломеациясында Samsung, Hyundai, Lotte және тағы басқа көптеген кореялық компаниялар жұмыс істейді. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан. Осы тәжірибемен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Өзара байланысымыз мұнымен шектеліп қалмайды. Алға қойған мақсатымыз – келешекте Чолло-Пукто өңірі мен Алматы облысы арасында стратегиялық ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелерін қарастыратын бауырластық орнату туралы меморандумға қол жеткізу, – деп аяқтады өз сөзін туризм басқармасының басшысы.
Одан кейін Чолла-пукто провинциясының халықаралық қатынастар жөніндегі елшісі Риу Чанг Со сөз алып, бүгінгі шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткені үшін риясыз алғысын жеткізді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