Талғар өңірінің бірегей тамаша табиғаты заманауи ауылшаруашылық кәсіпорындарымен бірге, агротуризмді дамытуға мол мүмкіндік береді. Осы орайда облыстық туризм басқармасының ұйытқы болуымен журналистер үшін баспасөз сапары ұйымдастырылды.
Түрлі басылым мен телеарналардың тілшілері алдын ала белгіленген жоспар бойынша Панфилов ауылында орналасқан әйгілі «Green Eco» жылыжай кешеніне экскурсия жасады. Оларды жылыжай директоры Роман Шнайдерман мен маркетинг-директор Екатерина Кармышева қарсы алды. Кешен басшылары жылыжайдың қызметі мен мұнда соңғы кездері жақсы дамып келе жатқан агроауылдық туризм бағыты туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Роман Шнайдерманның айтуынша, 2016 жылы салынған жылыжай бүгінгі таңда тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда жалғыз ірі және заманауи жылыжай болып саналады. Нысан көкөніс және сәндік бұталарды өнеркәсіптік өсіру бағытында жұмыс істейді. Оның үстіне 30 түрдегі көк, дәмді салаттық шөптер конвейерлік гидропоника жүйесі бойынша құмыраларда өсіріледі. Кешеннің жалпы аумағы 1,5 гектар, өсірілетін өнім көлемі жылына 6 млн бұта. Өндіріс толық автоматтандырылған және тұқымның өсу аймағынан бастап қаптамадағы соңғы өнімге дейін толық циклді қамтиды.
Компания өнімдері супермаркеттер, дүкендер мен мейрамханалардың сөрелеріне балғын күйінде жеткізілуі тиіс ультра-фреш жүйесі бойынша жұмыс істейді. Осы мақсатта мұнда барлық өндірістік тізбек: тасымалдау, логистика, соңғы тұтынушыға дейін жеткізу қарастырылған. Жылыжайда 130 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдер Алматы қаласы мен облысына, сондай-ақ Астана, Қарағанды және Ақмола облыстары сияқты аймақтарға да таратылады. Басқаша айтқанда, компанияның еліміз аумағында шамамен 600 сауда нүктесі (500 супермаркет және 100 мейрамхана) бар. Директордың айтуынша, компания өз қызметіне қатысты ашық саясат жүргізіп, салауатты өмір салтын насихаттайды, өндіріс технологиясымен таныстырады, салауатты тамақтану стратегиясын қолдана отырып, егжей-тегжейлі және танымдық экскурсиялар ұйымдастырады.
– Көкөніс түріндегі өнімге қазақстандықтардың сұранысы артты, өйткені ол халықтың денсаулығы үшін өте пайдалы тірі органикалық өнім. Көптеген тұтынушы жылыжайдың өзінен өнім алуды қалайды, – деді Роман Григорьевич. Ол Жапониядан әкелінген «Камацуна» деп аталатын ең тапшы сорттың (жапон шпинаты) Қазақстанда да тамыр жайып, отандастарымыздың сұранысына ие болғанын мысалға келтірді.
Одан кейін экскурсияны Екатерина Кармышева жалғастырып, гид ретінде қонақтарға жылыжайдың жұмысы туралы айтып берді. Оны аралау алдында журналистерге тұқым өсіру аймағын көру ұсынылды. Мұнда 100% ылғалдылық және 19 градус температурада иненің көзіндей ұрыққа жасалған жағдайдың арқасында оның кішігірім сабаққа дейін өсуіне мүмкіндік беріледі. Тек содан кейін ғана 2 млн дана нәзік көкшөп өндірілген құмыралар жылыжай конвейеріне түседі, онда 30 күн бойы өсімдіктер біртіндеп өседі.
Маркетинг-директордың түсіндіруінше, жылыжай ақылды үй қағидаты бойынша жұмыс істейді. Барлық процесс автоматтандырылған және тұқым өсіру үшін қажетті параметрлер (ауа баптау, тамшылатып суару) енгізілген. Сондай-ақ қосымша жарықтандыру, толық климат-бақылау, басқарылатын газ ортасы, санитариялық нормаларды сақтау белгіленген. Әрбір 10 күнде барлық өнім тексеруден өтіп, жаңа фитокарантиндік сертификат алады.
Бұдан соң кешен иелері қонақтарды күніне 30 мың данаға дейін өнім буып-түйілетін салқын цехтың жұмысымен таныстырды. Орау және буып-түю тәсілі жасыл желектің экологиялық тазалығын сақтауға және ұзақ тасымалдауға толық мүмкіндік береді.
