[um_weather city="Қонаев"]
Сәрсенбі, Қазан 8, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Көкбастаудағы күйші тойы

    06.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Көкбастаудағы күйші тойы
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

         Ұлы композитор, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Жамбыл ауданында ұлан-асыр тойланды. Қазақтың маңдайына біткен дара тұлғаның мерейтойы Көкбастау жазығында ұлттық дәстүр жан-жақты көрініс тапқан шаралармен қорытындыланды. Сенбі күні 40-тан астам киіз үй мен жүзге тарта шатыр тігілген ашық аспан асты мерекелік думанға бөленіп, дала сахнасында композитордың ән-күйлері қалықтады. «Отырар сазы» оркестрінің концерті мен жүзден астам сәйгүлік желдей ескен ат жарысын шамамен 15 мыңдай көрермен тамашалады. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі өнер майталмандары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

    Құрметті қонақтар алдымен Жамбыл ауылындағы ақын музейіне атбасын тіреп, жыр алыбы Жамбыл мен осындағы Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіш-кесе­несінде аруағына Құран бағыштады. Одан кейін Көкбастау атшабарына келді. Мұнда халық көп жиналды. Таңертеңнен бері үсті-үстіне ағылып келіп жатқандарда есеп жоқ. Атшаптырым алаңда жағалай ақбоз үйлер тігіліп, бір шетте қаз-қатар шатырлар қанат жайып, саудагерлер келушілерге қызмет көрсеттіе. Әр жерде қазан көтеріліп, қонақ күтушілер дайындық қамымен жүрді. Ортада дала сахнасы орнатылып, көрермен орны сайланған. Тойға келушілер ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесін аралап көрді. Онда Жеңіскүл Дәулетова, Гүлім Ботабекова, Санжар Есенәліұлы, Әнуар Дәулетұлы, Әбдіхалық Баймағамбетов, Қоңыр мен Анаркүл Бекдайыровтар, Сәтен Райыс сияқты шеберлер өз қолдарынан шыққан бұйымдарын ұсынды. Олардың басын қосып, көрмені ұйымдастырған – белгілі шебер Дәулет Дәркембайұлы.
    Биыл – қазақ даласын сазға бөлеп, қайталанбас әуенімен тербеткен Нұрғиса жылы. Дәулескер күйші, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты жиынды жүргізушілер композитор мерейтойының елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде тойланып жатқанын, алыс-жақын шетелдерде өткен кештерге облыс әкімдігінің мұрындық болғанын жалпақ жұртқа жариялады. Күні кеше Іле ауданында ескерткіші ашылып, Мәдениет үйіне есімі берілгенін қуанышпен хабарлады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдағанын, онда Н.Тілендиевтің теңдессіз мұрасы әлі талай ұрпаққа тағылым берері сөзсіз деп атап өткенін жеткізді. Сондай-ақ еліміздің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өз құттықтауын жолдап, онда қазақ елінің біртуар ұлы Нұрғиса есімі ұлт жадында мәңгі сақталарына кәміл сенетінін білдірген. Мерейтойға сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қыздар педагогикалық университеті басшыларының құттықтаулары келіп түскені хабарланды. Ал салтанатты жиында сөз алған зиялы қауым өкілдері Нұрғиса Тілендиевтің қазақ өнерінің мәңгілік шамшырағы екеніне жан-жақты тоқталды.
    Алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев алып, былай деді: «Бүгін біз халқымыздың рухани қазынасын байытқан, ұлтымыздың маңдайына біткен дара тұлға – ұлы композитор, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған тағы бір маңызды шараға қатысып, оның мол мұрасын халқымызға паш етудеміз. Іле ауданында Нұрғиса атамыздың есімімен Мәдениет үйі ашылып, еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл – ұлы тұлғаның өнегелі өмірі мен өлмес өнерін ұрпақ санасына сіңіру, жастарды рухани құндылықтарға баулу, туған елінің мәдениетін дамыту жолында қалдырған асыл мұрасын дәріптеудің жарқын көрінісі.
    ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан мерейтой аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттауға бағыт­талған халықаралық шаралар жыл бойы жалғасуда. Облысымыздың зиялы қауым өкілдері, өнерпаздары мен қолөнер шеберлері Бейжиң, Бішкек, Мәскеу қала­ларында болып, ұлы композитордың өнерін жоғары деңгейде дәріптеп қайтты.
    Нұрғиса атамыздың әндері мен күйлері – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Оның «Өз елім», «Аққу», «Махамбет», «Ата толғауы», «Алтын дән», «Жас қазақ» сынды туындылары – ұлтымыздың рухани айнасы. Әрбір әуенінде халқымыздың тарихы мен тағдыры, қуанышы мен мұңы, арман-үміті тоғысқан. Нұрғиса Тілендиев – тек композитор ғана емес, үлкен ұйымдастырушы, ұлт руханиятының жанашыры.
    Оның бастамасымен құрылған «Отырар сазы» оркестрі – қазақ музыкасының алтын діңгегі. Бұл оркестр арқылы ұлттық күйлеріміз жаңа қырынан түлеп, әлемдік сахналарға жол тартты. Ол ұлттың үнін жаңғыртып қана қоймай, болашақ ұрпаққа мәңгілік аманат қалдырды. Қазақ өнерін сүйген ұлы перзентіміздің еңбегі халықтың жүрегінде, елдің есінде мәңгі сақталмақ. Оның асқақ туындылары жас ұрпақты отансүйгіштікке, елдік пен бірлікке тәрбиелейді. Біз осындай заңғар тұлғалардың арқасында рухымызды биіктетіп, елдігімізді асқақтатамыз.
    Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы – баршамыз үшін үлкен тарихи белес. Бұл күн – тек өнер мерекесі ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртатын, елдік мұратты дәріптейтін ерекше сәт. Осы мерейлі күні біз ұлы композитордың рухына тағзым етіп, оның мәңгілік мұрасына бас иеміз.
    Ұлы тұлғаның ғасырлық мерейтойы құтты болсын! Еліміздің еңсесі биік, өнеріміздің өрісі кең, ұрпағымыздың рухы асқақ болсын!» – деді облыс басшысы.
    Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин қазақ халқының ұлы перзенті жайындағы салиқалы пікірін ортаға салды. Қазақтың еркесі мен серкесі бола білген Нұраға жайлы толғанысты ойларын саптады. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінде сан ғасырдан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан рухани мұрасын дарынды композитор заманға сай жаңғыртып, қаншама күйге жан бітіріп, оны «Отырар сазы» оркестрі арқылы әлемдік деңгейде шығарғанын айтты. Халқына музыка, өнер дейтін ұлы кеңістіктің қаншалықты қажет екенін және оның өлмес мәңгілік қасиеті қазақ халқының рухани өмірін жаңғыртатын құбылыс екенін әлемге дәлелдегенін тілге тиек етті.
    «Біз Нұрғиса ағамыздың қасында жүріп, бүкіл болмысына тәнті болған буынның өкіліміз. Қазақ өнеріндегі орнын екі ауыз сөзбен жеткізу қиын. Өрісі соншама кең болса, халқымыздың мәңгілік өмір сүруіне жасаған еңбегі де сондай ерен. Оркестрді ұйымдастырды, оның сыртында өзінің қаншама құдіретті күйлері бар?! Өнерді бағалай білетін халықпыз. Киелі де қасиетті жерімізді қанымен, жанымен қорғап, қолынан найзасын түсірмеген Қарасай сияқты батыр бабаларымыз өткен бұл өлкеде. Халықтың абыройын жалынды жырымен қорғаған кешегі ұлы ақындар Сүйінбай мен Жамбылдың мекені мына топырақ. Ұлы Алатаудың бөктері қазаққа қаншама сайыпқыранды бергенін жақсы білеміз. Солардың бірі де бірегейі – Нұрғиса ағамыз. Талантымен, қайталанбас қарымды мінезімен артына мол мұра қалдырып кетті. Биылғы мерейтойлы жылда дүниенің төрт бұрышына қазақтың ұлы өнері насихатталып жатыр. Бейжің, Париж, Мәскеу, Бішкек, Ташкент тыңдаушылары ұлы өнері бар қазақ дейтін халықтың құдіретін Нұрғиса Тілендиев арқылы тағы бір таныды. Бұл жалғыз Тілендиевтің 100 жылдығы емес, бүкіл елдің тойы. Осындай дара талантты сыйлаған қазақ халқына басымды иіп тағзым етемін.
