Қазақстан Парламентінің Мәжілісі бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты таныстырған Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембиновтің айтуынша, елімізде 30 млн гектар жайылым жер тапшы. Одан өзге, ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің 90 пайызға жуығы шектен тыс пайдаланылуына байланысты тозып кеткен. Ал 2017 жылы қабылданған «Жайылымдар туралы» заң мақсатына толық жете алмаған. Осыған байланысты VII шақырылымдағы парламент депутаттары кейбір заңдарға жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгертіп, түзету туралы заң жобасын әзірлеген.
Жаңа жоба бойынша, дұрыс пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару тәртібі қайта қаралады.
«Қазіргі Жер кодексіне сәйкес, егер де жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеме нормасының жиырма пайызынан аз болған жағдайда, артық жайылым мемлекетке қайтарылуы тиіс. Ал, ұсынылып отырған өзгерістерге сай, жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеме нормасының елу пайызынан аз болған жағдайда, артық жайылым қайтарылуы керек. Енгізіліп отырған норма жайылымдарды тиімді пайдалануға бағытталған», – деді Сұлтан Дүйсембинов.
Оның айтуынша, Орман кодексіне сәйкес, мемлекеттік орман қорындағы жайылымдарда мал жаюға рұқсат берілген. Бірақ орман қоры жеріндегі жайылымдар туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдарға берілмейді. Осыған байланысты, заң жобасында мемлекеттік орман пайдаланушылар орман қорындағы мал жаюға рұқсат берілген жайылымдар туралы ақпаратты жыл сайын (қараша айында) аудандық атқарушы органдарға беруі туралы міндеттеме енгізілген.
Бұдан өзге, «Жайылымдар туралы» заңға «қоғамдық жайылым» туралы жаңа ұғым енгізіледі. Оған сай, қоғамдық жайылымдарға жергілікті халықтың мал жаятын жерлері және осы мақсат үшін арнайы резервке алынған жерлер жатады. Қоғамдық жайылымдарды басқа мақсатта пайдалануға немесе оларды алуға заңды түрде тыйым салынады.
Сонымен қатар, «қоғамдық жайылым» көлемін ұлғайту мақсатында, ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Қазірге кезде аталған жерлер аудандық атқарушы органның құзыретінде. Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және Жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету.
Жайылым жерлерді пайдалану туралы жоспар мерзімі де өзгеріп, енді 5-жылға арналып жасалады. Қазіргі кезде, жайылым жоспарлары ұзақ мерзімді (2-жылға дейін) және қысқа мерзімді (1-жылға дейін) тәртіпте құрылады. Заң жобасында сондай-ақ жайылымдарды қорғау, оларды қалпына келтіру туралы жаңа баптар енгізіліп отыр.
ҚазАқпарат