Экскурсияның екінші бөлігі көгалдандыру мен абаттандыруға арналған сәндік бұталарды өсіру процесін көрсетіп, егжей-тегжейлі түсіндіруге арналды. Журналистерге «Лукоморье маңында» деп аталатын, аумағы 14 гектар тәлімбақ таныстырылды, онда түрлі декоративті бұталар өсірілетін 12 алаң бар. Қонақтар сәулетшілердің қолымен жасалған жақсы көңіл-күй мүсіндерін тамашалады. Компанияда Роман Шнайдерманның басшылығымен сәулет бюросы мен осындай мүсіндермен айналысатын шығармашылық топ құрылыпты.
Одан кейін экскурсия жетекшісі аналық қалемшеден бастап, ересек өсімдіктерге дейін бұталар өсірілетін көрме бағын көрсетті. Бұл өсімдіктердің барлығы ландшафтық дизайн ретінде қалаларды көгалдандыру және абаттандыру үшін өсіріледі екен. Экскурсия аяқталған соң журналистер Екатерина Кармышеваны сұхбатқа тартты. Ол агротуризмнің артықшылықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, компания агротуризмнің негізін қалаушы және бастамашысы болып саналады, себебі мұнда түрлі санаттағы адамдар үшін үнемі экскурсиялар ұйымдастырылады.
– Бізге қазірге дейін 9 елден 3 мыңнан астам турист келді, олардың ең ең үлкені – 80 жастан асқан. Туристердің құрамы да әртүрлі – оқушылар, студенттер, туристік агенттіктердің өкілдері, өнімді көруге, өндіріспен танысуға ғана емес, өсімдіктерді өсірумен айналысқысы келетіндер. Оның үстіне бұл жерде экскурсиялар 50 адамнан тұратын топтар үшін де, жеке тұлғалар үшін де ақылы. Мұнда өсімдікті қолмен отырғызумен айналысқан балалар да болған. Басқаша айтқанда, табиғатта толыққанды демалудан басқа, олардың әрқайсысы өмірден үлкен сабақ алады, еңбекті бағалауды және бизнес ұйымдастыруды үйренеді, – дейді Екатерина.
Тілшілер аралап көрген екінші туристік нысан – Талғар қаласындағы Набережная көшесінде орналасқан форель шаруашылығы. Мұнда 4 гектар аумақта отбасылық және балалар демалысы орталығы орналасқан. Журналистерді шаруашылық иесі Сымбат Әліманова қарсы алды. Оның айтуынан білгеніміз, бұл кәсіпкерлік нысан 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Оның негізін қалаушы Сымбаттың қайын атасы – Сәбит Әліманов екен. Ол бастапқыда қоқыс төгіліп, қараусыз қалған 4 гектар жер телімін сатып алып, мейрамхана салуды ұйғарады. Бастапқыда бос жатқан жерде екі ғимарат – мейрамхана және анимациялық аймағы мен ойын автоматтары бар балалар алаңы бой көтереді. Одан бергі 15 жылдан аса уақыт ішінде нысан отбасылық демалыс және балалардың ойын-сауық орталығына айналады. Шын мәнінде бұл – отбасылық бизнес.
Әрине қиындықтар да болған. 2014 жылы Талғарда су тасқыны орын алып, одан нысан қатты зардап шегеді. Тіпті қайта салуға тура келеді. Осылайша жаңа заманауи орталық – форель балығынан дәмді ас дайындайтын мейрамхана, панорамалық көріністі және 24 нөмірлі қонақ үй, ұлттық стильдегі төрт киіз үйі бар этноауыл пайда болады. Мейрамхананың фирмалық тағамы саналатын форель қонақтарға майда қуырылған және гриль түрінде беріледі. Балықты шаруашылықтың өзі өсіреді, мұнда осы «патша балығын» өсіретін тоғандар және екі бассейн бар.
Кәсіп иелерінің айтуынша, олар уылдырықты Польшадан, азықты Франциядан алады, өсірудің инкубациялық кезеңі 40 күнді құрайды. Содан соң шабақтарды салмақ санаты бойынша бассейндерге бөледі. Уылдырықтан 500 грамдық форель өсіп шығуы үшін 9 айдан 12 айға дейін уақыт кетеді. Соған қарамастан бұл жерден жылына 200 мың балық өсіріледі.
Мейрамхананың жазғы алаңдағы жайлы залында қонақтарға балықтың тіршілік ету үдерісін жан-жақты сипаттаған бейнеүзінді көрсетілді.
Осылайша екі агротуристік нысанды аралап, көп мағлұматқа қаныққан тілшілер қауымы түс ауа Еңбекшіқазақ ауданындағы Әймен ауылында орналасқан «Фауна» түйеқұс фермасына жол тарттық. Бұл да өңірдегі агротуристер көп келетін орын. Соның айғағы ретінде күннің шыжғырған ыстығына қарамай, бес-алты отбасы балаларымен бірге аяғы – тырнаға, мойыны – керікке ұқсайтын ұзын дәу тауықтарды тамашалап жүргенін көрдік.
Ферманың бас тауық бағушысы Махинур Тохтахунованың айтуынша, бұл ферманы 1990 жылдардың басында қазақстандық атом физикасымен айналысатын белгілі ғалым Австралиядан 30 түйеқұс балапанын әкеліп, зерттеу алаңы ретінде ұйымдастырған. Себебі аптасына басатын бұл құс жұмыртқасының онкологиялық ауруларға қарсы емдік қасиеті бар көрінеді. Кейін 2006 жылдан бастап ол кәсіпкерлік нысаны ретінде жұмыс істей бастаған. Бір жастан асқан түйеқұстың салмағы 125-130 келі тартатын болса, 1 келі етінің бағасы 15 мың теңге тұрады екен. Соған қарай күтіп баптау да қомақты қаржыны талап ететін көрінеді.
– Әрине, әр бас құстың азығы үшін күніне 20 мың теңгеден артық ақша жұмсау кім үшін де оңай емес, бірақ біздің шаруашылықта 300 гектардан аса егістік жер бар. Онда біз бидай, жүгері, таңқурай, алма, жалпы бұл құсқа азық үшін қажет басқа да жемістер өсіреміз. Сіздер: «Сонда бұл шығындар өзін ақтай ма?» – деп таңқалуыңыз мүмкін. Әрине, ақтайды. Өйткені еті де, жұмыртқасы да өте қымбат әрі пайдалы, бір жұмыртқаны 5-6 адам жесе де тояды. Бірақ қуыруға болмайды, тек 90 минут бойы суда қайнатып пісіру қажет. Етінің дәмі күркетауықтың етіне ұқсас болғанмен, құрамы жағынан қатты ерекшеленеді. Ал жұмыртқасын 90 күн сақтауға болады, оның онкологиялық ауруы бар адамдар химиялық ем алған соң ағзадағы токсиндерді шығаруға тигізетін пайдасы өте зор. Ғалымдар мұны осы жерде тәжірибе өткізіп, әбден сынап көрген. Сондықтан сұраныс жақсы. Сол себепті де болар, осында келіп, тірі түйеқұсты өз көздерімен көріп, одан алынатын ет пен жұмыртқаның адам үшін қандай пайдасы бар екенін өз құлақтарымен есіткісі келетіндер қатары жыл өткен сайын артып келеді. Осы мақсатта ел ішінен де, шетелдерден де келетін туристер көп. Бұл – біз үшін тағы бір табыс көзі. Қазір елімізде тау туризмі, экотуризммен қатар, агротуризмді дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Демек, келешекте біздің фермаға келетіндер қатары да еселеп артады деген сөз. Соның есебінен біздің кірістеріміз де анағұрлым көбейетініне еш күмән жоқ, – дейді Махинур.
Бір әріптесіміз: «Бұл құсты еркін жіберіп бағуға болмайтын шығар?» – деп сұрады. Оған Махинур: «Жоқ. Бұл құс – өте жүйрік, қашып кетсе ұстау тым қиынға соғады», – деп түсіндірді.
Түйеқұс фермасынан кейін Есік қаласы маңындағы өндірістік алма бағын тамашаладық. Мұнда қараған көздің жауын алатын сары, қызыл, алқызыл түсті алма ағаштары осынау жеміске малынып тұр. Өнімділігі сонша, тіпті өнімін жүзім сияқты салған ба дерсің?! Бақ өсірушілер бұған қалай қол жеткізгендері, қандай сұрып, қандай технология, агротехникалық әдіс-тәсілдер қолданылатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Баспасөз сапары Қаракемер ауылындағы «Arba Wine» егіншілік мерекесі фестивалімен жалғасты. Ұйымдастырушылар тау бөктеріндегі жүзім алқабының маңында бізді жергілікті диқандар өсірген фермерлік көкөніс, деликатес, ыстық тағамдармен қарсы алды. Жан-жақтан шақырылған өнерпаздар жанды дауыста әртүрлі әндер шырқап, барлық қатысушы би билеген концерттік бағдарлама жұлдыздар жымыңдасқан ашық аспан аясында түн ортасына дейін жалғасты. Былайша айтсақ, фестиваль қонақтары мен 40-тай журналист бұл күні мазмұнды әрі мәдени демалды.
Осылайша екі ауданды аралаған журналистер онда біршама жақсы жұмыстар атқарылып жатқанының куәсі болып, аталмыш өңірлерде агротуризм әлеуетінің өте жоғары екеніне көз жеткізіп қайтты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар, Еңбекшіқазақ
аудандары