    Күйлерін тыңдағанда «Патша Құдай, сыйындым, Тура баста өзіңе. Жау жағадан алғанда, Жан көрінбес көзіме» дейтін Абайдың бүкіл сарыны келеді құлағымызға. «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай, Қоңыр салқын төске алмай, Тебінгі терге шірімей, Терлігі майдай ерімей, Ерлердің ісі бітер ме?» деген Махамбеттің күшін сезіндік. Оның бәрі Тілендиевтің шығармашылық құдіреті арқылы халықтың жүрегіне екінші рет сарын, музыка, саз болып жетті. Өлмес өнер жаратқан, өрісі кең қазақ дейтін халықтың біртуар ұлы перзенті – Нұрғисаның туған жерінде бабаларының аруағы, ұлы халқының қолдауының арқасында екінші өмірі басталып отыр. Өлмес өнер халқымен бірге жасасын!» – деп түйіндеді сөзін Нұрлан Мырқасымұлы.
    Одан кейін сахнада Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің мерекелік концерті басталып, күмбірлеген күй төгілді. Жиналған жұртшылық оны зор ықыласпен тамашалады. Оркестрдің бас дирижеры және көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Дінзухра Тілендиева жұртшылық ілтипатына ие болды. Оркестрдің сүйемелдеуінде белгілі эстрада жұлдыздары композитордың әндерін орындады.
    Түстен кейін Көкбастау атшабарында дүбірлі бәйге болды. Ат жарысы батақұрдан басталып, қысқа қашықтыққа 20-дан аса ат шапты. Одан бірінші болып Аққайнар ауылынан Үмбетовтер әулетінің жүйрігі келіп, бәйгеге жылқы жеңіп алды. Екінші орында Бақанас ауылынан Мерей Гарифуллиннің сәйгүлігі, үшінші орында Қарасай ауданы Тұрар ауылының аты келіп, олар да осындай сыйлық иеленді.
    Одан кейін 40 құнан 11 шақырымдық жарыс жолына шықты. Қорытындысында Жамбыл облысынан Нұрғали Жайлауов­тың Бойтұмар атты құнаны бірінші болып келді. Тараз қаласынан Бақыт Ерсұлтанның Қарагөзі екінші болып қара үзді. Павлодар облысы Баянауыл ауылынан Сәкен Кәрімовтің Шах атты жүйрігі үшінші жүлдеге ие болды. Жамбыл облысынан луговойлық Нұржігіт Табылдиев пен көкбастаулық Тастан Жанысбаев­тың қос құнаны төртінші және бесінші орындардан көрінді.
    Топ бәйгеде 42 тұлпар 17 шақырымға бауыр жаза көсілді. Бұдан Абай облысынан Нұрлан есімді атбегінің жылқысы – Қалқаман топ жарды. Екінші болып Жамбыл ауданы Жамбыл ауылынан Дүйсебек Смағұловтың Бірханымы келді, шабандозы – Төрехан Бейбарыс. Үшінші орынды Нұржігіт Табылдиевтің тағы бір жүйрігі – Найза жеңіп алды. Төртінші жүлдені Абай облысы Мақаншы ауданының, бесіншіні Жамбыл облысы Меркі ауданының ат иелері еншіледі.
    Аламан бәйгеде 43 сәйгүлік 27 шақырымға жүйткіді. 9 жарым айналым бойы құстай ұшуға тұлпардың тұлпары шыдас беріп, ақыр соңында бірі ілгері, бірі кейіндеп, кейбірі қатарласа, құйрық тістесе 7 жүйрік мәреден өтті. Сөйтіп Жетісу облысынан Марат Ақберлиновтің әйгілі Жұмыртұяғы алдына қара салмай келді. Екінші болып Жамбыл Бөбекбайдың Сарматы, үшінші орында Балқаш ауданынан Қасым Алтынбайдың Байқоңыры келді. Қырғызстаннан Шабидин Токтосартовтың Қарагері төртінші, жетісулық Алмас Ақназардың Сұңқары бесінші орынды иеленді. Алтыншы және жетінші болып қырғызстандық Ерлан Раманқұловтың Бүркіті мен Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданынан Мақанғали Қазбековтің Көкнәрі жарыс жолын аяқтады.
    Құнан мен топ бәйгенің бірінші орындарына, ал аламанның алғашқы екі орнына бәйгеге отандық және шетелдік су жаңа автокөліктер тігілді. Одан кейінгі орындарға бір жарым миллион теңгеден басталатын ақшалай сыйлықтар белгіленді. Жеңімпаздар жеңіс тұғырында салтанатты жағдайда марапатталып, жүлделерін мемлекет және қоғам қайраткерлері, аудан әкімі Нұрлан Ертас және депутаттар тапсырды. Қазақтың маңдайына біткен дара тұлғасының мерейтойын өзінің кіндік қаны тамған жерде лайықты өткізуге аймақ азаматтары ұйымшылдық танытып, демеушілік көрсетуде осылайша біркісідей атсалысты.
