Хәкім Абайдан алғанымыз аз емес, аларымыз әлі де көп. Қазіргі рухани тартыста Абайдың ұстанымын айшықтау өзімізге бағдар болары анық. Руханиятты іздейміз деп діннің де парша-паршасын шығармадық па?! Сондағы талпынып жүргеніміз адамшылыққа ұмтылу ма, әлде Құдайдың ризашылығы ма? Барлығы да ізгілік жолынан өтпей ме?!
Абай айтқандай, «адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Олай болса, өзге жаратылыс иелерінен адамды ерекшелеп тұратын қасиет те адамның адамшылығы десек, қателеспейміз. Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін жақсы үлгі-өнеге бар», – делінеді. Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде де: «Ізгілік, жақсылық дегеніміз – көркем мінез-құлық, ал жамандық болса, адамның арын мазалайтын нәрселер», – деп жазылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланғаны баршаға белгілі. Онда әрбір адам баласы Абай әлеміне бойлай отырып, жарқын болашаққа бағдар жасауы жайлы айтылады. Абай мұраларының кеңінен насихатталуы, Абай шығармалары мен идеясының ұрпақ санасында қайта жаңғыруы құптарлық жағдай. Абай өз еңбектерінде ұлтының келешегін ойлап, кемшілігі мен артықшылығын адам бойындағы теріс қылықтар мен жақсы әдеттерді ашық көрсете отырып талдаулар жасайды, адамзатты оқуға, білімге шақырып, ұлттық құндылықтарды көркем тілмен, өлеңмен өрнектейді.
Абай шығармаларының басты тақырыбы – руханият, дін, кемелділік, ар-иман. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» дегендей, Абай өмірінің соңына дейін адамның адамгершілігі мен кемелдігі туралы тағылымға толы жазба қалдырып, жырлап өткен. Ал адам қалай кемелденбек? Оның да жауабын Абай шығармаларынан табамыз. Абай көңілдің кірін қашыру, жүректің көзін ашу, Хақтың сәулесін түсіру деген ұғымдарды көп пайдаланады. Бұлар қандай ұғымдар?
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес, – дегенде ынталы жүрекке пенде қалай жетпек?
Міне, бұл – Абай ілімінің іргетасы. Себебі, бес күндік дүниенің сауық-сайранын емес, екі дүниенің бақытын көздеу қарапайым адамдардың қолынан келмейді. Оның үстіне, пендешіліктен арылған адам ғана адамзаттың бәрін бауырым деп сүймек! Демек, Абай – кемел адам. Ал кемел адам үшін дүниенің мәні мен мағынасы – иманда. «Әрбір ақылды адамға иман парыз. Ал әрбір иманды адамға ғибадат парыз» дегенде де ақын осы мәселені басты назарға алып отыр. Неге десеңіз, иман – «бір жарық нұр». Ол кірген жерін жарқыратып, дүниенің мәні мен мағынасын ұғынуға көмектеседі. Сондықтан да: «Мүмин болсаң, алдымен иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол», – деп айтып кеткен.
Абай шығармаларында «адамдықтың қарызы үшін еңбек қылудың» маңызы туралы кеңінен сөз болады. Имандылық тек жатыпішерлік, тоғышарлық емес. Ішкі жан дүниенің тазалығы үшін иманды құлшылықпен, тағатпен, Абайша айтқанда, ғибадатпен көмкеру керек. Әйтпесе, әлсіз иман жаман достың, үмітсіз замандастың, нәпсі мен шайтаның азғыруына шыдас беріп, қарсы тұра алмайды. Яғни, адал кәсіп, біреуге жәутеңдемей, еңбек қылу – Алланың сүйікті құлы болудың жолы. Ал Аллаға сүйікті құл болған адамның жүрегінде кір бола ма? Хақтың сәулесі түскен жерде қараңғылық қала ма? Жүректің көзі ашылмауы мүмкін бе? Әрине, жоқ.
Бірақ бұл айтылғандар сөз жүзінде болса, бес тиынға пайдасы жоқ. Амал қылып, пайдаға асыру керек. Имандылықты басынан кешірмеген адамның иманға шақыруы, кемелділік жолына түспеген адамның кемелділікке шақыруы – «өзі шошқа, өзгені ит деп ойлардан» басқа ештеңе емес. Ондай адамның сөзі қонымсыз келеді. Жасандылық пен жағымпаздық, жұрттың көзіне иманды болып көріну сияқты теріс әрекеттер де осындай Абай мұрасынан алыс, рухани байлығы таяз адамдардан көрініс табады. Ендеше, ата дінімізді берік ұстанайық десек, алдымен Абайдан алыстамауды, Абай шығармаларын түсініп оқуды үйренейік!
Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ,
дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты