Жамбыл ауданы Тарғап ауылының тұсындағы кемпинг-алаңда ауқымды экологиялық бастама – «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы басталды.
Бір аптаға жалғасатын ауқымды іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді. Жобаға «Жастар рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар атсалысады. Акция қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өз сөзінде ғалымдар ондаған жылдан бері климаттың өзгеруі, су тапшылығы, ауаның ластануы, орман өрті, топырақтың құнарсыздануы сияқты экологиялық апат қаупі туралы дабыл қағып келе жатқанын атап өтті. Алайда қоршаған ортаны қорғауда тек мемлекет күшінің жеткіліксіз екені айқын, бұл – әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан «AMANAT» партиясы road-эстафета арқылы әр қазақстандықтың табиғат пен тарихи мұраны қорғауға үлес қоса алатынын, ал бірлесіп әрекет етсек, экологиялық апаттың алдын алып, елді болашақ ұрпақ үшін жасыл әрі қауіпсіз етіп сақтай алатынымызды көрсетеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз, сондықтан тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Осы сөздер біздің идеялық тұғырнамамызға айналды. Қоғамда табиғатқа, тарих пен мәдениетке, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау әдетін орнықтыру қажет. Жастардың бойына нағыз экологиялық патриотизмді сіңіріп, жауапты мінез-құлық қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз», – деді Дәулет Жамаубайұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді. Сонымен қатар «Вандализмге жол жоқ!» жобасы шеңберінде «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені, «Ақыртас» сарайы, «Бірлік» монументі және ежелгі Сауран қалашығы сияқты тарихи нысандар тазартылып, абаттандырылады. Осылайша, road-эстафета табиғатты қорғау, мәдени мұраны сақтау және экологиялық патриотизмді қалыптастыру міндеттерін тоғыстырады.
Өз тілшіміз




