[um_weather city="Қонаев"]
Дүйсенбі, Қазан 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Балалық жарақат немесе түпсанадағы таңба

    04.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Қауіпсіздік, Қоғам
    Балалық жарақат немесе түпсанадағы таңба
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

           Адам бұл дүниеге еш жері сызылмаған ақ парақтай тап-таза болып келеді. Уақыт жылжып, өмір өтіп, ақ параққа түрлі кескіндер салына бастайды. Бірінде түрлі-түсті бояумен көмкерілген әдемі сурет бейнеленсе, енді бірінде шимай-шатпаққа толы түсініксіз, кейде тіпті жан түршіктірерлік көрініс пайда болады. Ең бастысы, балалық шақта мұның бәрі адамның ерік-қалауынан тыс болып жатады. Себебі сәби ата-анасын, туған жерін өзі таңдай алмайды. Пешенесіне жазылған тағдыр мөрін арқалап, фәнидің түсініксіз дүрмегіне енеді де кетеді.

    Ал мұнда қандай әлем, қандай адамдар күтіп тұрғаны белгісіз. Бағы жанғандар ата-анасының мейірім-махаббатына қанығып, бақытты балалық шақтың бал дәміне малынып өссе, енді бірі өмірге өкпелі адамдардың қатыгездігі мен қиянатының құрбаны болады. Осы кезеңде тәні сезген әсерлер мен санасына сіңген пайым-түсінігі, жанына енген сезім иірімдері адамның терең түпсанасында таңбаланып, өшпестей із қалдырады. Мұның бәрі алдағы өмір жолының сан қилы бедеріне әсер етпей қоймайды. Психологияда мұны «балалық жарақат» деп атайды. Бүгінде әлеуметтік желіде сан мәрте көтеріліп, жауыр болып та кеткен ұғым. Ересек адамдар «Бұрын балалық жарақат дегеннің не екенін де білмей өстік. Ата-анамыз таяқпен тәрбиеледі. Соның арқасында адам болдық» деп жатады. Енді бірі «Кезінде ата-бабаларымыз жаугершілік заманда өмір сүрген, соғыс пен аштық, қуғын-сүргін көрсе де, егілген жоқ. Мынадай тыныш заманда өткен-кеткенді ақтарып, сабылудың не қажеті бар?» дейді. Әрине, адамның болмысын қатып қалған қағида шеңберіне байлап қоюдан аулақпыз. Тарихта талай азап пен нәубетті басынан өткеріп, сонда да сағы сынбаған рухы мықты адамдар өткен. Бірақ адам жанына жара салған жайттарды жоққа шығарып, елемей кетуге болмайды. Көңілдегі дерттің өлшемі әртүрлі. Кейбір жағдайда өткенге үңілмей-ақ, алға бой түзеп, әрекет етсе жетіп жатыр. Ал кейде жарақаттың терең дендегені сонша өне бойыңды құрыстырып, бас көтертпейді. Мұндай жағдайда білікті психолог не психотерапевтке жүгініп, емделу керек. Бұл мәселенің мән-жайын түсіну үшін мамандардың көмегіне жүгіндік.
    «Human Rights Lawyers» қоғамдық қоры азаматтық бастамаларды қолдау орталығының практик-психологы Жеңісгүл Хабаеваның айтуынша, бала үш жастан бастап өз бойында болып жатқан жарақатты сезе бастайды. Оны жылау, айқайлау арқылы шығаруы мүмкін. Қарым-қатынастың дұрыс болмауы, балаға көңіл бөлмей, немқұрайды қарау, ұрып-соғу, ата-ананың ажырасуы, үйдегі ұрыс-жанжал, жақын адамынан айырылу, жыныстық зорлық-зомбылық және басқа да жағдайлар адам бейсанасында сақталып қалады.
    «Кез келген жағдайда баламен ашық сөйлесу керек. Кей кезде кешірім сұрап, қателігімізді де мойындауымыз керек. Біз баланың пікірін елемейміз. Негізі олар бәрін де түсінеді. Мысалы, ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткенде бала өзін тастанды, ешкімге керек емес сезінеді. Ата-ана бір-біріне ренжіп жүргенде бала екі есе қиналады. Осыдан бала агрессияға бейім болып кетеді, қоғамнан оқшауланып, қылмысқа да баруы мүмкін. Буллингтің өзі де осыдан шығады. Біреуді итеріп кету, сөзбен тиісу, кекету, мұқату сынды жағымсыз қасиеттер пайда болады.
    Көмек сұрап келген адамдарға бірінші кезекте сұрақ қоймай, өзіне сөйлеуге мүмкіндік береміз. Аты-жөнінен бастап, қандай мәселе туындап жатқаны жайлы баяндап береді. Толығымен аяқтағанда ғана сауалдарды қоя бастаймыз. Психологтың басты міндеті – дұрыс сұрақ қоя білу және оларға ешуақытта «Мен сені түсінемін» деген сөзді айтуға болмайды. Тек ішінде жиналған агрессия, стресс, депрессиядан айығуға көмектесеміз. Оны адамдар жылап, күліп, кейде үндемей де шығаруы мүмкін. Өмірде әр адамның бір кем дүниесі болады. Жандүниесіндегі жарақат отбасынан, ағайын-туыстан немесе қоғамнан болуы мүмкін. Ал бала үшін ең қауіпсіз жер оның отбасы болу керек. Қазіргі кезде ата-аналар материалдық жағдайға көп көңіл бөліп кеткен. Өзінің кішкентай кезінде қолы жетпеген заттарды баласына беруге тырысады, бірақ ең бірінші баланың моральдық, рухани болмысына көңіл бөліну керек екенін естен шығарады. Ата-аналармен көріскенде ең бірінші олардың бала кезден қалып қойған жарақатына үңілемін. Түптеп келгенде, бәріміз бала болдық. Әркімнің ішінде өзінің кішкентай кезіндегі болмысы сақталған. Терапия кезінде баласында болып жатқан жағдай өзінің де өткен өмірінде болғанына көз жеткізген кезіміз көп болды», – деген практик-психолог өз тәжірибесінде болған оқиғамен де бөлісті.
    Орталыққа кішкентай күнінен жыныстық зорлық-зомбылық көрген қыз хабарласқан. Алғаш рет келгенде бетін тұмшалап, никаб киіп келген. Ол өзін 8-жастан 12-ге толғанша нағашысы зорлағанын, бала болса да, құзыретті органдарға хабарласып, көмек сұрағанын, бірақ бұл іс жылы жабылып қоя салғанын, оған тіпті анасы да сенбегенін айтқан. Керісінше өзін жазғырып, өтірікші, жеңілтек деп айыптаған. «Ең алдымен сөзін бөлмей тыңдадым. Ешқандай сауал қоймадым. Екінші кездесуде де тек айтқанына құлақ салдым. Себебі бұл өте ауыр жағдай. Үшінші рет келгенде ғана сұрақ қойып, терапия жасауға болатынын түсіндім. Бірақ сонда да оның бойынан қорқыныш, ұялу, не үшін айттым деп өзін кінәлі сезіну байқалды. Мұны оған білдірмедім. Осылайша біртіндеп маған деген сенімі пайда болды. Көмек сұрап келген адам саған толығымен сенгенде ғана мәселенің шешімі табылады. Кейін қыз өзінің не үшін никаб кигенін айтты. Мұны шешсем, тағы зорлыққа ұшыраймын деп тұмшалануға мәжбүр болғанын, бұл оны қорғап жүретінін жеткізді. Тәнге түскен жара адамда өмір бойы сақталады. Биологиялық жасы өскенімен, менталды тұрғыда балалық мінезі қалып қояды. Бұл жылдар бойы емдеуді қажет етеді. Мен ол қызбен екі жылдай жұмыс істедім. Қазір өзін жақсы сезінеді, бойында жігер пайда болғанын байқадым. Бұл жайтты қоғамдық қордағы заңгерлер мен қорғаушылар қайта қолға алып, зорлық көрсеткен нағашысы 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Менің міндетім – келген пациентке сенімділік беру. Бәрін ұмыт деп ешқашан айтпаймын. Себебі тән мен жанға түскен жара ұмытылмайды. Жыныстық зорлық-зомбылық көрген балалар өтірік айтпайды. Мұндай жағдайда әр сөзіне мұқият құлақ түру керек. Ешуақытта кінәлауға болмайды немесе өзінің қиянатқа ұшырағанын айтса, өтірік емес пе деп күдіктенбеген дұрыс. Бірінші кезекте тыңдай білу керек, одан кейін ғана ақ-қарасын ажыратып, шара қолдануға болады. Балаға үш жасынан бастап денесіне ешкім тиіспеу керегін үйретіп, қандай жағдай орын алса да, ата-анасына сенім арта алатынын түсіндіру керек. Оқыс жағдай болғанда 111, 102 немесе 150 деген сенім телефондары бар екенін ұғындыру – баршамыздың парызымыз.
    Баланы шектен тыс еркелетуге де бол­май­ды. Бұл кезде баланың ішкі мені қалыптаспай қалады, әрқашан өзге адамға тәуелді болып тұрады. Мен үшін бәрін ата-анам істейді деген оймен, жауапкершілікті сезінбейді. Өзімшіл болып өседі, айналасындағыларды елемейді. Қиындыққа төзе алмайды, қоғамға бейімделуі өте қиын болады. Мұндай жағдайда да жоғарыда атап өткен жағымсыз мінездер пайда болуы мүмкін. Бұл баланы жақсы көрмеу керек деген сөз емес. Тек ата-ана мен бала арасында дұрыс шекара қойылу керек», – дейді Жеңісгүл Жапарханқызы.
    Педагог-психолог Раушан Боранқұлдың айтуынша, бүгінде балаларда өзін-өзі төмен сезіну, ашушаңдық, уайымшылдық сынды психологиялық мәселелер көп кездеседі. «Жеткіншектер көбіне өз сезімін сөзбен жеткізе алмайды, сондықтан біз түрлі әдістерді қолданып, мәселені шешуге тырысамыз. Арт-терапия бала эмоциясын сурет арқылы түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы, 7-сынып оқушысымен осы әдіс арқылы жұмыс істегенімде, ол қара-қызыл өрттің суретін салды. Әңгімелесу барысында үйінде жиі ұрыс болатынын айтты. Сурет салу арқылы сезімін бейнелеп, кейін жанын қинаған жайттарды сөзбен жеткізе бастады. Ойын терапиясы да – кішкентай балалардың ішкі сезімін анықтауға көмектесетін тиімді әдіс. Тыныс алу және релаксация жаттығулары баланы тыныштандырып, эмоциясын бақылауға көмектеседі. Мұны «4-7-8» әдісі деп атаймыз. 4 секунд дем алып, 7 секунд ұстап тұрып, 8 секундта ауаны қайта шығарады. Құпия хат әдісінде жандүниесінде болып жатқан күйді қағазға жазғызамыз. Кейін ол қағазды жыртып тастайды немесе өртейді. Бұл ауыр ойдан арылуға мүмкіндік береді», – дейді маман.
    Бала шақта еленбей қалған кей жайттар уақыт өте мінезімізге, кейін тағдырымызға айналады. Әрбіріміздің жүрегімізде балалық дәуреннің ізі, кеудеде жаңғырып үні қалған. Сол дауысқа құлақ түріп, жан әлемінің терең қатпарына бойлап, өткенді саралап, өзіңді түсінгенде жандүниең тыныштық табады. Адамзат әрқашан мейірімге зәру. Ішкі болмысына үңіліп, құпиясын аша алған адам ғана бұл мейірім шуағын айналасына төге алады.

    Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

    Ұсынымдар

    Координирующая роль в регионе во многом предоставлена именно Казахстану – политолог Эдуард Полетаев

    Координирующая роль в регионе во многом предоставлена именно Казахстану – политолог Эдуард Полетаев

    2 months ago
    Ислам және дәстүр: байланысы және ықпалы

    Ислам және дәстүр: байланысы және ықпалы

    2 years ago
    Татулық пен тұрақтылық кепілі

    Татулық пен тұрақтылық кепілі

    7 months ago
    Паховая грыжа: почему важно не игнорировать симптомы

    Паховая грыжа: почему важно не игнорировать симптомы

    1 year ago
    Ойлылардың ойыны

    Ойлылардың ойыны

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>