    Ал бұдан бір күн бұрын Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде қазақтың ұлы композиторы, Халық қаһарманы, дирижер әрі домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы даланың Нұрғисасы» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Жыр додасына еліміздің әр өңірінен және Қырғыз Республикасынан белгілі айтыскерлер келіп, өзара сөз сайысына түсті. Айтыс барысында елдік пен бірлік, тәуелсіздік пен руханият, ұлттық өнерді дәріптеу тақырыптары кеңінен жырланды. Мәдениет үйінің іші көрерменге лықа толып, орын жетпегендер тік тұрып тамашалады. Ал ине шаншар орын қалмаған көрермен залына бас сұға алмағандар фойеде орнатылған веб-экраннан көрді. Өнерсүйер қауым ақындардың суырыпсалма шеберлігіне тәнті болып, айтысты ыстық ықыласпен қабылдады.
    Қазылар алқасына Жүрсін Ерман төрағалық етсе, сөз сайысын Аманжол Әлтаев жүргізді. Алқа құрамында Ғалым Жайлыбай, Кәдірбек Құныпияұлы, Жанарбек Әшімжан, Ақан Әбдуәлі, Берік Жүсіпов сияқты арқалы ақын, ғалымдармен қатар қырғызстандық манасшы Нұрбек Талантбеков айтыскерлердің шеберлігін бағалады. Қазылардың шешімі бойынша Жетісу облысының ақыны Ұларбек Минатхан 3-орынға ие болды. Павлодар облысынан Аспанбек Шұғатайға 2-орын берілді. Қырғызстаннан келген Нұрсұлтан Малдыбаев 1-орынға лайық деп танылды. Бұлар 1-2 миллион теңге аралығында ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал айтыстың бас жүлдесін Қызылорда облысының ақыны Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алып, сүліктей автокөлікті тақымдады. Сонымен қатар айтысқа қатысқан барлық 12 ақынға ұйымдастырушылар тарапынан 400 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Бұл айтыс қазақ өнерінің биік шыңына көтерілген Нұрғиса Тілендиевтің рухани мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа ұлттық өнерді кеңінен насихаттауға бағытталған тағылымды мәдени шара болды.
    Бас жүлде иегері Мейірбек Сұлтанхан: «Ең бастысы осындай іс-шараны ұйымдастырған, өтуіне мұрындық болған ел азаматтарына, ертеңнен кешке дейін тапжылмай айтыс көрген Жамбылдың жырсүйер жұртына мың алғыс! Сүйінбайдың елі, Жамбылдың елі, ақындар мен батырлардың елі өнерді қалай құрметтеу, айтысты қалай қадірлеу керек екенін бүгін бір көрсетті деп ойлаймын», – деді.
    Қайталанбас өнер иесі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», «Аққу», «Махамбет», «Құстар қайтып барады» сынды 500-ден астам музыкалық туындысы халқымыздың рухани қазынасына айналды. Әйгілі күйші-композитордың соңғы аманаты орындалып, 1998 жылдың қазан айында артында қалған ел-жұрты ұлы перзентін көзі тірісінде өзі пір тұтқан жыр алыбы – Жамбылдың жанына жерлеген.

    Серік САТЫБАЛДИЕВ

    Жамбыл ауданы

    Ұсынымдар

    Жағажайды күтіп ұстау: кәсіпкердің міндеті қандай?

    Жағажайды күтіп ұстау: кәсіпкердің міндеті қандай?

    3 months ago
    Құрбандық құлшылығы мал шалумен ғана шектелмейді

    Құрбандық құлшылығы мал шалумен ғана шектелмейді

    2 years ago
    Ізгі жандарға құрмет

    Ізгі жандарға құрмет

    2 years ago
    Бауырдақ – қазақ фастфуды

    Бауырдақ – қазақ фастфуды

    2 years ago
    Алатау қаласында “Ұлы дала тарихы” шарасы өтті

    Алатау қаласында “Ұлы дала тарихы” шарасы өтті

    10 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>