Облыс әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері, тиісті мемлекеттік органдардың басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты.
Жиынды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде жер қатынастары, білім беру саласы және автомобиль жолдарының құрылысына қатысты мәселелер қаралды.
Ең алдымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Бекинов баяндама жасап, бірінші жартыжылдықтағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерін жариялады. Оның айтуынша, облыста 5 ай ішінде 23 қылмыс тіркелген. Соның ішіндегі 19-ы сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Жемқорлық бойынша 27 адам әшкереленді, 3-уі облыстық деңгейдегі басшылар.
Нұрсұлтан Бекинов ең алдымен жер саласында анықталған негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі – жер комиссияларының жұмыстары екеніне тоқталды. Жерге қатысты мәселенің барлығы аталған комиссияның қорытындысы бойынша шешілетіні анық. Бірақ, комиссия мүшелері өздеріне қатысты жұмысты тиісті деңгейде атқармауынан жер учаскелерінің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген.
– Алматы облысында жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертудің ірі фактілері Қарасай, Талғар, Іле және Жамбыл ауданында анықталды. 5,5 мың гектар жер 56000 учаскеге бөлініп, онда 30 мыңға жуық құрылыс салынып кеткен, – деді Нұрсұлтан Берікұлы.
Сондай-ақ, облыста жер саласын автоматтандыруға бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланылғаны да ашық айтылды.
– 2019 жылы елімізде Геопортал жүйесін енгізу бойынша жұмыстар басталған еді. Облыста бұл жобаға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 2019 жылдың желтоқсанында аталған Геопортал облыс әкіміне таныстырылды. Алайда, бүгінгі таңда портал толық жұмыс істемей тұр. Автоматтандырылуы жоспарланған 10 мемлекеттік қызметтің біреуі де жоқ, – деді ол.
Жиында сыбайлас жемқорлықтың білім беру саласында асқынып тұрғаны көңілге кірбің ұялатты. Педагогтар арасында біліктілігін арттыру үшін жалған санат жасатқандар көбейген. Мәселен, Балқаш ауданында 64 және Еңбекшіқазақ ауданында 291 мұғалімге берілген санаттар Ұлттық тестілеу орталығының базасында тіркелмеген болып шықты. Оларға 430 млн теңгеден астам қаражат қосымша төленіп келген. Мұғалімдерге жалақы төлеу кезінде мемлекеттік қаржыны жымқыру дерегі де азаймай тұр. Сонымен қатар, өңірде 110 адам жалған дипломдармен мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қызмет атқарып жүргені белгілі болған.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдрахманов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетовтің баяндамалары тыңдалды. Отырысты қорытындылаған облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев сыбайлас жемқорлықпен күрес баршаға жүктелетін жауапты міндет екенін тілге тиек етті. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Аудандар мен Қонаев қаласының әкімдеріне жер комиссияларының жұмысын Жер кодексінің талаптары бойынша жүргізуді, облыстық білім басқармасына бухгалтерлік қызметтің жұмысын бақылауға алып, тиісті шаралар ұйымдастыруды, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстарда жандандыруды тапсырамын.
Жауапты басқармалар осы бағыттар бойынша сыбайлас жемқорлықты жою жоспарларын әзірлеп, орындалуын қамтамасыз етуі қажет, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Болат Мәжит,
Қонаев қаласы