Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдің агроөнеркәсіптік нысандарына пресс-тур ұйымдастырды. Республикалық және облыстық БАҚ өкілдері алдымен Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Семиречье» тәлімбағына жиналды.
Ел экономикасындағы негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл тек қазынаға құйылатын қаржы ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігі, яғни халық денсаулығы мен өмірі үшін де мол маңызға ие үлкен сала. Сондықтан ауыл шаруашылығында қолға алынған әр жобаның талапқа сай болуы басты назарда. Дәл осы қағиданы ұстанатын «Семиречье» тәлімбағы жетекші халықаралық және ғылыми серіктестермен белсенді жұмыс істейді. Аналық материалды кәсіпорын Америка, Италия, Голландияның белгілі селекционерлерінен лицензиямен алынған өсімдіктерден өндіреді. Сондықтан мұндағы көшеттер вирус пен аурудан ада, таза. Көшет жан-жағы қоршалған жабық орында, адам бойынан биік аспалы қатарларға отырғызылған. Яғни күннің тікелей сәулесінен қорғалған. Көшет өскіндері жерге тимей кесіліп, арнайы ыдыстарға отырғызылып, жаңа көшеттер дайындалады.
Кәсіпорын жабық тамыр жүйесі технологияларын енгізіп, бүгінде жалпы ассортименттің 70 пайызын осы әдіс құрайды. Бұл өсімдіктердің жерсіну деңгейін арттырып, өндіріс тиімділігін күшейтеді. Өсімдік өнімді болуы үшін топырақ пен суға тұрақты агрохимиялық талдау жүргізіледі, автономды суару жүйесі қолданылады. Жаңа жидек алқаптарын отырғызу технологиясында жергілікті топырақ-климаттық ерекшеліктер ескеріледі. Аумағы 1,6 га болатын құлпынай тәлімбағында өсімдікті суару мен тыңайтқыш беру жүйелері толық автоматтандырылған. Үйде отырып, қолдағы смартфонмен басқарады.
Кәсіпорын 2013 жылы құрылған, ал 2018 жылдан бері 27 гектар аумақта заманауи өндірістік кешен ретінде жұмыс істейді. Негізгі бағыты – бау-бақша дақылдарының көшеттері мен жидек өнімдерін өсіру.
«Бүгінгі таңда 70-тен астам жидек сортын өсіреміз, оның ішінде 20-дан астамы – құлпынайдың түрлі сорттары. Бақша құлпынайының орташа өнімділігі – гектарына шамамен 50 тонна. Жыл сайын 1,5 миллион данаға дейін құлпынай көшетін, 300 мыңнан астам таңқурай мен қарақат көшетін өндіреміз», – дейді кәсіпорын директоры Александр Драган.
«Семиречье» – Қазақстанның жаңғақ және жидек өндірушілер мен қайта өңдеушілер қауымдастығының базалық шаруашылығы әрі инновациялық жобалардың белсенді қатысушысы. Тәлімбақ Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты мен бірлесіп, жаңа жидек сорттарын әзірлеу мен сынақтан өткізуде. Олардың ішінде Қазақстан климатына бейімделген сорттар да бар.
2017 жылдан бері кәсіпорын «Карамелька» таңқурай сортын көбейтуге лицензия алса, 2023 жылдан бастап жаңа бағыт – сәндік бұталар мен көпжылдық гүлдерді дамытуға кіріскен.
Агрокәсіпорын өңірде 200 гектардан астам жерге жидек плантациясын отырғызуға атсалысып жатқанын ерекше атап өту керек. Еуропа мен Ресейден жидектің түрлі сортын әкеліп, аймақтың табиғатына бейімдеп, көбейту нәтижесінде қазақстандық нарыққа Полька, Полана, Глен Ампл, Альба, Мурано, Сан-Андреас, Клери және басқа да сұранысқа ие сорттар шықты.
Кәсіпорын келесі жылы нарыққа құлпынайдың «Айя-София» атты жаңа сортын шығаруға дайындалып жатыр.
Елімізде агробизнес қарқын алып келе жатқанын атап өткен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов: «Семиречье» сияқты кәсіпорындар – инновация, ғылым және кәсіпкерлікті ілгерілетуге нақты үлес қоса алатынының айқын мысалы. Министрлік өз тарапынан мұндай өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастырады», – деп атап өтті.
Пресс-тур ары қарай Қорам ауылының аумағында жалғасты. Мұнда журналистер бақша шаруашылығы, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және қайта өңдеу саласында табысты еңбек етіп келе жатқан «APPLE BEE» ЖШС жұмысымен танысты. 2013 жылы құрылған кәсіпорынның жалпы аумағы – 110 гектар. Оның 78 гектарына еуропалық технологиямен өсірілетін суперинтенсивті алма бағы отырғызылған. Жайқалған бақта 400 мыңнан астам ағаш түбі, алманың Квинти, Шах, VIP, Гала, Фуджи, Гренни Смит, Хани крисп, Голден, Ред, Джеромин сынды 12 сорты өсіп тұр. Сондай-ақ абрикос пен алхоры да бар. Кәсіпорын гектарына 60-70 тонна өнім алады. Ал жылдық жалпы өнім көлемі 4000 тоннаға дейін жетеді.
«APPLE BEE» – Қазақстанда нәтижеге, сапаға және тұрақты дамуға бағытталған жоғары технологиялы агрокәсіпорындардың айқын үлгісі. Мұнда ғылым, халықаралық тәжірибе және нақты бизнес тәсілдер тоғысқанын көріп отырмыз. Мемлекет осындай жобаларды қолдауды жалғастырады. Себебі олар азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға және отандық бақша шаруашылығының экспорттық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
2016 жылдан көшет өсіре бастаған компания 2023 жылы лицензияланған элиталық көшетхана мәртебесін алып, еліміздің барлық өңіріндегі бағбандарға көшет сату нарығына шыққан. Әлемдік жетекші селекционерлермен бірлесе жұмыс істей отырып, Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген, халықаралық стандарттарға сай сапалы көшеттер өсіреді. Бүгінде көшетхана 25 гектар аумақта орналасқан. Мұнда вегетативті (клондық) телітушілердің аналық алқаптары, қалемшелік бақ және жылына 300 мыңнан 1 миллионға дейін көшет өндіруге арналған заманауи инфрақұрылым бар.
Жеміс пен көшет өсірумен қатар, компания 2022 жылдан бері қантсыз, сусыз және консервантсыз табиғи салқындатылған алма шырынын өндіреді. Жылдық өнім көлемі – 140 мың литр. Бұл алма шырындары ішкі нарықта да, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Өнімді сақтау үшін реттелетін газды ортаға ие заманауи жеміс қоймасы бар. Бұл қойма жемістердің ұзақ уақыт балғындығы мен сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
«Компанияның басты капиталы – өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар», – деген агрокәсіпорын басшысы Олжас Сыбанбаев уақыт көшінен кейін қалмай, жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтауы үшін барлық қызметкерін шетелдегі көшетхана мектептерінде кәсіби даярлықтан өткізіп тұруды әдет қылған. Көшетті отырғызу, оны күтіп-баптау, уақытылы суару мен тыңайтқышпен қоректендіру, түрлі ауру мен вирустан, зиянкестерден, құстардан қорғау, алманы жинау, өткізу, шырын дайындап, тұтынушыларға жеткізу – мұның барлығы қажырлы еңбекті талап ететін өте үлкен жұмыс. Осынау жұмысты абыроймен атқарып, ішкі нарықты қамтып, экспортқа да «Қазақстанда жасалған» деген белгімен өнім шығарып отырған отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан әрдайым қолдау болмақ.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы